«УАҚЫТ КАПСУЛАСЫ» – ЖАРҚЫН ІСТЕР ЖИЫНТЫҒЫ

Облыстық қоғамдық ұйымдардың белсенді жастары 2050 жылдың жастарына үндеу тастады. Үндеудің атауы – «Уақыт капсуласы» деп аталады. «Исатай-Махамбет» орталық алаңында келешек жастарға жеткізілмек үндеу-хаттар мен фотосуреттер салтанатты түрде жарияланып, металл қорапшаға салынып көмілді.
Капсула қорапшасы Украина елінен тапсырыс бойынша әкелінген. Оның ішіне салынған жастардың тілектері мен бүгінгі қол жеткізген жетістіктері латын әріптерімен қазақ, орыс, ағылшын тілінде жазылған. Сондай-ақ, жазулардың электрондық нұсқасы да флеш-картада сақталған. Жастардың келешекке жолдауы бір метрге жақын тереңдікте қазылған жерге орналастырылды.
– Елбасының бүгінгі қазақ жастарына артып отырған жауапкершілігі жоғары. Осы орайда атыраулық жастардың «уақыт капсуласы» идеясын дайындауы үлкен мағынаны көрсетеді. Капсула – бүгінгі жиырма екі жылда елімізде жасалған жарқын көріністердің жиынтығы. Яғни, ертеңгі күнгі игілікті істерді бүгінгімен салыстыруға мүмкіндік бермек, – дейді бізбен әңгімесінде облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарманың басшысы Мейірім Қалауи.
Айта кету керек, «уақыт капсуласы» орналастырылған жер металды тор көздермен жабдықталған. Сондай-ақ, қорапшаның сыртында «Үндеу 2050 жылға дейін құпия күйінде сақталуы керек» деген жазулар да тайға таңба басқандай жазылған.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз