Айшуақ сөздің ақыны

148eac74 0300 4a84 a4ba f378ef150313 Әдебиет

Белгілі  ақын, ұлағатты ұстаз, қазақ поэзиясында «ауылда тұрған ақындар атанғандардың» ішінде өзіндік өлең өрнегімен оқырман көңілін жаулаған айшуақ сөздің ақыны  Аманқос ЕРШУОВ ортамызда жүргенде оның 80 жасқа толу мерейтойын қуана атап өтіп жатар едік.

1972 жылдың қоңыр күзі. Алматыда жапырақ жауған кез. Алатау жақтан көтерілген қазбауыр бұлттар Алматыны шайып өтіп, сәлден кейін ақ жаңбырдан ашылған астана  қыздың жиған жүгіндей болып көз тартып шыға келетін жайсаң шақ. Сабақтан шығып, жауып тұрған жаңбырмен жағаласып бір топ студент келе қалған автобусқа жапа-тармағай мініп алдық. Ол кезде мен Киров атындағы Мемлекеттік университеттің филология факультетінің үшінші курс студентімін. Менімен бірге жағаласа автобусқа кірген студенттер оқуға биыл түскен балалар екені сөздерінен білініп,  даурығып, су болған шаштарын сілкіп тастап,  топтасып тұра қалып әңгіме боратты. Сол кезде біреуі «мен сендерге өлең оқиын, соны тапсаңдар, сыйлығым бар» деп тамағын кенеп өлең оқи жөнелді:

Ақ бұлттар, қара бұлттар, ала бұлттар,

Байқасақ аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса, даналық бар,

Біреуде қарт та болса шалалық бар.

Елең ете қалып, екпіндеп тұрған қара балаға қарай қалдым. Ол «ал, табыңдар» деп масайрап тұрды. Әркім әр ақынды айтып жатыр, бірақ ешкім таба алар емес. Біршама тұрғаннан кейін оларға жақындап: «бұл өлеңнің авторын мен айтайын» деп едім, бәрі маған «сен қайдан білесің» дегендей аңтарыла қарады. «Бұл өлеңнің авторы Гурьев облысының Ембі ауданындағы  Ақкиізтоғай деген ауылда тұратын Аманқос Ершуов деген ақын» дедім. Әлгілер таңырқап қалды.

Өлеңді оқыған қара бала маған жақындап, «оның мекен-жайын мен де білмейтін едім, сен қайдан білесің?» деп таңырқай қарады. Мен үлкен мақтаныш әрі қуанған леппен: «ол менің ұстазым, маған әдебиеттен сабақ берген Аманқос Ершуов» дегенімде олар әкесін көрген баладай болып, мені жапырлай қоршап алып, қызыға қарап: «сонда ол ақын Алматыда тұрмай ма? Ауылда жүрсе де аты Алматыға жеткен қандай бақытты ақын» деп шулап кетті.

Сұрасам, бұлар оқуға биыл түскен журналистика факультетінің балалары екен. Кейін бұлардың арасынан да белгілі қаламгерлер шықты. Олардың алғашқы туындыгерлік жолында ұстазым Аманқос ағайдың да үлесі болғаны мен үшін әрі қызықты әрі қуанышты еді. Аманқос ағамның осы өлеңі талай жылдар бойы оның қазақ жырының көшіндегі шамшырағы болып, оны оқырман ауылына құрметпен жетелеп отырды. Өзі де бір өлеңінде:

Атым шығып бір шумақ қара бұлтпен,

Мен осылай қоштастым балалықпен.

Содан бері қанша жыл, қанша заман,

Табақтас та болмаппын даналықпен, – деп жазды. Қарапайым адам еді, даналықпен табақтас болмадым деп жазса да, талантты туындылары арқасында қазақтың атақты ақындарымен сыйлас, сырлас, дәмдес, жолдас, іні, аға болып ғұмыр кешті.

Қара жер, сенде тудым, сенде өлемін,

Несіне арам тер боп сенделемін.

Мен осынау бұлттағы бұлқыныспен,

Буға айналып кеткенді жөн көремін, – деп толғанған ақын енді өзінің туған жерінің топырағында мәңгілік дамылдап жатыр. Ауылда туды, ауылда өсті, ауылда өлең жазды, ауылда ұстаз болды, ауылда абыройлы азамат болды, ауылда ауылының атын шығарды, ауылда өмірден өтті. Астанада тұрмаса да көкжиектен көрінді, көштен қалмады, қазақ жырының бір жүйрігі болып, ақындық антологиясына қолтаңбасын салды. «Ақындар провинцияда туып, Парижде өледі» деген Еуропадан жеткен тәмсілді өз өмірінде: «ақындар ауылда туса да Астанаға атын ұзатады» деген тағылымға айналдырған аяулы ақындардың тобында оның жыр тұлпарының кекілі заман желімен желбіреп, озып келе жатты.

Бір қызық жағдай ойыма түседі. Менің әкем Мұздақұлы Оралбай ақын, жыршы, әнші, домбырашы болған адам. Ол өзін Жылыой аймағында ғұмыр кешкен, осы жерде жиі сапарда болған, Жем бойының ауасын жұтып, суын ішкен Арал мен Әжібай, Қашаған мен Сәттіғұл, Аралбай мен Бала Ораз, Оразғали мен Құмар ақындардың шәкірті санады, олардың өлең-жырларын халық арасында кеңінен насихаттап, қадір тұтты. Мен де әкемнің шәкірті ретінде соны құлаққа құйып өстім.

Аманқос аға жетпіс жасқа толғанда «Қазақ әдебиеті» газетіне берген бір сұхбатында өлеңге келуіне ықпал еткен ұстаздары мен ағалары туралы айтқанда менің әкемнің атын да құрметпен айта келіп, «оның ұлы Өтеген  ақын – менің шәкіртім» деп түйіндейді. Ақындық та туыстық секілді тұтасып жатады екен. Әкем оған ұстаздық ықпал жасаса, Аманқос аға маған ұстаз болды, мен қазіргі талантты ақын, драматург, ғалым, публицист, Аманқос ағаның қызы Маржан Ершуды соңымнан ерген қарындасым деп қадірлеймін. Оның ақындық албырттығы мен ақиқатшыл мінезін жақсы көремін. Ол әкеден алған тәлімін қазақ жұртына жақсы көрсетіп келеді. Сана сабақтастығы осы болар деп ойлаймын.

Жақында Маржан қарындасым Аманқос ағаның туғанына 80 жыл толуына орай бұрын жазған мақаламды жіберіп, «осыны уақыт талабына сай қайта қарап, жаңғыртып бересіз бе?» деп қолқа салып, Аманқос ағамның әкем туралы: «белгілі ақын, қоғам қайраткері Өтеген інімнің әкесі Оралбай да орамды сөздің иесі еді» деп әкемнің анама арнаған бір шумақ өлеңін келтіріпті:

Оюланған жиегі,

Ақ көйлегін киеді.

Шәкес құйған күрең шай,

Домбырамның тиегі, – деген жыры жанымды жылы нұрға бөлеп, көңілімді көкке көтеріп жіберді.

Бұл өлең негізі ұзақ, нәзік лирика болатын, өкінішке қарай мен кезінде ұстап қала алмадым. Бірақ Аманқос ағамның осыны мысалға келтіргені менің жан дүниемді жарқыратып, анама деген шексіз сағынышымды одан әрі тереңдете көтеріп, теңіздей толқытып, көзіме жас үйірді. Тірісінде ата-ананың қадірін біле бермейміз, жоғалтқасын таппай жетімсірейміз. Осынау орны толмас сағынышымды қайта жаңғыртқан Аманқос ағаның әкемнің анама арнаған бір шумақ өлеңін мысалға келтіруі  өмір сабақтастығы ғой. Ақынның сексен жылдық тойының қарсаңында мен тапқан бір асыл осы болса, бір асыл ақжарма ақын Аманқос Ершуовтың өлең-өмірінің жалғасып жатқаны. Ол енді маржан жыр болып Маржан қарындасымды жаңа жолдарға жетелеп келе жатыр. Жолы жөргем болсын.

Ақындық тағдыр қызық қой өзі… Ұстазым туралы ойлағанда, есіме көп жайлар көлденең түсіп, сол жағдаяттар алыс-алыс күндерге, сонау ақ шағылды арманның қиян қыстауына, ұзан жайлауына алып жөнеледі. Қазақ деген қара дүзген, адыраспан-арманы бар жұрт ебіл-дебіл ежелгі тарихын қайыра ежіктеп жатқан мына мазаң да азаң заманда Еділден соққан ерме желдің еру желімен жеткен бағзыдағы баяндүр ақындардың қолқаны суырған қосықтары қосамжарланып, арыда қалып, апшыған көңілді ашытып кетеді.

Бір қолымда «Алдаспан», бір қолымда «Ақберен», сұрапыл сазға елтіген сарнауық бақсыдай Сыпыра мен Шәлгездің, қарға бойлы Қазтуғанның сарсаңкесек сағымға айналған сарындарына көңіл тілін батырамын, енді бірде көне өзен – Жем мен шалғайға тартқан Шағадамның арасын шалқұйрығымен шаңдатқан Абыл мен Нұрымның, Ақтан мен Қашағанның бұзаубас домбырасының албырт шанағынан атылып шыққандай ақжарма термесіне көңіл суарамын.

…Қараойдан қаракөк аспанға атыла ұшқан қарабауыр қанатының суылы адырнасын ала өгіздей мөңіреткен Махамбеттің қозы жауырын жебесінің суылындай болып естіледі. Қажы Тарханнан кіре тартып, кір басқан шалғайына шүпірлеген шабақтар шегендеген ақ мұрт, ақшулан Атыраудың айдынын сызған кемеден төгілген кермарал дауыс Құрекеңнің «Кісенін ашып», «Көбігін шашып», мұңға иінін берген «Кішкентай» көңілді «Серпер» қайратқа сілтеп, арқаны арқайын кеңге салып, алғаусыз көңілмен бір көтеріліп қаламын.

Есіме Жем жағасында жалаңаяқ жүгірген балаң күндер қайыра оралып, анадай абзал, әкедей ақжал Ақкиізтоғайым алдымнан құшағын ашып, бауырына басып, жүгіре шыққандай болады. Қатарластарым, қанаттастарым қаптап алдымнан ұмтылғандай қуанамын. Әкемнің көзін көрген, анаммен сырлас болған қариялар ұмсынып, алыс жолдан иығын шаң басып оралған ұлдарының  бетінен сүйгендей күй кешемін.

Жаманқұмақтың жалғыз мосыағашы тұсына келгенде «сенімен бірге барамыз» дегендей болып асыға жөңкіліп, абыржи қозғалып, қамшылар жағымнан қапталдаса шұбырған «ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар» бұйрабас ұстазымның шашындай ұйысқан бұйрығынды даланы өзімен бірге ертіп, Ақкиізтоғайға қарай асыға тартады. Ойыма өлең жолдары келеді:

«Ақ бұлттар, ала бұлттар, қара бұлттар,

Қарасаң аспанда да алалық бар.

Біреуде жас та болса даналық бар,

Біреуде қарт та болса шалалық бар».

Көңілдің құм-сағатына қайыра үңілемін. Бұл өлеңмен кездесуіме дейін әлі арада бірнеше жылдар жатыр еді…

Ол жылдары біздің үй малда, қойнауы құт Қарақұмның шығыс-терістік жағында отырар еді. Жердің аты да осы өңірге тән – Қоңырқұдық. Тылсым тарихын қауғамен саумалаған Жылыой-Маңғыстау аймағының тіршілік картасы да жылжыған жылдар бойы құдықтармен өлшеніп келді. Қоңырқұдық та, жарықтық, осындай көңілге де, өмірге де жақын жер еді. Шағыры шалғынды ормандай болған, «Қарақұм дегенше, қарағым десейші» деген қанатты сөзге кейіпкер болған Қарақұм қойнауында, Қоңырқұдық пен Аққұдық жайлауында, Майкөмген мен Еткөмгеннің байлауында өткен балаң күндер әкем Оралбай мен Аманқостың әкесі Назар ақсақалға да етене ортақ жерлер еді. Демек, бізге де ыстық, бізге де ортақ жерлер ғой ол.

Әкем орта сауатты, латын қарпімен де, орыс әрпімен де оқып, жаза алатын жан болатын. Жібермей қарайтын баспасөзі – аудандық «Ембі» газеті. Айына бір-екі рет келетін автодүкен жеткізетін шаң басқан бір буда газетті ақтарып-төңкеріп, ішінен «Ембіні» тауып алатын да, мақтадан сырылып тігілген жұқалтаң кеудешесінің оң жағында ауызы  ашыңқы қалтасынан құлақшасы қызғылт-қоңыр көзәйнегін алып, үнемі ондық шамның жарығын көтеріп қойып, ұзақты кеш «кәзит» қарайтын.

Әкем әсіресе өлең-жырды қағыс жібермейді. Аудан ақындарын жатқа біледі. «Жанаштың жаңа жырлары шығыпты, ауыздығын шайнап келе жатқан жорға ғой» деп отыратын. «Осы, әлгі Жетімек Назардың баласы жақсы ақын болып келе жатыр, әкесі көп сөйлемейтін, тұйықтау кісі ғой, шамасы сөз нағашы жағынан келді ме екен» деп, өз пікіріне өзі тоқмейілдік танытып жататын. «Ақын болғасын Аманқостай болу керек қой» деп әкем ағыл-тегіл болады да жатады.

Бір күні мен де «Ембіні» қарай қалдым. Соңғы бетінде «Қоңырқұдық» деген өлең басылыпты. Авторы — Аманқос Ершуов.

«Ата-бабам көкейге қонымды ғып,

Деп қойыпты атыңды Қоңырқұдық.

Жымыңдаған түнгі оттар шақырады,

Мен түгіл, жолаушының жолын бұрып», – деп төгіліп барады.

Ол кезде өлеңді талдауға күшіміз жете бермейді, өзіміз отырғасын ба, әлде жер аты таныс болғасын ба,  осы өлең маған керемет әсер етті. Әп-сәтте жатталды да қалды. Бұл өлеңді арада осыншама уақыт өтсе де әлі күнге жатқа оқимын. Ауылым туралы ойланғанда бұл өлең ешқашан есімнен шыққан емес. Пілте шамның жарығымен көне көзәйнегін түзеп қойып, газет оқып отырған әкемнің бейнесі есіме түскен сайын осы өлең де есіме түседі де тұрады. Қазір ол жерде кімдер отыр екен, әлде мал аяғы баспайтын көне жұрт, көшкен орын болып қалды ма, ол жағы маған беймәлім, бірақ «Қоңырқұдық» деген қоңыр сөз сағыныштың қоңыр әуені болып жанымды әлі күнге әлдилейді.

Туған жерінің тұнық бояуларын өлең өрнегіне салған, Қасым жырының қайсарлығын, Мұқағали ақынның тау суындай төкпелігін, соғыс кезеңі ақындарының арман-мұңын өне бойынан өткізген, жұртына жыр ғып жеткізген Алаштың айтулы ақыны Аманқос Ершуов әдебиетке осы «Қоңырқұдықтан» келген сияқты болады да тұрады.

Біздің ауылда ақын болмасаң болмайтын секілді. Ақкиізтоғай ауылындағы Амангелді орта мектебінің 6-шы класында талпынып өлең жаза бастадым. Алғашқы өлеңімді сол кездегі «жанып тұрған тақырып» – октябрьге арнағаным есімде. Ешкімге көрсетпедім, ешқайда бермедім онымды. Өлеңдік көркемдігі жоқ, ұйқасы аяғын әр жерден бір басқан нәрсе сияқты болғаны да әлі есімде. Енді ақындарды өзімше зерттей бастадым. Бұған дейін мектеп оқулықтары беттерінен көріп, оқитын ақындарымыздың бәрі тұлдыр жетім, әке-шешеден ерте айырылған жандар болатын. Мен тіпті ақын болу үшін әуелі жетім болу керек шығар деп ойлайтынмын. Және кітаптағылардың бәрі де шеттерінен бірер жылда қатар туып, бір жылда дүниеден өткен. Сонымен тірі ақынды көру деген қиын екен деген ой да қылаң берген. Әке-шешем тірі, мен, сірә, ақын бола алмаспын деп күдіктене бердім.

Абыз баба – Пір Бекеттің кіндігі кесілген Ақмешіттің ақжайнақ құмында кіндіктері кесілген ақындар: Ұлы Отан соғысының сұрапылынан оралмаған, жаны нұрланған шақта «Жазық дала» деп қолын  қоятын Далабай Жазықбаев, ерке Жемнің сабырлы ағысындай биязы, бір өзі бір әдебиет институтының жүгін көтергендей Қабиболла Сыдиықов, өлеңдерінің екпіні Желтаудан соққан желдей  ескен ақжарма азамат Меңдекеш Сатыбалдиев, ат құлағында ойнап, талай аламан  бәйгеде шабандоз бала атанған Айтуар Өтегенов, оның мақаласынсыз «Ембі» газеті шықпайтын тұсалмас тілші Қонаш Қалдыоразов, сырға берік сыралғы достар, кластас қанаттастар Аманғали Сеңгірбаев, Аман Жанкеев, Мақсот Қуатбаев, өлеңнен ғылым сүзген Амантай Оспанов, әрі ғалым, әрі сыншы, әрі ақын, Аманқос ағамның қызы Маржан Ершуова, ағысты ақын Бүркіт Базарбаев, олардан кейін шыққан жамыраған жүйріктей жігерлі топ, тағы басқа, асығыс шолғанда ауызға түспей жатқан іні-қарындастарым аяулы мекен – атакүлдік Ақкиізтоғай ауылының түлектері. Осы тізімнің ішінде мен де бармын деп көңілім тоғаяды. Бәрінің басында Бекет Ата тұр деп қабылдаймыз.

Ал, осы тізімнің төр тұсында көзге түсетін Аманқос Ершуовтың орны бір бөлек. Ақындар ауылы атанған Ақкиізтоғайдан түлеп ұшқан 35 ақынның есімдері аталған-аталмаған жандардың көбі ауылдан ұзап та кеткен жайы бар. Туған жерге туын тігіп, табан аудармай, төзімді күн кешіп келе жатқан, ақындар ұстаханасының көрігін дүрілдетіп, жырын оқыған жандардың жүрегін дірілдетіп Аманқос ағамыз Ақкиізтоғайында отырып-ақ алашқа сөз ұзатты. «Дипломмен – ауылға» деп дүрлігіп жатқан қазіргі заманда осы мәселені алпыс жыл бұрын түбегейлі шешіп тастаған тарлан ақын, тағылымды ұстаз Аманқос Ершуов болатын.

Пайғамбар хадисінде ең сауапты істердің бірі – адамға білім беру, оқыту деген. Сол сауапты қалағанынша алып жатқан ақын-ұстаз, Аллаға шүкір, жетімек болса да, жетім емес екен. Ұзақ жыл колхоз басқармасы болған әкесі Назар Ершуов нағашымды сан рет көріп, аузымды толтырып «Ассалаумағалейкум» деп сәлем беріп, атын ұстағаным бар. Мен сөйтіп ақын баласынан бұрын абзал әкесін көрдім. Ақынды содан кейін ғана көрудің сәті түсті. Тірі ақынды да көрдім-ау, әйтеуір.

1966 жылғы қыркүйек айында біздің Амангелді орта мектебіне жаңадан оқу бітіріп бір топ жас мұғалім келді. Олар шалғайда жатқан бұйығылау ауылымызға жаңаша өмір, жарқын көңіл ала келді. Солардың бірі Аманқос ағай болатын. Қасында қалаша  сәнді киінген, қасы-көзі қиылған, біздің ауылдың жаңа келіні Алтын апай бар.

Бұл кісімен де танысуым қызық болды. Тоғызыншы кластың алғашқы сабақтары да басталды. Менің алғашқы өлеңдерім аудандық «Ембі» газетіне  шыға бастаған кезі. Ауыл арасында «ақын бала» атанып, кеудем кішкене көтеріле бастаған шақ. Алтын апай бізге математикадан сабақ беретін болды. Сабақ басталар алдында Балтабай Адамбаев құрастырған «Шешендік сөздер» мен атақты ақын Әбу Сәрсенбаевтың «Ақша бұлт» деген кітаптарын ала келіп, шешендік сөздердің тамашасына батып отырғанмын. Аңдамай қалыппын, Алтын апай асығыс кіріп келді де, қолымдағы кітапты жұлып алып, кластан шығарып жіберді. Әжептәуір ақын атанған басым өкпеледім де қалдым. Кітап оқығанды жазалау әдеті бізде жоқ еді.

Апайдың да мінезі қатты екен, содан мені екі апта сабағына кіргізбеді. Сегізінші класқа дейін жақсы оқыған математика пәніне деген көңілім содан суи бастады. Біржола «әдебиетке» қарай ойыстым. Ең қызығы, Аманқос ағай бізге әдебиеттен сабақ береді. Болған оқиғадан бейхабар  болуы керек, жақ ашпайды. Мен де айта қоймаймын. Сөйтіп Алтын апайға оппозиция, Аманқос ағайға шәкірт болып күндер өтіп жатты.

Кейінгі жылдарда, ақын атанып, танымал тілші болған жағдайымда әзіл-шыны аралас: «мені әдебиетке әкелген Алтын апай» деп айтып, жазғаным да бар. Сөйтсем, Алтын апай менің апам болып шықты. Демек, мені әдебиетке біліп, білмей жетектеген Алтын апам. Осы кезеңдерде Аманқос ағамның өлеңдері республикалық газет-журналдардың бетінен жиі көріне бастады. Атыраудың облыстық газеті арнаулы нөмірлерінің алдына Аманқос жырларын салатын болды. Аманқос поэзиясының білгірі әрі жанкүйері әкемнің де оқитын газетінің ауқымы үлкейіп кетті.

Сол кезде бұрын тарих шаңына көміліп кете жаздаған ұлттық дәстүр – ақындар айтысы қайтадан жандана бастаған. Бірақ қазіргі айтыстардай азуын айға білеп, қағазға қарамай жөңкіле жөнелетін салт әлі қалыптаса қоймаған-ды. Ақындар жазып келіп, соны оқып беріп айтысады. Соған қатысқан Аманқос ағамыз мұнда да қамшы салдырмай, өлеңнің барлық заңдылығы мен техникасын толық сақтап, төрт аяғы түгел теңжорға жырларымен елдің аузынан түспейтін болды. Оның тауып айтқан тіркестерін жұрт жатқа айтып, күлер жерде күліп, қостар жерде қостап жататын.

Істеген жұмыстары далаға ұшып,

Жүреді мал маманы арақ ішіп.

Қыраубаев ұрып жыққан бір байғұстың,

Жарасын жалап тұрды қара күшік, – деген шумақтары әлі күнге жадымнан өшкен жоқ. Бұдан да басқасын ұзақ-ұзақ келтіруге болар еді, бірақ оған жер тар, уақыт қысаң.

Бір күні «Ембі» газетіне шыққан «Шопан» деген өз өлеңімді әкеме: «Көке, Аманқос Ершуовтың мына өлеңін оқып берейін, тыңдап көр» деп өз өлеңімді дауыстап, мәнерлеп оқып бердім. Қайран әкем қуанып: «Назардың баласының өлеңі екені көрініп тұр, Аманқосы мықты ақын ғой» деп баға бергенде, төбем көкке жетіп, қатты қуандым. Демек, мен де ақын бола алады екенмін деп сенім көлігіне мінгендей болдым.

Аманқос ағай бір класта өлең жазатын төрт-бес бала бар екенін білетін, бірақ ешкімнің өлеңін талдап, ақыл айтып көрген емес. Шамасы біздің өлеңдерімізді әлі шикі, бір қайнауы кем деп есептеген болар. Біз оған қызық болмаған секілдіміз. Кейін студент болып жүрген кезімде, екінші курста  аудандық «Ембі» газетіне «Туған жер» деген толғауым шыққанда елден, Аманқос ұстазымнан хат келді. Жырымды жақсы қабылдап: «біршама өскеніңді көрдім, іздене бер, тілектеспін» деген сөзі маған берілген кепілдеме сияқты болып, жігерімді жанып кетіп еді.

Жылдар Құлагердей құйғытып өте шықты. Біз де жетпіс деген жастың төріне шығып, төңірегімізде кім бар деп, оң-солымызға қарағанда, туған ауылдың туын көтеріп келе жатқан кейінгі толқынның қарасын көреміз. Тілектес көңілмен оларға сәт-сапар тілеймін. Сиректеу болса да ауылға ат ізін салғанда ұстаздарымның, өмірден өткен бапкерлерімнің рухына дұға бағыштаймын. Солардың ішінде ұстазым, қазақ жырының қазанаттарының бірі Аманқос Ершуовтың орны мен үшін бір бөлек. 

Ақындық айдыны теңіз тектес, шашы желді күнгі теңіздің желінен дудырап, аспанға тартқан ақша бұлттардай болып, басын бір сілкіп тастап, өлең оқып тұратын талантты жанның таныс бейнесі көз алдыма келеді.  Туғанына сексен жылы тойланып жататын іс-шараның ізгі  кейіпкері Ауылда туып, Ауылда ғұмыр кешкен Аманқос Ершуовтың өміршең өлеңдері енді оның мәңгілік өмірі болып жалғасып  жатқаны көңілге қуаныш сыйлайды. Ол қуаныш – халықтың қазынасы. Қазынамыз көп болсын, қымбатты бауырлар!

Өтеген  ОРАЛБАЙҰЛЫ,

Мемлекеттік  сыйлықтың  лауреаты,

Қазақстанның  еңбек  сіңірген  қайраткері,

Жылыой ауданының  Құрметті  азаматы

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз