“ІЗГІЛІК – халқымызға тән қасиет”

Адамгершілік айнасы Жаңалықтар

Atr.kz/14 ақпан, 2020 жыл. Волонтер болу – жүректің ісі, яғни шынайы ниеттің көрінісі. Осы волонтерлық қызметтің кеңінен тарауы ел экономикасының дамуына жаңаша серпін береді. Ендігі міндет – еріктілер идеясы маңайына мемлекеттік органдарды, бизнес, тұтас қоғамды топтастыру. Осындай бірліктің арқасында біз өмірімізді жаңа деңгейге көтере аламыз.

Сәрсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен елордада ресми түрде ашылған «Волонтер жылының» түйіні осы. «Birgemiz» Волонтерлер фронт-офисінің ашылу рәсіміне мемлекеттік деңгейде маңыз берілуі тегін емес. Себебі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі атап өткеніндей, еріктілер қызметінің дамуы – өркениеттің өлшемін де білдіреді.

Тіпті, басқаны былай қойып, өз қазағымыздың өткенін ақтарып қарасақ, қайырымдылықтың қанға сіңген қасиет екендігін көреміз. Сонау қиын-қыстау замандағы жаппай жер аудару кезеңінде халқымыз шеттен келген талай ұлтты бауырға басты. Барымен бөлісті. Бүгінде Қазақ елі әлем мойындаған бейбітшіліктің жаршысына, дербес мемлекетке айналды. Жақсылықтың қайтарымы жақсылық екендігін осылайша, ата-бабаларымыздың игі әрекеті дәлелдеп берді. Еріктілермен кездескен Президент өз сөзінде осынау игі дәстүрді жаңғыртып, оны ұлы аманат ретінде болашаққа тапсыру мәселесін орынды көтерді.

«Бүгінде дүние жүзінде бұл үрдіс кең таралып, әлемдік қозғалысқа айналды. Қазірдің өзінде жер бетінде 1 миллиардқа жуық адам волонтерлікпен айналысады. Ал бізде – 16 мың. Бұл, әрине, аз. Осы көрсеткішті 100 мыңға дейін көтеруге болады» деген Президент волонтерлер санының бір миллионға дейін жетеріне сенім білдірді.

Ж ә н е П р е з и д е н т Қасым-Жомарт Тоқаев еріктілердің игі ісі жаһандық экономикалық дамудың механизмі екендігін айтты.

«Әлемдік ішкі жалпы өнімнің 2,5 пайызы – еріктілер еңбегінің нәтижесі. Сондықтан, біз волонтерлықты кеңінен дәріптеуіміз керек. Береке-бірлігімізді арттыратын шараларға бір ел, тұтас ұлт болып атсалысуымыз қажет» деп атап өтті Мемлекет басшысы.

ЕРІКТІЛІК ЕНДІ ЕҢБЕК ӨТІЛІ БОЛАДЫ

Волонтер жылы – бір реттік шара емес. Волонтер болып, ізгіліктің нұрын себу енді өмір сүру образына айналады. Біріншіден, Президенттің арнайы тапсырмасымен, енді волонтерлік жұмыс еңбек өтілі болып есептеледі.

«Сондай-ақ, волонтер студенттерге қосымша стипендия беріледі немесе пән кредиттерін жабуға рұқсат етіледі. Осы салада жұмыс істейтін үкіметтік емес ұйымдарға да қаржылай көмек беріледі. Осыған орай, әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру үшін 400-ден астам шағын грант бөлінеді. Әр гранттың құны 300 мың теңге көлемінде болмақ. Одан бөлек, әкімдерге жергілікті бюджеттен қосымша гранттар бөлуді тапсырдым. Еңбегімен ерекшеленген волонтерлер мемлекеттік наградаларға ұсынылады» деп атап өтті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде.

Екіншіден, ауыл жастарын, жетімдер үйі т ә р б и е л е н у ш і л е р і н , ардагерлерді, жалғызбасты қарттарды қолдау үшін нақты жобалар іске қосылады. Қайта бейімдеу, науқас адамды күту бағытындағы игі істерге де маңыз берілмек. Сонымен бірге, Президент құқықтық сауаттылықты арттыру, табиғатты, еліміздің мәдени мұрасын
қ о р ғ а у б а ғ ы т ы м е н батырларымыздың есімін ел есінде қалдыру жолында да нақты жұмыстар атқарылуы тиіс екендігін атап өтті. Үшіншіден, мемлекет волонтерлық қызметті дамыту үшін тиімді орта қалыптастырады.

«Бұл іске еліміздің әрбір жауапты азаматы жұмыла алады. Сол үшін біз жаңа волонтерлық инфрақұрылым қалыптастырамыз» деді Мемлекет басшысы.

ФРОНТ-ОФИС – ІЗГІ ИДЕЯЛАР ОРТАЛЫҒЫ

Яғни, сәрсенбі күні ресми түрде жұмысын бастаған «Birgemiz» волонтерлер фронт-офисі енді еріктілердің жобалары мен бағдарламаларына, и д е я л а р ы н а қ о л д а у көрсетеді. Және осындай орталықтар еліміздің барлық өңірлерінде іске қосылады. Сонымен бірге, еліміздің мектептерінен бастап, жоғары оқу орындары базасында волонтерлық қозғалыстар құрылады.

Т ө р т і н ш і д е н , Президенттің тапсырмасымен барлық волонтерлық жобалар енді мемлекеттік органдардың, бизнес сектордың қатысуымен іске қосылады. Мемлекет басшысының пікірінше, мұндай қадам корпоративті волонтерлық қызметтің дамуына айрықша серпін береді. Бесіншіден, волонтерлер еліміздің рухани әлеуетін арттыруға үлес қосады.

«Мәдениетімізді дамытпай, өсіп-өркендеу мүмкін емес. Қазіргі таңда мәдениет және өнер саласындағы жас таланттардың арқасында Қазақстан күллі әлемге танылып келеді. Біз осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек, яғни ойы ұшқыр, дарынды азаматтарды барынша қолдау қажет. Сонда ғана төл мәдениетімізді жаңа белеске көтеретін буын қалыптасады» деген Президент ҚасымЖомарт Тоқаев Мәдениет және шығармашылық бастамаларды қолдау қорының құрылатынын мәлімдеді.

Яғни, бұл жаңа құрылым шығармашылық жобаларға қаржылық қана емес, жан-жақты түрде қолдау көрсететін болады.

«Қордың жұмысына волонтерлерді де тарту қажет. Олар музей, кітапхана және өнер мекемелерінде өздерінің жобаларын жүзеге асыра алады» деген Мемлекет басшысы мұндай іс-шаралардың еліміздің шығармашылық әлеуетін нығайтуға мол мүмкіндік береріне сенім білдірді.

P.S.

Иә, ерікті болу – жүректің қалауы, саналы таңдау және Отанымыздың дамуына қосылған өзіндік үлес. Біз біріккен жағдайда ғана алынбас қамалға айнала аламыз. Ал, ізгілік көбейген жерде әлемді мейірімділік баурайды. Елордаға арнайы сапарлауымызға себеп болған алқалы жиын жүректерге осындай ойдың дәнін еккеніне қылаудай да күмән жоқ…

Баян ЖАНҰЗАҚОВА

Атырау – Нұр-Сұлтан – Атырау

*Сіз не дейсіз?

Ерлан ӘУКЕНОВ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі:

– Біздің басты миссиямыз – халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына көмектесу. Қазіргі уақытта министрлік волонтерлердің қатысуымен бес түрлі жоба бойынша жұмыс атқарып отыр. Мәселен, «Қамқор» жобасы бүгінде 122 мыңнан астам қазақстандықтың 930 ұйымда әлеуметтік көмек алуына мүмкіндік беруде. Яғни, бұл жоба күндізгі стационарды, қарттар мен мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілетін әлеуметтік көмектерді, бейімдеу орталықтарын қамтиды. «Сабақтастық» жобасы 25 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі балалардың ел бойынша 476 ұйым арқылы әлеуметтенуіне, өзіндік дамуына жағдай жасауда. «Бақытты отбасы» орталықтары көп балалы аналардың білім алуына, кәсіп бастауына, сондай-ақ, сәбилерінің де пайдалы курстардан өтуіне ықпал етуде. Ал, биыл іске қосылатын «Белсенді ұзақ өмір» жобасы зейнет жасындағы азаматтардың өмір сүру образына серпін беру арқылы жақсартуға бағытталып отыр. Сонымен бірге, «Тең қоғам» жобасы да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың жаңаша ілім алуына, тұлғалық дамуына ықпал ететін болады.

Валерий МИТРОФАНЕНКО, «Нет алкоголизму и наркомании» қайырымдылық қорының төрағасы, «Социальный дед» жобасының авторы (Ресей):

– Қазақстанда тұтас жылдың волонтерге арналуы – барлық мемлекет үшін үлгі аларлық тәжірибе. Себебі, волонтерлық қызмет – билік пен бұқараны ғана емес, тұтас қоғамды біріктіретін әлеуметтік көпір. Бұл менің тәжірибелі ерікті ретіндегі пікірім. Мен өз елімде, яғни, Ресейде «Социальный дед» жобасын іске қостым. Ондағы мақсатым – көп балалы жанұяларға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға, жалғызбасты аналарға көмектесу. Яғни, мен ата ретінде ол үйдің сәбиін балабақшаға, мектепке тасимын. Үйде сәби күтімімен отырған аналардың балаларын арнайы ұйымдармен келіссөз жүргізу арқылы сәбилер орталығына, спорттық секцияларға орналастырамын. Және жұмыссыз отырған аналарымыздың еңбекке араласып, нәпақа тауып, әлеуметтік жағдайын жақсартып алуына ықпал етемін. Шынайы нәтиже беріп жатқан бұл жобалар қайырымдылықтың шегі болмайтынын, жақсылықтың жақсылықпен жалғасатынын дәлелдеп отыр.

Эльвира ГАЙСИНА, «28 ілмек» клубының Атырау облысы бойынша үйлестірушісі:

– Менің бұл клубқа келгеніме төрт жылдай уақыт болды. Клубқа келген кезде мен тоқу өнерін мүлде білмейтінмін. Кейін тоқу сүйікті ісіме айналып кетті. Себебі, біз айкүні толмаған балапандар үшін таза жүннен бас киім, шұлық тоқып, жергілікті перинаталдық орталықтарға тапсыру арқылы нәрестелердің жетілуіне үлес қосып келеміз. Біздің клуб 2012 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Оны құрған – фотограф Карла Нұр. Қозғалыстың өмірге келуіне дәрігерлердің сәбилер үшін жанталаса жүріп жүннен киім тоқуы себеп болған еді. Ал, Президентпен кездесуден алған әсерім ғажап. Себебі, Мемлекет басшысының өзі еріктілерге назар аударып, мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіп отыр. Бұл біздің рухани тұрғыда дамып жатқанымызды білдіреді.

Дана ҒАСЫРБЕК, «JARQYN BOLASHAQ» жастар қоғамдық бірлестігінің жетекшісі (Махамбет ауданы):

– Біз құрған бірлестіктің басты мақсаты – жастардың бастамаларын қолдау. Қазір біз «Qulabyz» еріктілер жасағын ерекше жоба ретінде айта аламыз. Себебі, бұл жасақ жастардың тұлғалық дамуына септігін тигізетін тренингтер, ағартушылық жұмыстарын жүргізумен айналысып отыр. Екінші бағытымыз – әлеуметтік кәсіпкерлік. Бұл жоба жастардың жан-дүниесіне жақын мамандықты таңдап, кәсіби тұрғыда машықтануына ықпал ететін болады. Біз әр жобамыздың нәтиже береріне сенеміз. Себебі, волонтерлермен кездескен Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ізгілік істердің бір реттік акция күйінде қалмай, өмірлік образға айналатынын айтты.

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *