«Жоқ, ақша алмаймын. Сізді тегін әкелдім»

Адамгершілік айнасы КЕЗЕКШІ БАҒАНАСЫ Руханият Қоғам

Жаңа  жыл қарсаңында Жұлдыз ықшамауданынан қала орталығына баруға тура келді. Түнгі уақытта жол бойынан танымайтын көлікті тоқтаттым.

_EAC5807

Қараңғыдан ба, адам бойында үрей пайда болады екен. Бірақ, қорқынышымды білдірмей, баратын жеріме жеткізуді өтіндім. Сөйтіп келісілген жерге жеткізгесін, «Жол ақысына қанша берейін?» деп сұрадым. «Жоқ ақша алмаймын. Сізді тегін әкелдім. Жаңа жыл құтты болсын» деп жылы сөзбен жай ғана құттықтады.

Міне, азамат. Айналамызда осындай қайырымды, мейірімді, қанағатшыл жандар бар болғанына іштей қуандым. Қазіргі заманда  адамгершілікпен қол ұшын созатындар аз-ақ. Тіпті, қасында жүрген бауырларына көмектесе алмай жүргендер қаншама? Бәрібір ақшаны күректеп тапсаң да артылып жатқаны жоқ. Сондықтан бұл жүргізушіге ата-анасы берген тәрбиенің мол екенін көруге болады.

Жақында әлеуметтік желіден жас көлік жүргізушісінің жақсы ісіне куә болдық. Көлігінде 500 мың теңге көлеміндегі ақшаның қалғаны туралы желіде  хабарлаған еді.  Таксиге ақшасын қалдырып кеткен келіншек тез арада табылып,  жүргізушіге алғысын білдірді. Бұл да қуанарлық оқиға. Сондай-ақ, жуырда осындай жағдай Ақтөбеде де орын алды. Такси жүргізушісі қайырымды ісі үшін  Ақтөбе облыстық полиция департаментінің Алғыс хатына ие болды.  Көлігінің артқы орындығынан  қомақты қаржыны көреді.  Көп ойланбастан құқық қорғау орындарына жүгініп, клиенттердің бірі ақшаны қалдырып кеткендігі туралы айтады. Сол мезетте  полицияға ер адам хабарласып, таксиде 1 миллион 100 мың теңгесін қалдырып кеткенін  мәлім еткен.

«Жақсының жақсылығын айт нұры тасысын…» демекші қайырымды адамдар туралы жиі айтуымыз қажет. Себебі, бұл өсіп келе жатқан ұрпаққа үлгі өнеге емес пе? Мұны естіген жастар да көмектесіп, жақсылық жасай жүреді деген сенімдемін.

Гүлдана ЖАМБОЗОВА

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *