Атырауда балық экспортына не кедергі екені белгілі болды

apra Жаңалықтар

Atr.kz/7 ақпан, 2020 жыл. Атыраудың су айдындарында ауланып, дайындалған балық өнімдерінің 85 пайызы алыс және жақын шет елдерге экспортталады.

Оның негізгі бөлігі Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттерге тасымалдануда. Алайда, соңғы кезде шикізатты шетке шығаратын балық шаруашылығы кәсіпорындарынан СТ-1 сертификаты талап етіле бастады. Тауардың шыққан жерін растайтын бұл құжатты алу үрдісі қыруар қаражат пен көп уақытты қажет етеді. Балық өнімін экспорттаушыларды сарсаңға салған сертификат төңірегіндегі көкейкесті мәселелер жуырда Атырау облысы кәсіпкерлер палатасында өткен жиында талқыланды.

Балықшылардың айтуынша, бүгінде өнімін басқа елге экспорттаушы балық аулау кооперативтеріне өзгеше талап қойылып отыр. Бұл әрине, СТ-1 пішінді сертификатқа қатысты болып отыр. Осындай сертификаты бар өнімді шетелге жөнелткен сайын сертификатты толтыру үшін төрт айлық есептік көрсеткіш көлеміндегі 10 604 теңге төленуі тиіс. Ал, құжат толық дайын болып, қолға тигенше уақыт керек. Бұл тауардың діттеген жеріне жеткізілу мерзімін ұзартып, өнім сапасының бұзылуына алып келеді.

– Біз балық аулаумен, дайын өнімдерді Қазақстан аумағы мен ТМД мемлекеттеріне өткізу ісімен 2013 жылдан бері айналысып келеміз. Осы уақыт ішінде тауарларымызды тасымалдауда еш кедергі болған емес. Келеңсіздіктер де орын алмады. Ал, Кедендік одақ құрамына кірмеген мемлекеттерге, сонымен бірге, Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕАЭО) мүше елдерге өнім жіберу үшін СТ-1 сертификаты талап етіледі. Сонда біз үшін мұндай одаққа мүше болудың қандай тиімділігі бар?

Шетелге тауарымызды шығарарда СТ-1 сертификатымен бірге, балық аулаудың жүргізілгені туралы анықтама, сынақ хаттамасы, ветеринариялық сертификат, электронды шот-фактуралар, тапсырыстар мен келісімшарттардан тұратын құжаттар топтамасын жинаймыз. Бұл құжаттарды дайындау бірнеше күнге созылады. Әрине, мұндай көп құжат толтыру балық секілді тез бұзылатын өнімді тасымалдауға кедергі келтіреді, – деп өңірлік кәсіпкерлер палатасына жүгініпті «Долгий-1» ЖШСнің өкілдері.

Атыраудан өзге елдерге экспортталатын балық өнімдеріне сұраныстың көптігі жасырын емес. Тапсырыс берушілер де бар. Мәселен, былтыр шетелге 11 мың тоннадан астам балық өнімдері экспортталды. Енді міне, санаулы күндерден соң балық аулаудың жаңа маусымы басталып, экспортқа өнім шығарудың көлемі де ұлғаймақ. Бірақ, балықшылар тағы да сертификаттың сарсаңымен у а қ ы т ж о ғ а л т а р ы н а алаңдайды. Салық органдары балық экспорттауға берілетін СТ-1 сертификаты болмағаны үшін Атыраудағы балық шаруашылығымен айналысатын екі кәсіпорынға 5 миллион теңгеден астам айыппұл салыпты.

– Бұл мәселені шешу мақсатында өңірлік кәсіпкерлік палатасы «Атамекен»ҰКП-ның экономикалық интеграция департаменті басшылығына Атырауда орын алған ахуалды баяндаған хат жолдады. Онда Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының «Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік аумағында тауарларды енгізу және пайдаланудың кейбір мәселелері жөніндегі» бұйрығына өзгерістер енгізуге ұсыныс айтуды сұрады. Басты талабымыз – Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдерге тауар өткізерде СТ-1 сертификатын алып тастау, – деді Атырау облысының Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Серік Сәрсекенов.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз