Жылыойда мектеп оқушылары үшін стоматологиялық кабинеттер ашылды
Республика Денсаулық сақтау министрлігінің “Болашаққа – сау тіспен” жобасы аясында биыл Жылыой ауданындағы екі мектепте стоматологиялық кабинеттер пилоттық режимде өз жұмысын бастады. Жоба оқушылар арасында ауыз қуысы гигиенасын жақсартуға және тіс ауруларының алдын алуға бағытталған.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2028 жылға дейін аймақта 48 мектепте осындай кабинеттер ашу жоспарланып отыр. Ал келесі жылы 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде жаңа стоматологиялық кабинеттер ашылмақ. Қазір 8 мектепте тіс емдеу кабинетін ашу қарастырылуда, оның төртеуі қала мектептерінде, қалғаны аудан орталықтарында болады.
Оқушы саны аз мектептерде балалардың профилактикалық тексерісі көшпелі форматта ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар тіс жегісі мен оның асқынуларының алдын алуды, сондай-ақ балаларды ауыз қуысы гигиенасына, тіс щеткасын дұрыс таңдауға үйретуді көздейді.
Айта кетейік, былтыр облыстық балалар стоматологиясында 55 мың бала қабылдауда болса, биыл бұл көрсеткіш 64 мың балаға жетіп отыр. Аталған жобаның нәтижесінде балалардың тіс күтіміне жауапкершілігін арттыру және денсаулықтарын нығайту мақсатында арнайы профилактикалық шаралар кеңінен енгізілмек.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА