Жарнама
Әдебиет

Мақатта өткен кеш

Жексенбі күні «Рахымжан Отарбаев» руханият қоры республикалық ғылыми-практикалық конференция аясында Мақат кентінде бірнеше шара ұйымдастырды. Оның өтуіне мұрындық болған кенттегі №2 бастауыш мектебінің ұжымы екен. Қор өкілдері мен еліміздің әр өңірінен рахымжантанушыларды әуелі аудан әкімі Азамат Мәмбетов қабылдап, ұлт өнеркәсібінің қарлығашы болған өңірдің тарихы мен қазіргі даму барысын қысқаша таныстырып өтті.

Бұдан соң аудандағы шағын ғана №2 бастауыш мектебіне керенау барған меймандар республикадағы 8 мыңнан астам білім ұясының ішінен оқ бойы озық көрініп, «2024 жылдың үздік білім беру мекемесі» номинациясын иеленген мектептің ішіне кіргеннен-ақ пікірлері өзгере бастады. Өйткені ондағы «Өлкетану», «Абайтану», «Ұлттық әдебиет», «Ұлттық тәрбие» кабинеттері, мектеп кітапханасы және бүлдіршіндерден құралған ұлт аспаптар ансамблі қала түгілі, облыста некен-саяқ. Білім мен тәрбиені тек ұлттық нақышта алып, күнделікті сабақты ұлттық үлгідегі киіммен оқитын балғын шәкірттердің көздеріндегі от пен келешекке деген құлшынысы олардан болашақ Рахымжандар мен Фаризалар өсіп келе жатқанын аңғартқандай.

Мектеп директоры Руслан Баймұқашевтің бастамасымен ұйымдастырылған шарада оқушылар Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық Айтматов академиясы және республикалық Махамбет атындағы сыйлықтардың лауреаты, жазушы, драматург Рахымжан Отарбаевтың «Американың ұлттық байлығы» атты шығармасының үзіндісін әсерлі сахналады.

Бұдан соң аудандық жастар орталығының ғимаратында Рахымжан Отарбаевтың шығармашылығына арналған әдеби кеш өтіп, онда жазушының «Сұлтан Бейбарыс» драмасынан шағын көрініс қойылды. Х.Санбаев атындағы орта мектептің оқушыларының «Көрген-баққан» шығармасынан оқыған монологтары да көрерменге терең әсер қалдырды.

Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, филология ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры Серік Елікбаев Р.Отарбаевтың шығармашылығын өскелең ұрпаққа насихаттауға себепкер болған №2 бастауыш мектеп ұжымы мен оны қолдаған аудан әкімдігіне ризашылығын білдірді.

– Біз қазақ өнеркәсібінің негізі қаланған Мақат топырағына келіп, Отарбаев әлемін, жалпы ұлт әдебиетін қолдаушылар көп екеніне тәнті болып отырмыз. Мына балғын жастардан ертең-ақ болашағымыз өсіп шығады. Әрине кітап оқу мәдениетінің нашар екені рас, дегенмен мынадай жалынды жастарды көріп тұрғанда, келешек Отарбаевтардың өсіп келе жатқанына күмән келтіруге болмайды, — деді ол.

«Рахымжан Отарбаев» руханият қорының жетекшісі Сәуле Отарбаева аудан басшылығы мен шараны өткізуге бастамашы болған мектеп ұжымына ризашылығын білдіріп, аудандық және №2 бастауыш мектебінің кітапханасына жазушының шығармаларын тарту етті. Мамыр айында аталған мектеп ұжымының ұйымдастыруымен ауданда «Отарбаев оқуларының» тұңғыш рет ұйымдастырылатынына шынайы алғысын айтты.

Аудан әкімі Азамат Мәмбетов шара қорытындысында руханиятты қолдауға баса мән беретінін, әсіресе жергілікті шығармашылық өкілдерінің жас буынға насихатталуын ұйымдастыруға бейілді екенін атап көрсетті.

Өз тілшіміз

Мақат ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button