Атырауда 108 адам қандас мәртебесін алды
Атырау облысына жыл басынан бері шетелдерден 89 отбасы – 108 адам көшіп келді. Қазақстан Республикасына тұрақты тұру мақсатында келген этникалық қазақтар қандас мәртебесін алды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Азамат Мәмбетовтің айтуынша, Өзбекстаннан – 86, Ресей Федерациясынан – 10, Қытай Халық Республикасынан – 9, Украинадан – 1, Тәжікстаннан – 1 адам, Түркменстаннан 1 адам көшіп келді.
Олардың ішінен 78 отбасы – 97 адам Атырау қаласына, 4 отбасы Жылыойға және 1 отбасы Махамбетке қоныстанды. Сонымен қатар Мақатқа – 2, Құрманғазы мен Индер аудандарына да осынша жанұя орналасты.
–Бұдан басқа, облыста қандастарды уақытша орналастыру орталығы қызмет етеді. Бірақ қазір мұнда ешбір адам тіркелмеген. Тұрғын үй кезегінде 43 қандас тіркеуде тұр. Ал Мансап орталықтарында 14 қандас жұмыссыз ретінде тіркеуде. Әлеуметтік жұмыс орындарымен 1 адам және қоғамдық жұмыспен 1 адам қамтамасыз етілді, — дейді Азамат Саматұлы.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА