
Жылыой ауданында су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді
Атырау облысының Жылыой ауданында су тасқынының алдын алу шаралары қарқынды жүргізілуде. Қауіпті аймақтарда бөгеттерді нығайту және су тасқынының алдын алу мақсатында арнайы жұмыстар атқарылып жатыр.

Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаменті өкілдерінің хабарлауынша, мұнда төтеншеліктер мен жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері қауіпті учаскелерде қаптар төсеп, бөгеттерді нығайту жұмыстарын жүзеге асырып жатыр.

Құтқару шараларына облыстық төтенше жағдайлар департаментінің 21 қызметкері, 4 техника, 3 жүзу құралы жұмылдырылды. Сонымен қатар Маңғыстау облысынан 55 құтқарушы және №20982 және №28237 әскери бөлімдерінің 45 сарбазы көмекке келді.

Жылыой ауданында 6 бақылау постына арнайы күштер мен техникалар бөлініп, су басу қаупі жоғары аумақтарда жаға бекіту жұмыстары жүргізілуде. Қазір Бақашы, Шоқпартоғай, Тұрғызба ауылдарында 12 445 қап төселді.

Сонымен қатар, түнгі уақытта да жұмыс үздіксіз жалғасып, жарықтандырғыш құрылғылар орнатылып, бөгеттерді нығайту шаралары атқарылуда.
Төтенше жағдайлар қызметі тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға және қажетті нұсқауларды орындауға шақырады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА