ЖЫЛЫОЙДАҒЫ ЖАРҚЫН ЖОБАЛАР
Индустрияландыру картасы бойынша іске қосылған үш жоба да өнім беріп тұр. Әсіресе, құс фабрикасының қатарға қосылуы жергілікті жұмыртқаға деген сұранысты қанағаттандырды. Кәсіпкерлікті одан әрі дамыту мақсатында мемлекеттен тиісті несиелер мен субсидия алу жалғасуда. Өткен жылы ғана 38 адамға барлығы 147 млн. теңге шағын несие берілген.
Ауыл шаруашылығын дамытуда біраз ілгерілеу бар. Егістік көлемін ұлғайтуға, мал басын көбейтуге, жылыжайлар мен көкөніс қоймаларын салуға ұмтылыс байқалады. Кәсіпкерлердің бұл бағыттағы ұсыныстары атқарушы билік тарапынан қолдау табуда. Соның нәтижесінде ауданда тұрақты ұйымдастырылған жәрмеңкелерде жергілікті өнімдер базар бағасынан едәуір арзан сатылады. Бір қуанарлығы – ауыл шаруашылығы құрылымдарының шаруашылығын өркендетіп, іргелі істерді тындыруға ұмтылуы. Соның нәтижесінде лизингтік тәсілмен ондаған жаңа техника алынды.
Ауданда халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға бағытталған бірнеше шара өткізілді. Жұмыссыздықты барынша азайту мақсатында 23 мекеменің қатысуымен 46 жәрмеңке ұйымдастырылды. Сөйтіп, көптеген жас мамандығына сәйкес қызметпен қамтамасыз етілді. Мұқтаж отбасыларына, Ұлы Отан соғысы мен тыл еңбеккерлеріне, зейнеткерлерге тиісті қолдау көрсетілуде. Ауданда атаулы көмек алатын төрт отбасында 16 адам бар. Сонымен қатар, 34 аз қамтылған жанұяға 555 мың теңге тұрғын үй көмегі берілді.
Жем өзені, Құрсай мен Құржем өзектерін тиімді пайдалануға қадам жасалды. Өңірдегі кәсіпорындар көмегімен тереңдету және бөгет жұмыстары жасалып, Қамыскөлге су шығару жүзеге асырылды. Алдағы уақытта Жем бойына екі шлюз орнату жоспарланған.
Білім беру мен денсаулық сақтау нысандарының материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Демеушілердің және жергілікті бюджеттің күшімен оларға қосымша құрылыстар жүргізілді, қажетті көліктер алынды. Өткен оқу жылындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысында көрсеткіш біраз артты.
Құлсарыдағы спорт мектебінде 1400 шамалы жасөспірім шеберлігін шыңдауда. Былтыр жылыойлық Талғат Жұмағалиев Түркияда жекпе-жектен өткен әлем чемпионатында жеңімпаз атанды. Бұл – аудан өміріндегі тұңғыш осындай оқиға.
Ауданда діни және қылмыстық ахуал қалыпты деңгейде. Халықтың қолдауымен Құлсарыдағы мешіт кеңейтілді. Құқық қорғау органдарына жеті автокөлік пен 140 байланыс құралы берілді.
* * *
Аудан әкімінің есепті баяндамасынан кейін жарыссөз басталды. Алдымен мінбеге ҚР Халық ағарту ісінің үздігі Наурызбай Төлеуов көтерілді. Ол ауданымыздың көп салалы шаруашылығында біраз жұмыстың тындырылғанын, кәсіпкерлер мен шаруагерлердің ұйымдасқан еңбегін алға тартып, бұл сала жетекшілері мен жергілікті атқарушы биліктің бірлескен еңбегі екендігіне тоқталды.
Байырғы мұғалім білім беру мен денсаулық сақтау саласы қызметкерлеріне көрсетіліп жатқан қамқорлыққа разылық танытты. Дарынды балаларға арналған мектеп-гимназия ашылуын құптады. Сонымен қатар, ардагерлердің қалаішілік автобуста жеңілдікпен жүруі, олардың дәрігерлерге қаралуы жеңілдетілсе деген тілегін де алға тартты.
Жас кәсіпкер Асыл Ахметова қоғамда көз жанары нашарлаған адамдардың көбейгенін, өзінің бұл салада тоғыз жыл жинақтаған тәжірибесі барлығын айтып, аудан орталығында көзәйнек жасау және көз емдейтін орталық ашу ниеті барлығын айтты. Бұл ретте алты пайызбен берілетін жеңілдетілген несиеден үмітті екендігін жеткізді.
Майкөмгендік Жаумадин Демесінов ауылдың аудан орталығынан алпыс шақырым қашықтықта екендігін, тұрғындар балабақшаға зәрулігін жеткізді. Жеке кәсіпкер Сұлтанбек Өтеғалиев инфрақұрылым толық жасақталып болмағандықтан жер ала алмай жүргенін айтты. Наиб имам Серік Ясин Жылыой мұсылмандарының мешітті кеңейту жөніндегі өтініштері орындалып, бұрынғы 600 орын 1500-ге өскеніне разылық білдірді. Физика пәні мұғалімі Шаттық Бақтыбаева білім беру саласына жасалған қамқорлыққа алғысын айтты.
Ауданға сапар соңында облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов«Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
Қаржау ОРАЗБАЕВ.
Жылыой ауданы.
ОБЛЫС БАСШЫСЫНЫҢ ТАПСЫРМАЛАРЫ:
Аудан тұрғындарының ұсыныс-пікірлерін мұқият тыңдаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жылыойлықтар алдына нақты міндеттер қойды. Ең алдымен, әрине, қазіргі күрделі жағдайда жұмыс орындарының қысқарып қалмауына назар аударған абзал.
Одан әрі, біріншіден, ауыл шаруашылығы жобаларын жүзеге асыру керек. Жылыойлықтар бұл бағытта мүмкіндіктерін толық пайдаланып отырған жоқ.
Облыста өткен жылы «Агробизнес-2000» бағдарламасы шеңберінде «Сыбаға», «Құлан», «Алтын асық» бағыттарында жеңілдетілген несиемен 550,4 млн. теңгеге 5 398 бас малсатып алынды. Алайда, Жылыой ауданы «Сыбаға» бағдарламасына қатыспай қалды. «Құлан» бағдарламасы 66,3, «Алтын асық» бағдарламасы 70 пайыз ғана орындалған.
Егін шаруашылығы мүлдем дерлік дамымаған. Былтыр су көп келді, егін егуді ұйымдастыруға болатын еді, бірақ бұл жұмысқа көңіл бөлінбей отыр. Осы орайда аймақ басшысы егістік көлемін 150 гектарға дейін (2015 жылы 106 гектар) ұлғайтуды тапсырды.
Екіншіден, ауданға12 дәрігер жетіспейді. Мамандар шақырып, салынған үйден баспана беріп, осы жылы бұл проблеманы шешу аудан әкіміне жүктелді.
Үшіншіден, Ұлттық бірыңғай тестілеудің орташа балы облыстық орташа көрсеткіштен төмен. Демек, оны да жақсартқан жөн.
Төртіншіден, 2013 жылдан бері облыстық бюджеттен ауыл кәсіпкерлері қаржыландырылып отыр. Жылыой ауданы соңғы екі жылда бірде-бір бизнес жоба ұсынбаған.
Бесіншіден, былтыр ауылдық округтерге салықтың кейбір түрлері аударылуға тиіс болатын. Бұл заңнамалық талап орындалмай, жыл соңына дейін созылды.
Міне, осы мәселелерге баса назар аудару қажет.