Жарнама
Әдебиет

«Танымның бар тамашасы – кітапта»

Жуырда Ресейдің Астрахан облысында Балалар мен жастар әдебиетінің ІV Халықаралық фестивалі өтті. Ресей мемлекетінің «Культура» ұлттық жобасының аясында ұйымдастырылған ауқымды іс-шараға Қазақстан, Әзербайжан, Дағыстан, Белоруссия, Калмыкия республикаларынан, сондай-ақ Мәскеу, Петербург қалаларынан ақын-жазушылар мен баспагерлер қатысқан болатын. Білгеніміздей, төртінші рет ұйымдастырылып, дәстүрге айналған фестивальді өткізудегі мақсат – балалар мен жастар әдебиетін дамыту, өскелең ұрпақ арасында кітап оқу дағдысын қалыптастыру екен.

Аталған әдеби мерекеге Қазақстаннан жерлес қаламгер, ақын, аудармашы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, Махамбет сыйлығының иегері, Қазақстан Жазушылар одағының Атыраудағы өкілі Әлия Дәулетбаева арнайы шақырумен қатысып қайтты.

  – Балалардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру үшін ата-аналардың да кітап оқығаны маңызды рөл атқарады. Баланың өзге адамдардың жан дүниесін түсінуі мен жай-күйін ұғынуы қабілеттілігі, бір сөзбен айтқанда, эмпатияны дамыту үшін де кітаптың әсері зор. Осындай мақсатты көздеген тағылымды шараны бұған дейін 90 мыңға жуық адам тамашалап үлгерген екен. Фестиваль аясында баспасөз мәслихаты, панельдік пікірталас алаңы, әдеби кездесулер өткізіліп, балалар мен жастарға арналған кітаптар жәрмеңкесі жүріп жатты. Оған Мәскеу, Петербург және Астрахан қалаларынан көптеген баспалар қатысып, өз өнімдерін ұсынды. Қаламгерлер қатарында әйгілі мәскеулік балалар жазушысы Анна Гончарова, беларустік Ирина Карнаухова, мәскеулік ертегіші-драматург Андрей Усачев, әзербайжандық Солмаз Амановалар болды, — дейді Әлия Дәулетбаева.

Ресей Жазушылар Одағы Астрахан филиалының басшысы Юрий Щербаков Ә.Дәулетбаеваның бір топ өлеңін орыс тіліне аударып, «Живое слово» атты жинаққа енгізген болатын.

Астрахан опера және балет театрының аумағы ат шаптырым жасыл желекті саябағында әдеби салондар ұйымдастырылды. Бағдарлама аясында ақын Әлия Дәулетбаева астрахандық жастармен кездесіп, олардың көптеген сұрақтарына жауап берді. Қаламгер өз жұмыстарын таныстырып, шығармалардың бала дамуына әсері жөнінде әңгімеледі, аударма мен кітап шығару кезіндегі қызықтары мен қиындықтарымен бөлісті.

Ежелден Алтын Орданың айбарлы астаналары орналасқан, тарихы мен тағдыры терең байланысқан көршілес Астрахан өңірінің қаламгер қауымы атыраулық әріптестерімен ынтымақтастық байланыс орнатуға мүдделі екендіктерін танытты.

Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button