Зерделіден – зерлі сөз

Zerdeliden zerli s z Қоғам

Мақат ауданына қарасты Доссордағы мәдениет үйінде ұрпақтар сабақтастығын арттыру, ұлттық өнеге, салт-дәстүрлер мен адами құндылықтарды дәріптеу мақсатында тағылымы мол кеш өтті.

Зерделіден – зерлі сөз

Кештің қонағы – Кеңес Одағының Батыры, жазушы Бауыржан Момышұлының келіні, этнограф-жазушы, «Шуақты күндер», «Бабалар аманаты», «Күре тамыр» кітаптарының авторы Зейнеп Ахметова. «Ата аманаты» атты кездесу кешіне халықаралық «Қазақстан-ZAMAN» газетінің бас директоры, ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы, Мақат пен Жылыой аудандарынан жұртшылық өкілдері қатысты.

 – Атырау өңіріне 1994 жылдан бері аяқ басып тұрмын. Шақырту алғаннан кейін тек қала жұртшылығымен емес, ауыл аймақтағы халықпен де жүздескім келді, – деп сөзін бастады Зейнеп апа.

Көпшілікке берері мол ғибратты шарада ел анасы ұлт пен ұрпақ тәрбиесі туралы ой қозғады. Әсіресе, халқымыздың ұлттық құндылықтары, салт пен сана, дін, тіл, латын әліпбиіне көшу, мектеп бағдарламаларына қатысты айтқан ой-пікірлері жиналғандарды бейжай қалдырмады. Қазақ келінінің бойындағы адами асыл қасиеттердің сақталуы жайында оралымды ойларымен, тәжірибелерімен  бөлісті. Зейнеп Ахметованың айтуынша, білгенді айта жүру, үйрете жүру – ол үлкендердің міндеті. Сондай-ақ, қыз тәрбиесі, телеарналардағы тәрбиелік мәні төмен, бос сөзге құрылған керексіз бағдарламаларды, қазақы салт-дәстүрлеріміздің жастар тәрбиесіндегі маңызы туралы айтқан әңгімелері көңілге қонды. Қазіргі қазақ қоғамын батыстық үлгіден арылтып, қазақи құндылықтарды дәріптеуге шақырды. Қазақтың қайсар батыры Бауыржан Момышұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

Жазушы «Кез келген әйел ене бола алады. Ана бола білу керек» деген сөздің мағынасын ашып, «Мұсылман болу үшін, араб болудың қажеті жоқ» деген тақырыптағы сұхбатына тереңірек тоқталды.

Шара соңында Мақат ауданының әкімі Жұмабай Қарағаев қазақтың тал бесіктен жер бесікке дейінгі салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы туралы өскелең ұрпаққа ұлықтап, көркем түрде жеткізіп келе жатқан Зейнеп Ахметоваға жұртшылық атынан алғысын білдірді. Жазушыға қазақы дәстүр бойынша құрмет көрсетіп, иығына зерлі камзол жапты.

Мөлдір ІЗТҰРҒАНОВА.

Мақат ауданы.

Сурет автордікі.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз