«DariKz» қосымшасы іске қосылды

45621 933772 11 Жаңалықтар

Atr.kz/24 шілде, 2019 жыл. Елімізде дәрі-дәрмек іздеуге арналған жаңа «DariKz» қосымшасы іске қосылды. Аталған мобильді қосымшадан Қазақстан аумағында тіркелген дәрілер туралы толық ақпарат алуға болады.

Жаңа порталды Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығының қызметкерлері бір жыл ішінде жасақтады. Бүгінде мұнда елімізде тіркелген жеті мыңнан аса дәрінің түрі енгізілді. Тұрғындар кез келген жерде смартфон арқылы ел аумағында сатылатын барлық дәрі-дәрмек туралы – оның шығу мерзімі, қолданылуы, құрамы мен адам ағзасына тигізетін кері әсері секілді толық ақпаратты алады. Барлық мәлімет қазақ және орыс тілдерінде дайындалған.

Сала мамандарының айтуынша, мұнда дәрінің түпнұсқалығын тексеруге де болады. Дәрінің қаптамасын тіркеу куәлігінің нөмірі көрсетілген бетінен суретке түсіріп алу керек. Іздеу нәтижелері шығатын бетте нақты тіркеу нөмірімен дәрілік препарат туралы толыққанды ақпарат пайда болады. Бұл қызмет іске қосылғалы бері тұрғындарға бұрынғыдай дәріні қолдану нұсқаулығын сақтаудың да қажеттілігі жоқ. Портал құрастырушыларының айтуынша, алдағы уақытта қосымшада дәрілердің Денсаулық сақтау министрлігі бекіткен шекті бағалары да орнатылады.

Егер іздеген дәрінің бағасы сол бағадан қымбат болса, шағымдану бұрышына өз талап-тілегіңізді жазуға мүмкіндік бар. Тіркелген әрбір шағым Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жолданып, тексеріліп отырады. Бұдан басқа, қосымшаның арнайы бөлімінен дәрі-дәрмек саласындағы ақпараттар мен жаңалықтармен де танысуға болады.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз