Жарнама
Әлеумет

Мен өмірді сүйемін!

Берік Құрмашев осыдан төрт жыл бұрын жол апатына түсіп, бір айға жуық комада жатады. Бірнеше отаны бастан өткеріп, соңында беті бері қарайды. Десе де, алғашында мүгедектер арбасына таңылған тағдырын түсіне алмайды. «Жазмыштан озмыш жоқ», кейін тәніне түскен ауыр жарақатқа көнеді. «Төрт қабырғаға қамалып, үйден шықпай отырдым. Ешкімнің көзіне көрінгім келмеді. Бұл бір психологиялық жағынан да қиын кезең еді» деп еске алды ол.

 –  Жақында «Біз де адамбыз» қоры туралы біліп, «Тиімді оңалту» лагеріне қатысуға бел будым. Іс-шара лайықты деңгейде өтіп жатыр, көп нәрсені білдім.  Нұсқаушылардың да өзім секілді мүгедектер арбасына таңылған жандар екенін көріп, таңғалдым. Жарақаттан кейін еңселерін түсірмей, тағдыр сынына сынбағандарына риза болдым. Бұл – басқалар үшін тамаша үлгі, – деген Берік Құрмашев талай тағдырласының тар қапастан шыға алмай, қазіргі сәтті қабылдай алмай, мүжіліп қалатындарын айтып, осы орайда бүгінгідей шаралардың әсері мол екенін жеткізді.

Аталған әлеуметтенуге, психологиялық бейімделуге, мүгедектер арбасындағы адамдардың қоғамдағы өмірге барынша бейімделуіне бағытталған «Тиімді оңалту» әлеуметтік жобасын «Біз де адамбыз» қоғамдық қоры «Теңізшевройл» ЖШС-нің қаржылық қолдауымен іске асырды. Жоба аясында Абай орталығында бес күндік белсенді оңалту лагері өтіп, онда бұрын жұлын жарақатын алған және кейіннен қозғалу проблемаларына ұшыраған қатысушылар мүгедектер арбасында белсенді өмір сүруді үйренді. Оған А.Сүндетов атындағы Атырау медициналық колледжінің «Емдеу ісі» мамандығының студенттері ерікті болып қатысып, мүгедектігі бар жандармен жұмыс жасаудың бірегей мүмкіндігіне ие болды.

–  «Мүгедектігі бар адамдарды тиімді оңалту» жобасы қаладағы оңалту процесіне оң әсер етеді. Жобаға басқа аудандардың тұрғындарының қатысуы бұл тақырыптың тұтастай алғанда аймақ үшін өзекті екендігін тағы бір рет дәлелдейді. Өз тарапымыздан біз әрқашан жоба бастамаларына қолдау көрсетуге ұмтыламыз, – деп атап өтті қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің орынбасары Ринат Гилажев.

mm 2

 «Тиімді оңалту лагері» биыл үшінші жыл өтуде, бірақ осы жолы бұрынғыдан ерекше ұйымдастырылғанын байқауға болады. Себебі лагерьдің нұсқаушылары жергілікті тұрғындар, осы жобаның түлектері болып табылатын мүгедектігі бар жандар. Екі жыл бойы олар Беларусь Республикасының кәсіби реабилитологтарынан білім алып, халықаралық үлгідегі сертификаттар алды. Лагерь барысында олар арбаға міну техникасы, жалпы дене шынықтыру, жүзу, садақ ату, аэробика сабақтарын өткізді. Сонымен қатар гигиена, урология мәселелері, отбасын құру және психологиялық көмек сияқты ең өзекті тақырыптар бойынша дәрістер оқыды.

Мәселен, оңалту нұсқаушысы Дәурен Жәрдемов жобаға келгенше апаттан кейінгі өзгерістерді қабылдаудан бас тартқан екен. Қабылдай алмаған. Мұнда өзімен тағдырлас жандармен араласып, танысып, көзқарасының өзгергенін, мүгедектер арбасындағы өмірді мойындағанын айтады. «Содан бері спортпен шұғылдана бастадым, жарыстарға қатысып, отбасын құрдым, мүгедектер арбасында отырған басқа да жандарға көмектесуге дайынмын. Лагерьде адамдарға бассейнде жүзуді, денені суда ұстауды үйретемін. Су терапиясы керемет жұмыс істейді, барлығының көңіл-күйі көтеріледі. Мен өзгелерге осындай пайдалы болғаныма өте қуаныштымын, – дейді ол.

Лагерьге ерікті көмекшілер тобында болған әлеуметтік жұмыс, психология салаларының мамандары мен медицина саласының студенттері алдымен мүгедек адамдармен жұмыс істеудің психологиялық және моральдық аспектілері бойынша тренингтен, содан соң арбамен жылжыту амалдары, сабақ кезінде сақтандырудың қауіпсіз тәсілдері, адамдарды бір орыннан екінші орынға ауыстыру техникасы, сабаққа арналған орындарды дайындау, спорттық пәндерде жаттығулар орындау кезінде қатысушыларды сақтандыру, тұрмыста көмек көрсету бойынша дәрістерден өтті. Мұндай тәжірибе студенттер үшін өзін сынауға және іс жүзінде кәсіби дағдыларды қолданып көруге тамаша мүмкіндік беретіні анық.

– Болашақ медбике ретінде маған және менің курстастарыма лагерьге қатысу өте пайдалы. Оқулықтар бойынша әртүрлі диагноздарды үйренудің жөні бөлек, ал нақты өмірде пациенттермен қарым-қатынас жасау мықты тәжірибе болды. Мен қатысушыларға қозғалуға, бір орыннан екіншісіне ауысуға көмектестім, осы арқылы қарым-қатынас этикасын үйрендім. Осындай баға жетпес тәжірибе үшін ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, – деді «Емдеу ісі» мамандығының 1 курс студенті, жоба волонтері Бейбіт Дариева.

«Мүгедектігі бар жандарды тиімді оңалту» жобасы аясында шетелдік әріптестермен бірлесіп қазақ және орыс тілдерінде оңалту бойынша әдістемелік құрал әзірленді. Барлығы 42 адам оқудан өтіп, оның ішінде 8 түлек нұсқаушы-реабилитолог сертификаттарын алды және қазіргі уақытта «Біз де адамбыз» қорына жұмысқа орналастырылды. 

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

Back to top button