Атыраулық бапкер «Құрметті спорт қызметкері» атанды

img 20191226 wa0031 Жаңалықтар

Atr.kz/30 желтоқсан, 2019 жыл. Жыл соңында спорт саласында болған жағымды жаңалықтың бірі – таеквондодан республикаға танымал жаттықтырушы Нұрхат Дүйсенбаевтың  ҚР Мәдениет және спорт министрінің «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісінің  иегері атануы болды.

Отыз жылдан астам уақыт бапкерлік қызмет атқарып келе жатқан  Нұрхат Саясатұлы  қиындығы да қызығы да мол ұстаздық жолында талай ірілі додаларда топ жарған ел біріншілігінің бірнеше дүркін чемпионы Ринат Сәрсенғалиев, Әлем чемпионатының қола жүлдегері Назгүл Тәжіғұлова, Азия чемпионатының бірнеше дүркін жүлдегері Сәуле Сардарова сынды спорт саңлақтарын тәрбиелеп шығарды. 2007 жылы осы еңбегі еленіп, «Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген жаттықтырушы» атағын да алғанды. Мерейін өсірген осы марапат жас жаттықтырушының одан әрі табысты еңбек етуіне шалқар шабыт сыйлағандай болды.

Көп кешікпей Арман Шилманов секілді  тағы бір шәкірті әлемдік додаларда жеңіс тұғырларынан көріне бастап, ол 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиадада қола медаль иегері атанды. Бұл жеңіс бұрын Қазақ елі тарихында осы спорт түріде болмаған жетістік еді. Сол кезде шәкіртінің осы бір табысы оның абыройын тағы бір асқақтатқан еді. Бұдан бөлек, білікті бапкер 2017 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың Алғыс хатын да иеленді. 

Бүгінгі күні №1 Мамандандырылған балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде шәкірттерді шыңдап  отырған жаттықтырушы әлі де талай Олимп шыңын бағындыратын спортшыларды тәрбиелеп шығаруға ниетті екен. Ендеше, еңбегі еленген бапкеріміздің мерейі арта берсін!

Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ

img 20191226 wa0035
Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз