
«Кемшілікке көп жұма қарамаймыз!..»
Атырау ауылдық округінің үш ауылы Дамбыға қосылады. Қаланың сол жақ бөлігінде жалпы аумағы 2500 шаршы метр болатын суперХҚКО ашылмақшы. Ал «ескі базар» жабылуы мүмкін. Осы және өзге де мәселелер қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында талқыланып, маңызды шешімдер қабылданды. Отырыс барысында барлығы сегіз мәселе қаралған болатын.
Үш ауыл Дамбыға қосылады
Қала әкімі аппаратының басшысы Айбек Қадыралиевтің айтуынша, Атырау ауылдық округі таратылып, оған қарасты Қызылбалық, Жаңаталап және Құрманғазы ауылдары көршілес Дамбы ауылдық округінің құрамына енеді. Бұл шешім әкімшілік шығындарды азайтып, бірыңғай тиімді бюджет қалыптастыру мақсатында қабылданып отыр. Енді қаражат ірі жобаларға бағытталмақ.
Атырау ауылдық округінде 13 мыңнан астам халық тұрады, 29 шаруа қожалығы, үш өндірістік кооператив, 80-ге жуық кәсіпкер бар. Ал Дамбы ауылдық округінде екі елді мекен – Дамбы мен Амангелді орналасқан. Халық саны 4 мыңнан асады. Екі ауылдық округті қосу арқылы мемлекеттік басқару жүйесі оңтайландырылады, бюджет қаражаты тиімді пайдаланылады. Халыққа көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы артады.
Яғни әкімшілік шығындар азаяды, екі бөлек аппараттың орнына біреуі жұмыс жасайды. Басқару құрылымы ықшамдалып, тиімділігі артады. Біріктірілген округке ортақ тиімді бюджет жасақталады. Ал Атырау ауылдық округіндегі 6 қызметкердің орны Дамбы ауылдық округіне беріліп, қызмет сапасын көтеруге мүмкіндік жасалып отыр. Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкин атап өткендей, бұл – еліміз бойынша жүріп жатқан оңтайландыру саясатының бір бөлігі. Оның айтуынша, мұндай тәжірибе ірі мегаполистер Астана, Алматы қалаларында да енгізілген.
Сессия барысында депутаттар Қ.Жауымбаев, Р.Күмісқалиев, Б.Есенғожин және А.Батаев жастарды сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқыту мәселесін көтеріп, ауылдық округтердің бірігуі барысында әкімдік қызметкерлерін жұмыспен қамтуға қатысты ұсыныстарын білдірді.
– «Ауылдық округтерді біріктіру кезінде тұрғындардың мәселелері шешілмей қала ма?» деген алаңдаушылықтарыңызға жауап ретінде айтарым – бұл бағытта депутаттар да белсенді роль атқара алады. Халық қалаулылары нысандардың жағдайын тексеріп, мердігерлердің жұмысын қадағалап, кемшіліктерді анықтап, бізге хабарлауға мүмкіндіктері бар. Сондай-ақ сіздер ауыл әкімінен нақты мәселелер бойынша есеп беруді талап ете аласыздар,-деді шаһар басшысы.
Оның айтуынша, барлық мәселе округ әкіміне байланысты – оның ұйымдастырушылық қабілетіне, халықпен жұмыс істей білуіне қарай шешіледі.

– Әкімдерді тағайындамас бұрын олардың еңбек өтілі мен тәжірибесін мұқият зерделейміз. Ауылдық округтерді оңтайландыру маңызды. Мысалы, Қайыршақты ауылдық округінде 30 мың халық тұрады. Оған бір әкім басшылық етеді. Мұндай шешімге келмес бұрын біз көршілес Ақтөбе қаласына барып, олардың округтерді қайта ұйымдастыру тәжірибесімен таныстық. Ең бастысы, таратылған округтердің бірде-бір қызметкері жұмыссыз қалмайды. Керісінше, қаладағы көптеген бөлімде маман тапшы. Сол себепті барлық қызметкер жұмыспен қамтылады,-деп сендірді Шәкір Кейкин.
Депутаттар Дамбы, Кеңөзек, Қайыршақты және Еркінқала ауылдық округтеріндегі бірқатар көшенің атауын беру және қайта атау мәселелерін де қарастырды. Жеңістің 80 жылдығына орай цифрлық атаулармен белгіленген көшелер мен идеологиялық тұрғыда ескірген атаулар жергілікті соғыс ардагерлерінің құрметіне өзгертілген. Талқылау кезінде депутаттар қала әкімдігіне республика деңгейіндегі ономастикалық комиссия құрамына жергілікті тарихшылар мен өлкетанушыларды енгізу туралы ұсыныс дайындауды тапсырды.
СуперХҚКО – тұрғындар игілігі үшін
Қалалық мәслихат сессиясында «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Атырау облыстық филиалы басшысының орынбасары Асқар Тоғаев тұрғындарға көрсетілетін қызметтердің жай-күйімен таныстырып, алдағы жоспарларды баяндады. Биыл Атырау облысындағы ХҚКО-ларда 224 423 қызмет көрсетілсе, соның ішінде 290 құжат электронды түрде берілген. Ал былтыр 258 752 қызмет көрсетілсе, оның 439-электронды түрде болыпты. Өткен жылдың көрсетілген қызметтерді салыстырғанда 35 316 құжатқа төмендеген.
– Биыл сапасыз көрсетілген қызметтер саны – 4141-ге жеткен. Оның ішінде халыққа қызмет көрсету орталығы мамандарының кінәсінен кеткені – 8 жағдай. Қалғаны сапасыз құжаттардың ұсынылуына байланысты. Бұдан бөлек тиісті мерзімі сақталмаған 2192 құжат анықталды. Оның 2172-сі техникалық ақауға байланысты, 18 құжат уәкілетті органға уақытылы түспеген, ал 2 құжат «Қазпошта» арқылы мерзімінде жеткізілмеген. Тұрғындар көбіне мамандардың біліктілігіне, қызметкерлердің дөрекі қарым-қатынасына және интернеттің баяу жұмысына шағымданады,-деді А.Тоғаев.
Қаладағы №1 халыққа қызмет көрсету бөлімінің жалпы ауданы 950 шаршы метрді құрайды. Мұнда күн сайын 32 қызметкер 500-550-ге жуық адамға қызмет көрсетеді. Биыл қаланың сол жағалауында, «Аягөз» тұрғын үй кешенінің жертөлесінде 2500 шаршы метрді құрайтын «Супер Халыққа қызмет көрсету орталығын» ашу жоспарланып отыр. Бұл орталық қазіргі екі бөлімшені алмастырады.
Қалалық мәслихат депутаты Юрий Ли жаңа Халыққа қызмет көрсету орталығын ашу мәселесін талқылау кезінде сол жағалаудағы екі бөлімшені жаппай, оларды сақтап қалу қажеттігін айтты. Сонымен қатар ол көлік тұрағы мәселесін де шешуді ұсынды.
Депутаттардың сауалдарына жауап берген Асқар Тоғаев қазір некені тіркеу рәсімі жаңа форматта – салтанатты түрде өткізілетінін жеткізді. Бұған дейін ол ХҚКО ғимаратындағы жай ғана куәлік табыстаумен шектелсе, енді бұл маңызды сәт Салтанат сарайында ұйымдастырылатынын атап өтті.
– Бұл шараны кәсіпкерлермен бірлесіп, мерекелік деңгейде өткізу көзделіп отыр. Ең бастысы, баға халыққа қолжетімді болады. Мысалы, мемлекеттік бекітілген тариф – 25 мың теңгеден басталады. Ал жекеменшік агенттіктердің қызметі жүз мыңдаған теңгеге жетіп жатады,-деді А.Тоғаев.

Сөредегі өнім талапқа сай ма?
Қалалық мәслихат сессиясы отырысында қаланың санитарлық-тазалығы да қозғалды. Атырау қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қанат Ғайнеденовтің айтуынша, биылғы алты айда санитар-дәрігерлер 80 әкімшілік хаттама толтырып, 26 миллион теңгеден астам айыппұл салған. Басқармаға жергілікті атқарушы органдардан, құқық қорғау, прокуратура және жеке тұлғалардан барлығы 112 өтініш пен шағым келіп түскен. Оның ішінде 34-і бойынша заңбұзушылықтар анықталып, 11 млн. теңге көлемінде айыппұл салынған.
Рұқсатсыз жұмыс жүргізген 7 кәсіпкерлік субъектісіне қатысты материалдар сотқа жолданып, сот шешімімен жалпы сомасы 2 миллион теңгеге жуық айыппұл тағайындалды.
Сондай-ақ қала бойынша 106 қызылша дерегі тіркелген. Аурушаңдықтың азаюы жаппай иммундау шарасының нәтижесі екені атап айтылды. Ерекше қауіпті жұқпалы аурулар тіркелмегенімен, туберкулезге қатысты 85 жағдай анықталып отыр. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда екі есе төмен.
Десек те, облыс орталығында фтизиатр-дәрігерлер жетіспейді. Қазір қалада бір дәрігер бірнеше емханада қатар қызмет атқарып жүр. Соның салдарынан туберкулез ауруы дер кезінде анықталмай немесе мүлде тіркелмей қалуы мүмкін.
«Ескі базар» жабыла ма?
Қала тұрғындары арасында жиі айтылып жүрген «Ескі базар» алдағы уақытта жабылуы мүмкін. Өйткені сауда орталығының санитарлық жағдайы сын көтермейді екен. Қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Қанат Ғайнеденовтің айтуынша, мал базары мен қала орталығындағы «Ескі базар» – антисанитариялық ахуал тудырып отырған негізгі нысандар. Депутаттар «бұл базарды жабу қажет. Біз кемшілікке көз жұма қарай алмаймыз» деп өз ұсыныс-пікірлерін білдірді. Сондай-ақ шаһардағы бассейндердің жағдайы неге тексерілмейтіні де айтылды. Санитар дәрігер бұл нысандар тек халықтан ресми түрде өтініш түскен кезде ғана тексерілетінін атап айтты.
– Егер санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы бізге көмектесе алмаса, бұл нысандардың жабылуына өзіміз күш салатын боламыз. Жақында тағы бір рет барып, оларды толықтай аралап, тексердік. Қала орталығындағы «Тума» мал базарына қатысты да шағымдар түсіп жатыр. Бұған дейін біз базар иесіне бизнестің бағытын өзгертіп, көлік жөндеу орталығы немесе басқа сауда нысанына ауыстыруды ұсынған едік. Бірақ иесі ауырып, кейін қайтыс болды. Осыған байланысты ұлы мәселені уақытша кейінге шегеруді сұраған. Алайда белгіленген мерзім өтіп кетті. Сондықтан бұл проблеманы төтенше жағдайға дейін жеткізбей шешуіміз керек. Біз қалайда бассейнде болған хлормен улану секілді қайғылы оқиға орын алмай тұрып, жедел дабыл қағуымыз қажет,-деді қала әкімі Шәкір Кейкин.
Мектептерде – үш ауысым, кейбірі – апатты жағдайда
Білім беру саласындағы өзекті проблемалар да сөз болды. Алты оқу орны санитарлық қорытындысыз жұмыс істеуде. Олардың қатарында №45, 46, 47, 50 мектептері мен Қ.Сәтпаев атындағы мектептің бастауыш сыныптары бар. Қалада 10-нан астам мектеп үш ауысыммен оқуға мәжбүр. №9 мектеп өткен жылы күрделі жөндеуге жабылғанымен, жобалық құжаттары болмағандықтан жөндеу әлі басталмаған. Бұдан бөлек №19 мектеп ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. №28 мектеп бейімделген ғимаратта орналасқан, мұнда спортзал, асхана, дәрігерлік пункт, санитарлық тораптар жоқ.
Қалада балаларға арналған бірде-бір демалыс лагері жұмыс істемейді. «Тұлпар» лагері бірнеше жылдан бері жабық. Депутаттар осындай жағдайлардың алдын алу үшін маусым басталар алдында нысандарға жүйелі тексеріс жүргізу қажеттігін атап айтты.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттер қала әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды