
Арман болған баспана
Ернар Борисұлы мен Тілекші Жанболатқызы — жас жұбайлар, Атырау облысы Құрманғазы ауданында тұрады. Шаңырақ көтергеннен соң, ата-аналарынан бөлек шығуды қалап, бірнеше жылдан бері пәтер сатып алу үшін қаражат жинап келеді. Алғаш рет пәтер алуды жоспарлаған кезде, қаладағы бір бөлмелі пәтерлердің бағасы 6-7 миллионның айналасында болатын. Бұл бағаға олар ақша жинап үлгере аламыз деп сенген еді. Бірақ жылдар өте келе жинаған қаражаттары көбейген сайын, Атырау қаласындағы пәтерлердің бағасы да көз ілеспес жылдамдықпен өсіп кетті. Ендігі сол бір бөлмелі пәтерлердің бағасы 10-15 миллионға жеткен. Бұл Атырау қаласындағы қарапайым, қаланың шетінде орналасқан орташа үйлердің бағасы ғана. Ал, “Zaman”, “Batysmura”, “Abyroy Residence” секілді тұрғын үй кешендерінің бағасы тіптен қымбат. Орташа есеппен алғанда аталмыш осы тұрғын үйлер кешеніндегі 1 бөлмелі пәтердің бағасы 16 000 000 басталады екен. Бірнеше жыл бұрын қолжетімді болып көрінген тұрғын үйлер бүгінде табыс деңгейі орташа қазақстандықтар үшін қол жетпейтін қиялға айналып барады. Жылжымайтын мүлік нарығындағы бағалардың осылай өсуі тек Ернар мен Тілекшінің ғана емес, мыңдаған қазақстандықтардың басынан кешіріп жатқан жағдайы. Бұл оқиға Қазақстандағы тұрғын үй нарығының шынайы бет-бейнесін көрсетеді. Мұндай жағдайдың себебі неде? Қазақстанда жылжымайтын мүліктің бағасы неліктен шарықтап барады? Бұл талдауда Қазақстанның тұрғын үй нарығындағы бағаның көтерілуінің түпкі себептері мен салдары зерттеледі.
Қымбатшылық қашан басталды?
Өткен ғасырдың 90 жылдары Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығын дамытатын мүмкіндік жоқтың қасы болды. Ол кездері Алматыда 1 бөлмелі пәтердің бағасы екінші қол көліктің бағасымен тең болатын. Алайда, 2000 жылдардан бастап елдегі жағдай күрт өзгере бастады. Бұл кезең бірнеше ірі дамушы елдердің экономикалық өсімінің үлкен серпініне байланысты әлемдік шикізат нарығындағы өсу үрдісімен сәйкес келді. Қазақстан мұнай және шикізат ресурстарын экономиканың табысты саласына айналдыра алды. Соның арқасында шетелдік инвестиция үшін тартымды елге айналды. Қазақстан экономикасы тұрақты өсімге қол жеткізіп, банктер шетелден арзан қаржыландыру көздеріне қол жеткізді. Нәтижесінде олар құрылыс секторына көңіл бөліп, несие бере алды. Үздіксіз қаржы құйылуының әсерінен жаңадан салынған тұрғын үйлердің көлемі өсті. Пәтер бағасы ең алдымен Алматы мен Астанада, кейін Қазақстанның барлық аумағында өсе бастады.
Жалақы күнкөріске жетпейді
Бүгінгі таңда Қазақстандағы жылжымайтын мүлік нарығы белгісіз кезеңдерді бастан кешіріп жатыр. Қазақстандағы пәтер бағасының қымбаттауына нақты бір себеп әсер етті деп айта алмаймыз. Өйткені, қымбаттауына әсер еткен негізгі факторлар экономикалық, саяси және әлеуметтік өзгерістермен тікелей байланысты. Осы жылдың ақпан айында пәтерлерді, үйлерді сатып алу, сату және жалға беру секілді қызметтерді ұсынатын “Крыша” қосымшасының сарапшылары 2021-2024 жылдар аралығындағы пәтер бағасына байланысты талдау жасаған болатын. Талдау нәтижесінде елде 3 жыл ішінде пәтер бағасы 40% қымбаттағаны анықталды. Барлық өңірде баға өскен, әсіресе Алматы, Астана, Шымкент секілді тұрғындар көп шоғырланған жерлердегі 1 ш.м бағасы расымен шошырлықтай. Бұл еліміздегі өңірлер бойынша жүргізілген талдаудың соңғы нәтижесі.
Осыдан 4 жыл бұрын Numbeo елдер мен қалалардың әлем бойынша ең ірі деректер базасы әлемнің әртүрлі елдеріндегі жылжымайтын мүлік бағасының орташа статистикасын жариялаған болатын. Көрсетілген деректер бойынша, 1 ш.м үй ең қымбат ел Гонконг болса, ең арзан ел Пәкістан деп көрсетілген. 102 елден тұратын рейтингте Қазақстан 95-ші орынға жайғасқан. Яғни, Ресми дерекке сүйенсек, Қазақстанда соңғы 2020 жылы 1 ш.м. доллармен есептегенде 964,41$ құраған.
Жылжымайтын мүлік инвестиция үшін ең өтімді боп саналады. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, елімізде жылжымайтын мүлікпен операцияларға негізгі капиталға салынған инвестициялар соңғы 10 жылдықта тұрақты өсім көрсетіп, 2023 жылы 7,1млрд $ құраған. Бұл теңгемен шаққанда 3,2 трлн теңге. Яғни, 2015 жылмен салыстырғанда едәуір (4,1 есеге) өскен.
Бағаның өсуіне не әсер етті?
“Atameken busines” ақпараттың порталына соңғы шыққан дерегіне сүйенсек, қазіргі таңда Қазақстанда жеке үйі жоқ қазақстандықтардың саны шамамен.6,9 млн құрайды екен. Тіпті, елімізде баспанасы жоқ 7 миллионға жуық адамның 650 мыңнан астамы үй кезегінде тұр.
Қазір үй алуға болатын түрлі бағдарламалар өте көп. Сол бағдарламаны түсінбеген жандарға көмектесетін сол саланык мамандары да жетерліктей. Осы уақытқа дейін 11 000 қазақстандыққа баспана алуға көмектесіп жүрген қаржыгер Перизат Бауыржанқызы үй аламын деген адамға оның бағасы да, орташа жалақы да кедергі емес дейді. — Негізі қай кезеңде болмасын баға ешқашан ешімге ұнамаған. Яғни, осыдан 5-10 жыл бұрын баға басқаша болды. Қазір мүлде басқаша. Мен қаншама жылдар бойы адамдарға үй алу жөнінде кеңес өткізіп келе жатқандықтан адамдарды жақсырақ танимын деп айта аламын. Осыдан 5 жыл бұрын да доллар өсті, үйлер де сол кезеңде қымбат болды. Қазір ше? Қазір ол үйлер ол кездегіден де қымбат. Яғни, баға ешқашан түспейді. Баға керісінше көтеріле береді. Осыдан 2-3 жыл бұрын Астанадағы 1 бөлмелі тұрғын үй кешенінің (әлі құрылыс бітпей тұрып) бағасы 12 млн болды. Сол кезде үнемі үй алғысы кеп жүрген таныстарыма да, достарыма да «осы үйге ақша құйыңдаршы» деп жалынатынмын. Олар «Қымбат қой, арзанырақ табамыз немесе әлі құрылысы бітпеген үй керек емес» деген сынды сылтаулар айтатын. Қазір міне күні кеше ол үй толықтай ішкі, сыртқы құрылысы да бітті. Алайда баға бастапқыдай емес. Қазіргі ол 1 бөлмелі тұрғын үй 20-25 000 000 сұрап тұр. Сол сәтте үйге ақша құйып немесе ипотекаға болсын алғанында қазір бір баспанасы болсын болар еді. Онсызда ол ақша пәтер жалдауға кетіп жатыр емес пе?! Мен қазіргі таңда үй алуға барлық жағдай бар деп ойлаймын. Қазір қолыңызда 5 000 000 тг ақша болса, пенсионкамен үй алуға болады, ал егер 9 000 000 көп болса онда тіпті 3 бөлмелі пәтер алуға да мүмкіндігіңіз бар. Қазір халық арасында ең кең тараған жағымсыз әдеттердің бірі -ысырапшылдық. Қазір адамдарда артық ақша түсе қалса, сауда орталықтарын, уақытша көңіл-көтеретін жерлерге ақшасын құртады. Киімі болса да киім ала береді, артық мақсатсыз дүниелерге жұмсайды. Оның орнына сол ақшаны аз болса да, өз болашағын ойлап, үйге құйса ол ең керемет инвестиция болар еді деп ойлаймын,-дейді ол.
Ал, KIMEP университетінің түлегі, жас ғалым, Дана есімді қаржыгер пәтер бағасының расымен бұрынғыға қарағанда қымбаттағанын айтады. — Жалпы доллардың өсуі, құрылыс материалдарының қымбаттауы соның әсерінен құрылыс қарқынының бәсеңдеуі, қымбатшылық болуы баға өсуіне әкелді. Одан бөлек, ең маңызды мәселе ол -зейнетақы қоры. Есіңізде болса, 2021 жылы үкімет зейнетақы қорынан артық ақшаны алуға рұқсат берген болатын. Бұл бәлкім халық үшін керемет жеңілдік болған шығар. Бірақ, бұның салдары бәрібір пәтер бағасының қымбаттауына алып келді. Ақпараттарға сүйенсек, сол 2021 жылы қазақстандықтар 2,5 трлн теңге шешіп алған. Зейнетақы қорынан ақша алуға болатындығы туралы бәрі білгендіктен жаңа тұрғын үй кешенінен бөлек, қолданыстағы жөндеуден өтпеген үйлерге дейін баға өспесе кемімеді.
Сіз не дейсіз?
Айгүл Кенжеева, Астана қаласының тұрғыны:
— Шынымды айтсам, пәтер бағасы әрине арзан емес.Мен өзім алғашқы жылдары пәтер таңдауда қатты қиналатынмын. Менің қалауымдағы жөндеуден өткен пәтерлерді табу қиын болатын. Тапсам да олардың бағасы өте қымбат еді. Сондықтан күні бүгінге дейін өзім қаламаған үйлерде тұруға тура келді. Жақында Қытаймен жеке бизнесімді аштым. Сол кезде сіңілім де Астанаға оқуға түсті. Сөйтіп, сол кезде ғана өзім қалаған әдемі, жайлы үйде тұрып бастадым. Қазір азық-түлікті қоспағанда екі бөлмелі үйіме 300-350 000 төлеймін.
Зарина Баймолдина, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің студенті:
— Жалпы осы студенттік 4 жылымда нағашы апамның үйінде тұрдым. 2,3 курста бөлек қыздармен тұрғым келді әрине. Бірақ, пәтер бағасы пәтердің өзімен мүлде сәйкес болмайтын. Яғни, баға қымбат, өзім студентпін. Оның үстіне барлық шығындарымды ата-анам төлеп отыр. Ата-анама ауыртпалық түсірмейін деп, туысқанымның үйін жөн көрдім. Менің ойымша, Атырау, Ақтау, Алматы, Астана секілді қалаларда пәтердің қымбат болуы қалыпты секілді. Себебі, үлкен үлкен орталық қалалар ғой.
Жанат Сүйіндікова, Алматы қаласы, СДУ университетінің студенті:
— Осы уақытқа дейін жатақханада тұрдым. Білесіздер, СДУ-дың жатақханасы да арзан тұрмайды. Негізінен мен жатақханада тұрғанда көп ақша құрттым деп айта аламын. Себебі, тамақ пісіре алмайтынбыз, кешкі ас 17:00-19:00 аралығында берілетін. Әрина қарнымыз ашатын. Қыздармен бөлек шығуды қалайтынбыз. Қазір мен “Алма Сити” тұрғын үй кешенінде тұрып жатырмын. Үйде 4 қыз боп тұрамыз. Жалпы, үй өзім қарап, іздеп жүріп таңдағасын өзіме ұнайды. Пәтер жайлы, барлық жиһаздармен жабдықталғасын көңілімізден шығады. Пәтерге азық-түлікті қоспағанда 350-400 000 теңге жұмсаймыз.
Түйін: Қазақстанда пәтер бағасының қымбаттауының негізгі себептері мен салдарын түсіну арқылы тиімді шешімдер жасауға болады. Халықтың тұрғын үйге қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды әлеуметтік және экономикалық мәселе болып қала бермек.
Мәдина ЖЕДЕЛБАЕВА,
С.Демирел атындағы университеттің Құқық және әлеуметтік ғылымдар факультеті “Журналистика” мамандығының IV курс студенті