БОЛАШАҚҚА – БІЛІМДІ, ДЕНІ САУ ҰРПАҚ ҚАЖЕТ!

Жаңалықтар Спорт

Аtr.kz/18 сәуір, 2019 жыл. Атырауда облыстық спорттық-интеллектуалдық эстафета осындай ұранмен өтті.

Облыстық білім беру басқармасы мен Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының күнтізбелік жоспарына сәйкес, жалпы білім беретін мектептердің 1-10 сынып оқушылары арасында «Болашаққа – білімді, дені сау ұрпақ!» ұранымен спорттық-интеллектуалдық эстафетасы биыл оныншы мәрте өткізіп отыр.

«Атырау» спорт кешенінде ұйымдастырылған дәстүрлі шараның басты мақсаты – шәкірттердің біліммен бірге спортқа деген қызығушылығын оятып, салауатты өмір салтына баулу. Ой-өрісін дамыту арқылы олардың бойындағы  отансүйгіштік, ұжымшылдық, жауаптылық сезімдерін арттыру. Рухани жігерлілікке, адамгершілікке тәрбиелеп, балғын спортшылар арасынан дарынды ойыншыларды анықтау. Сайысқа барлығы 8 команда, 160 оқушы қатыcып, спорттың бірнеше түрінен өзара бақ сынасып, бәсекелесті. Оларға білім беру басқармасының бас маманы Кәрима Бөкенова мен аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының директоры Сәдіржан Жекенов жылы лебіздерін білдіріп, сәттілік пен жеңіс тіледі.

«Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің басшысы Мартагүл Қанатова төрағалық еткен әділ қазылар алқасының шешімімен тартысты сайыстарда «жүзден жүйрік» көрініп, суырылып алға шыққан мықтылар да анықталды.  Осылайша, бірінші орынды Жылыой ауданының құрамасы иеленіп, жеңімпаз танылды. Екінші орынды құрманғазылықтар еншіледі. Ал, үшінші жүлделі орынды исатайлықтар мен махамбеттіктер өзара бөлісті. Жеңімпаз командалар арнайы кубоктармен, дәрежелі дипломдармен және медалдармен марапатталды.     

Дәулетқали АРУЕВ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *