Атырауда 51 шақырымдық аламан өтеді

20170509190203 Жаңалықтар

Atr.kz/9 қазан, 2019 жыл. Атырауда «Алтын тұлпар – Жайық жағасында» атты V Республикалық аламан бәйге және «Дарабоз – 2019» ұлттық спорт түрлерінен халықаралық турнир өтеді. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте мәлімденді.

Бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері көп жиналған бұл жиынға ҚР ұлттық спорт түрлері қауымдастығының бас хатшысы  Нұрсұлтан Ибрагимов, Атырау облысы дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Ринат Ибрагимов, облыстық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясының басшысы Асланбек Жанбала қатысып, ауқымды шараның өту барысы туралы екжей-текжейлі мәлімет берді.

Қазан айының 11-12 күндері  Махамбет ауданы Бейбарыс ауылдық округіне қарасты  Талдыкөл ауылында (Атырау-Орал тас жолының 23 шақырымы) өтетін дүбірлі додада алдымен  «Дарабоз – 2019» турнирі аясында көкпар, аударыспақ, теңге ілу, жамбы ату, аламан, топ және құнан бәйге, жорға және құмай тазы жарысы өткізіледі. Бұл турнирдың жалпы жүлделік қоры 32 млн 180 мың теңгені құрап отыр.  Шара өтетін орында этно ауыл, қазан-ошақ  құрылып, алаңда жұртшылыққа ұлттық тағамдар ұсынылатын болады.

Атырау облыстық «Ұлттық спорт түрлері» федерациясы ұйымдастырған  «Дарабоз – 2019» турнирі аяқталысымен бәйге алаңында  осыған дейін Елордамыздың  маңында өткізіліп келген ұзақтығы 51 шақырымға созылатын V Республикалық«Алтын тұлпар – Жайық жағасында» бәйгесі өтеді.  Бұл турнирдің жалпы жүлде қоры  – 22 млн теңге. Мәре сызығын алғашқы кескен тұлпарға 10 млн теңгелік байрақ тағайындалған. Сонымен қатар жеңімпаз жүйріктің соңынан келген сегіз тұлпарға  да алған орындарына сай жүлде беріледі.

 Жарыстардың негізгі шарасы  12 қазан күні сағат  9.00-ден 18.00 аралығында өтіп, сол күні сағат 9.30-дан бастап аламан өтетін орынға барамын деушілерге «Авангард», «Дина» базарлары, Балықшы, Тұрғындар қалашығы аялдамалары мен Махамбет ауданына шығар айналма жол маңында тегін жеткізу көліктері қызмет етеді.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз