Атырауда Герольд Бельгердің 90 жылдығына арналған іс-шара өтті
Атырау қаласындағы «Былина» халықтық кітапханасында танымал жазушы, прозашы, публицист, әдебиет зерттеушісі, сыншы және аудармашы Герольд Бельгердің 90 жылдығына арналған іс-шара ұйымдастырылды.
Жиынға жергілікті қауымдастық өкілдері, әдебиетсүйер қауым қатысып, жазушының шығармашылық мұрасы мен оның қазақ және орыс әдебиетіне қосқан үлесі талқыланды.
Басқосуда «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің төрағасы Андрей Кораблев Бельгердің өмірі мен жетістіктері туралы айрықша айтып берді.
–Бүгінгі іс-шараның Герольд Карловичке арналғанына өте қуаныштымын. Оның қазақ мәдениеті мен тіліне бай шығармаларын қайта-қайта оқуға болады. Ол үш тілде – қазақ, орыс және неміс тілдерінде еркін сөйлейтін тұлға еді. Оның кітаптары әрбір кітапханада және кітап дүкендерінде болуы маңызды. Ол біздің мәдениетімізге, әдебиетімізге орасан зор үлес қосты, — деді А.Кораблев.
Атырау облысының «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің төрағасы Олег Шмаль Герольд Карловичті неміс текті бола тұра, қазақ тілін жетік меңгерген және қазақ ауылының, қоныс аударушылардың, өзінің балалық шағы туралы тамаша әдеби шығармалар жазған көрнекті жазушы ретінде сипаттады.
Іс-шара барысында қатысушылар Герольд Бельгердің әдеби шығармашылығы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның еңбектерін жоғары бағалады. Жазушының туындылары қазақ және орыс әдебиетінің дамуына зор үлес қосқаны айтылып, оның рухани мұрасының халық жадында сақталатыны ерекше атап өтілді.
Айта кету керек, жиын Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қоғамдық келісім» КММ, «Былина» орыс және «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестіктерінің қолдауымен өткізілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Суреттерді түсірген Расул СЕРІКОВ