Өзен жағасында отырып, өзегіміз талды

i 5 Жаңалықтар

Ауыл шаруашылығы министрлігінің №48 бұйрығына сәйкес, тауарлы балық өсірушілерді және тоған шаруашылығымен шұғылданушыларды субсидиялау, инвестициялық салымдарды реттеу белгіленген. Әйтсе де, осы салада күрмеуі тарқатылмаған өзекті мәселелер де жетерлік. 

i

Жалпы, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Арман Молдашевтың айтуынша, 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіпті кешенді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламаға тауарлы балық өсіру енгізілген. Оның аясында кәсіп иелері жұмсаған инвестицияның бір бөлігін субсидиялау қағидалары бекітілген. Аталмыш инспекцияның ихтиологиялық мониторинг және балық аулауды реттеу бөлімінің бас маманы Жанайым Аманкелдіқызы бұл бастаманың АҚШ, Ресей, Қытай, Израиль сияқты дамыған мемлекеттерде кеңінен тарағанын айтады.  Қазақстанда Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында ілгерілеушілік бар. Ал, Атырауда тек екі  табиғат пайдаланушы ғана тауарлы балық өсірумен айналысып отыр.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің бұйрығымен бекітілген субсидиялау ережесінде шығындарды өтеу екі топқа жіктелген. Мәселен, жекелеген балық өсірушілерге көлдік тауарлы шаруашылықтарға жабдық сатып алуға шығынның 30 пайызын, ал, бірлескен кооперативтерге жартысын өтеу қарастырылған. Сондай-ақ, су маржандарының қорегіне де субсидия бөлу назардан тыс қалмаған. Мәселен, бекіре, арқан балық (лосось), тұқы (карп) тұқымдас балықтардың жеміне кеткен шығынның 30 пайызы төленеді. Әйтсе де, бір ескеретін нәрсе – инвестициялық субсидиялар аталған жоба аясында техникалар мен жабдықтар алынғаннан кейін ғана қаржыландырылатындығы.

Алайда, бұл салада қордаланған проблема жетерлік. Мәселен, Шортанбай балық зауытының директоры Б.Абдоловтың айтуынша, ол тоған шаруашылығын ашуды 2012 жылдан бері жоспарлап келеді. Кедергілер жетерлік. Шарон өзенінің бойынан 50 га жер алғанымен, Астанадағы комитет оны шекаралық аймақ деп бермепті. Ал, Ресейде бұл бағытта жүзеге асырылған шаралардан үлгі алуға болады. «Каспий таңы» өндірістік кооперативінің төрағасы Бақытжан Теміровтің тоған шаруашылығына арналған 220 гектар жері бар. Оның құжаты да дайын. Кеңестік кезде бұл іс жүйелі жүргізіліп, одан мол өнім де алған. Кейін қаржы жетіспеуінен жұмысын тоқтатқан. Үкіметтен субсидия бөлінсе, кәсіпкер төрт тоғандағы қызметін  қайта жандандыруға дайын. Рас, жеткілікті су мен шабақ қажет.

«Каспий-балық» өндірістік кооперативінің төрағасы Жұмажан Шакупов барлық мәселенің қаржыға келіп тірелетіндігін айтады. Қазіргі таңда балықшылар  шыққан шығынын тапқан табысымен жаба алмайды. Жылдан-жылға балық аулау лимиті де қысқарып келеді. Ал, биоресурсқа төлейтін төлем мөлшері өсуде. Бүгінде ашық теңізден балық аулауға шектеу қойылатыны туралы айтылуда. Ал, Каспий жағалауындағы төрт мемлекетте мұндай тыйым жоқ. Қиғаштың жартысын Ресей, екінші бөлігін Қазақстан пайдаланып отыр. Енді алдағы уақытта өзеннің сағалық кеңістігінің оң және сол жағынан 50 шаршы шақырым қашықтықта ау салуға рұқсат бермеу және   екі-үш метр тереңдіктен ғана балық аулау жөнінде жоғарыдан нұсқау түсіпті. Қиғаш бойындағы елді мекендердің 12 мың тұрғыны осы кооперативте жұмыс жасайды. Яғни, әлгіндей тыйым болса, онда балықшылар отбасы күнкөрісінен айырылады. Парламент Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов арқылы мәселе Ауыл шаруашылығы министріне жеткізілді. Енді Елордадағылар бұл мәселе жөнінде Ресей қандай шешім шығарса, сонымен келісетіндігін жеткізіпті.

Ал, аудандық балық қорғау инспекциясының басшысы  Сансызбай Тоғаевтың пікірінше, Қиғаш Жайық тәрізді бірден ашық теңізге шыға алмайды. Осыны да ескерген жөн. Көктемгі балық аулау лимиті кеш берілуі де балықшыларға қолбайлау болды. Соның салдарынан өнімді тиімді бағаға сату қиынға соғады. Ал, «ҚР Мемлекеттік шекарасы туралы»   Заңның 48-бабы 4-тармағына сәйкес, кемелердің түнде жүзуіне рұқсат етілмейтін талабы тағы бар. Облыстық аңшылар қоғамы аудандағы Иголкин, Кінәша арналарында балықшылардан үріккен құстардың балапан өргізуі қиындап бара жатқанын айтады. Ал, құстар азайса, шетелдіктер келіп саяхаттауды доғаратын көрінеді. Сондықтан, балық аулауға тыйым салуды  құптайтынын білдіріпті. Бұл – өзен жағалап, өзегін жалғап жүргендердің тірлігіне кереғар пікір. Құрманғазылық кооператив жетекшілерінің бір үміті – жақында облыста жоспарланған балық шаруашылығына байланысты алқалы басқосу. Соған қатысып, өз ойларын ортаға салмақшы.

 Айнагүл ШАКУПОВА,

Құрманғазы ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз