Сарайшықта ескі жәдігерлер табылды

Memorandum s NITS Sarajshyk 34 Білім

Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Атырауға Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген бір топ оқушылар Хан Ордалы Сарайшық қаласында  болып, ескі жәдігерлер тапты. Бұл тың деректер туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен «Назарбаев Зияткерлік мектептеріндегі» дәстүрлі «Туған елге тағзым» өлкетану экспедициясының қорытынды баспасөз-конференциясында  айтылды.

Атырау қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің директоры Айдарбек Айтбөкешевтың айтуынша, жыл сайын ұйымдастырылатын оқушылардың жылжымалы зерттеулері оқушылар арасында аймақаралық байланысты нығайтуға, мектеп туризмін дамытуға ықпал етеді.

«Маусымның 17-сінен басталған экспедиция бір аптаға созылды. Мұнайлы аймақта Тараз және Петропавл қалаларындағы Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары өңірімізбен танысты. Бұл жобада 24 оқушы қамтылды. Барлығы да біздің облысқа алғаш рет табан тіреп отыр.

Ал, аймақтағы мектептің балалары Көкшетау және Астана қаласына аттанды. Атыраудағы экспедицияның үшінші күнінде оқушылар Махамбет ауданындағы Сарайшық өңірінде болды. Көне шаһардың тарихымен танысқан балалар іс-тәжірибе негізінде археологиялық қазба жұмыстарын ұйымдастырып, нәтижесінде олжаға кенелді.

Сондай-ақ, Индер ауданына ат басын тіреп, Қаройдағы Махамбет мазарына барды. Жылыой өңірін де аралап, киелі жерлермен танысты. Бұдан басқа, облыстағы бірқатар өндіріс кешендерінде де болып қайтты» дейді Айдарбек Төлепұлы.

Жиын барысында экспедицияға қатысқан топ мүшелері де сөз сөйлеп, аймақтағы сапарлары барысында алған әсерлерімен, түйген ойларымен бөлісті. «Мен Сарайшық туралы көп оқыдым. Әсіресе, маған мұндағы аңыз-әңгімелер қатты ұнайды. Бүгін осы жерге келіп тарих сахнасында ойып тұрып орын тапқан көне қаланың сырларын зерттеуге жақсы мүмкіндік туды. Біз мұндағы бабалардың рухына тағзым еттік, қазба жұмыстарын жүргіздік.

Еңбегіміз зая кеткен жоқ. Осында жүріп ескі қыш ыдыстардың, мал сүйектерінің бөлшектерін таптық», – дейді Тараз қаласынан келген жас саяхатшы Айсана Әубәкірова. Ал, павлодарлық Анел Жамбыл мен тараздық Дильназ Тұрсынбаева Индер, Махамбет аудандарындағы сапарлары ерекше әсерге бөлегенін, жалпы, Атырау өңірінің ғажайыптары жаңа зерттеу жобалары бойынша тың идеялар туғызғанын да жеткізді.

Сондай-ақ, жиын барысында аталмыш мектеп директоры Айдарбек Айтбөкешев бір топ журналисті Байланыс және ақпарат қызметкерлері күні мерекесімен құттықтады. Назарбаев зияткерлік мектебінің іс-тәжірибелерін халыққа тарату мен насихаттауда қосқан зор үлестері үшін оларды Алғыс хатпен, сый-сияпатпен марапаттады. 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз