Газет оқырманымен ғана ғұмырлы

Жаңалықтар

«Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі биыл «Жазылушы күнін» өзгеше өткізді. Баспасөз орталығына жиналған жоғары және орта арнаулы оқу орындары мен кәсіпорындар өкілдері, ғалымдар мен қаламгерлер, пошташылар мен жай оқырмандар журналистер қызметімен жақынырақ танысу мүмкіндігіне ие болды. Басқосу барысында үстіміздегі жылы 20 мыңыншы санын шығарып үлгерген «Атырау» және «Прикаспийская коммуна» газеттері тілшілерінің тыныс-тіршілігін білдіретін деректі фильм көрсетіліп тұрды.

«Дөңгелек үстел» түрінде ұйымдастырылған шараны мекеме басшысының орынбасары Өтеген Нәукиев жүргізді.

2ry_xvd5uhg

Қос қызметкерге – оқу гранттары

Алдымен қонақтарға «қош келдіңіз» айтып, қонақжайлық танытқан «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ерболат ҚАМЕНОВТІҢ айтуынша, бұл жолғы басқосу мақсаты – баршаны екі облыстық және жеті аудандық газеттер редакциялары мен баспахананы біріктіріп отырған үлкен медиахолдинг қызметімен жақынырақ таныстыру. Расында да, басқосуға келгендер тілшілер тірлігіне қаныға түсті. Бұрын кейбірін сыртынан ғана білсе, енді жүзін көріп, түсін таныды. Оның үстіне, облыс журналистерінің дені жинақталған орта қазіргі қол жеткізген биігімен шектеліп қалмай, алдағы уақытқа зор жоспарларын жасақтаған. Біраз жылдан бері қордаланған күрмеулі проблемалардың түйіні де біртіндеп тарқатылып келеді.

– Әдетте, – деді ұжым жетекшісі, – дихандар көктемгі егін егу мен күзгі өнім жинау кезін науқандық жұмыс санайды. Журналистер үшін де келесі жылға оқырман тарту – осындай қызу науқан. Сондықтан, «Жазылушы күнін» атаусыз қалдыра алмадық. Сайып келгенде, бүгінгі басқосуымызды «Жанашырлар клубының» отырысы десе де болғандай. Өйткені, расында да, жұртшылықты газетімізге жазылуға ұйымдастырып жүргендер, оның белсенді авторлары мен оқырмандары – біздің нағыз жанашырларымыз. Жазылу науқанын ойдағыдай өткізу үшін «Атырау-Ақпарат» және «Қазпошта» мекемелері құстың қос қанатындай бірлесіп жұмыс жасауда. Нәтижесі де жақсы боларына сенімдімін.

Содан соң «Атырау-Ақпарат» ЖШС атынан мерзімдік баспасөзге жазылуды ұтымды ұйымдастыруға белсене атсалысқан кәсіпорындар өкілдері мен пошта қызметкерлерінің бір тобына Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табыс етілді. Олардың қатарында Атырау мұнай-газ университетінен Қамария Төлебаева, жылу-электр орталығынан Райхан Жанқуатова, «Атырау-Жарық» акционерлік қоғамынан Ольга Яковлева, «Арнаулы автобаза» мекемесінен Алтынай Арыстанғалиева, «Қазпошта» АҚ-ы Атырау облыстық филиалы орталық операциялық учаскесінің жетекшісі Рысты Жұбанова және Балықшы пошта байланысы бөлімшесінің басшысы Наталья Калмыкова бар.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС-нің директоры Ерболат Қаменов шара барысында тағы бір игілікті іс істеді. Яғни, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде тәлім алып жатқан ұжымның қос маманының жылдық оқу ақысын мекеме өтемекші. Сөйтіп, білім гранттарына облыстық «Атырау» газетінің тілшісі Абай Ақмұрзиев пен Индер аудандық «Дендер» газетінің бет құрушысы Диас Айбаров ие болды. Бұл – жергілікті жастардан журналист даярлауға бағытталған бастапқы қадам. Турасын айтқанда, дуальды оқыту жүйесінің бір көрінісі. Көптің көңілінен шыққан мұндай шара алдағы уақытта да мүмкіндігінше жалғасын табады.

%d0%b0%d0%b9%d0%bc%d0%b0__%d1%82%d1%8b__-%d1%82%d1%8b%d0%bd%d1%8b%d1%81%d1%8b%d0%bd-%d0%bb%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd%c2%ac-%d0%b1-%d0%bb%d0%b5%d0%bc-%d0%b7

 

«Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Бауыржан ӨТЕПБАЕВ:

%d0%b1%d0%b0%d1%83%d1%8b%d1%80%d0%b6%d0%b0%d0%bd-__%d1%82%d0%b5%d0%bf%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2

«Жас журналистерге жүлде тағайындалады»

Жаңа қызметіне тағайындалған сәтінен-ақ «Атырау-Ақпарат» ұжымымен тығыз байланыс жасауға ұмтылған Бауыржан Сапаргелдіұлы осындай жағымды жаңалықты жеткізді. Яғни, келешекте жыл ішінде сапалы да шынайы материалдарымен көзге түскен жас журналистер пошта мекемесі тарапынан арнайы жүлделерге ие болмақшы. Демек, өмірін баспасөз саласына арнауға бекінген жастарға өзін көрсетуге тағы бір мүмкіндік туып отыр. Сонымен қатар, пошта қызметкерлеріне, олардың жұмысына арналған айдар ашылса да артық емес. Ортаға осындай да оралымды ой тасталды.

– Жалпы, – деді ол, – баспасөзге жазылуды ұтымды ұйымдастыру – стратегиялық шара. Осы орайда «Атырау-Ақпарат» мекемесін өзіміздің сенімді серігіміз санаймыз. Сіздердің қолыңыздан шыққан газеттер аймақтың алыс түкпірлеріне дейін тарайды, оларды сұраушылар көп. Сондықтан, журналистер қауымына мың рахмет. Қаламдарыңыздың қарымы қайтпасын.

Одан әрі мекеме басшысы қазіргі заман талабына сай пошта қызметін қайта құру, жаңа қызмет түрлерін игеру, тұтынушыға сапалы қызмет көрсету бағытында жасалып жатқан жұмыстарға тоқталды. Расында да, бұған дейін де айтылғанындай, таяу арада тұтынушылар пошта қызметіндегі оң өзгерістерді өздері көріп, лайықты бағасын беретін болады. Сонымен қатар, жұртшылық тарапынан  түсінбестік туындаса, басшылық оларды кез келген сәтте қабылдауға дайын.

Сондай-ақ, қазіргі баспасөзге жазылу науқаны қызған кезде пошта филиалының өкілдері журналистермен бірге аудандарды аралап, кәсіпорындар ұжымдарымен кездесуге даяр екенін де жеткізді. Бұл да – ұтымды шара. Өйткені, жұртшылықпен жүздесу барысында сол жерде-ақ газетке жазылуды рәсімдеуге мүмкіндік туады.

 

Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Қадыр ЖҮСІП:

__%d0%b0%d0%b4%d1%8b%d1%80-%d0%b6__%d1%81-%d0%bf

 «Сөз өнеріне  тәрбиелеген ұстазым»

 Аймаққа белгілі ғалым «Атырау» газетіне осындай баға берді.

– Өзіміздің төл газетіміз, – деді ол, – әбден бауыр басқан ақылшымыз да, ұстазымыз да, шежіреміз де. Мен онымен саналы ғұмырымда бірге келе жатырмын десем, ол – боямасыз шындық. Бір күн оқымасам, өзімді қанатым қайырылып қалғандай сезінемін. Алғашқы өлеңім осында жарияланды. Поэзия көгіне Әбішпен, Меңдекешпен, Фаризамен, Рахметпен бірге қанат қақтық. Алғаш редакция табалдырығын аттағанда алдымыздан Берік Қорқытов, Түсіп Бисекенов, Шөпенғали Дәуенов, Төлеубай Ысқақов тәрізді ағаларымыз қарсы алған. Қазір облыста жеке меншік газеттерді қосқанда 30 шақты болатын шығар. Соларды сапқа тізгенде «Атырау» бәрінің бас командирі секілді.

Одан әрі, Қадыр Жүсіп университеттің оқытушылары мен студенттері «Атырау» газетін іздеп жүріп оқитындығын айтты. Бүгінде оқу орнының кітапханасы жылына 150 дана алдырады екен. Алайда, оның аздық ететіні көрініп-ақ тұр. Сондықтан, ректорға шығып, таралымын көбейту мәселесін шешпекші. Бұған басты себеп – басылымның күн санап жақсарып, көтеріп отырған мәселелерінің өзектілігі артуы. Қоғамдық өмірдің әр қыры кеңінен қамтылуда.

Ғұлама Зейнолла Қабдолов Алматыда тұрғанымен, «Атырауды» тұрақты жаздырып алыпты. Кезінде ол басылымға жоғары баға беріп, оны облыс өмірінің шынайы айнасы атапты. Одан басқа «Атыраудан» қанаттанған Әбу Сәрсенбаев, Ғабдол Сланов, Далабай Жазықбаев, Берқайыр Аманшин, Жұмекен Нәжімеденов сынды  тарландар бар.

Одан әрі, белгілі ғалым газет бетіндегі жаңа айдарларды құптап, өз тарапынан құнды пікірлер айтты.

 

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек ЫРЗАҒАЛИЕВ:

__%d0%be%d1%81%d1%8b%d0%b1%d0%b5%d0%ba-%d1%8b%d1%80%d0%b7%d0%b0__%d0%b0%d0%bb%d0%b8%d0%b5%d0%b2

«43 жылғы  сенімді серігім»

Аймақтағы агроөнеркәсіп кешенінің білгірі, биыл 70 жастың жотасына көтерілген белгілі ғалым газетімізді осыншама уақыттан бері оқып келеді екен. Қандай тұрақтылық! Содан бері облыста өзге де басылымдар пайда болғанымен, сүйікті газетінен ажырамаған адамның айтары да бар.

– Біраз жылдан бері, – деді ол, – осы басылым бетінде ауыл шаруашылығына қатысты келелі мәселелерді қозғап келемін. Бәрі де ескерусіз қалған жоқ. Жалпы, баспасөзге халық баға береді. Осы тұрғыда аймақтағы мемлекеттік тілдегі бас басылым ретінде «Атырауға» жүктелер міндет аз емес. Алдағы уақытта да толағай табыс тілеймін.

Одан әрі, ғалым газет бетінде мамандардың пікірлерін көбірек беруге ұсыныс жасады. Өзінің қызмет бабымен елді мекендерді аралағанда «Атырау» газетіне жазылуды үндеп жүретінін жеткізді. Өйткені, ауыл шаруашылығын дамытуға байланысты село кәсіпкерлеріне жасалып жатқан жеңілдіктер, осы саладағы жұртшылыққа жағымды өзгерістер, қолданыстағы заңдылықтарға толықтырулар – бәрі де осы басылым бетінен көрініс табады.

 

Үздік авторлар – өзгелерге өнеге

Қай кезде де газеттің сенімді көмекшілері – оның оқырмандары. Солардың арасынан суырылып шығып, журналистерден еш кем емес мақала жазып жүргендері де бар. Сонау кеңестік кезеңде әр редакцияның штаттан тыс тілшілері мен белсенді авторлары қалыптасатын. Қазір де әр бөлімде тұрақты сарапшылар тобы жасақталған. Облыстық «Атырау» газетінің бас редакторы Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ сөзін осы арнаға бұрды.

– Әр редакцияның, – деді ол, – үш тағаны болады. Біріншісі, әрине, өзінің қызметкерлері. Екіншісі – ойлы оқырмандар. Үшіншісі – солардың арасынан суырылып шыққан белсенді авторлар. Міне, бүгін солар бас қосып, келелі мәселені талқылап жатырмыз. Газет халықтың көз алдында. Жылы лебізге алғыс айтамыз, шын сынды қабылдауға да дайынбыз.

Бүгінде бас редактор бастаған топ аудандарды аралап, оқырмандармен ой бөлісуді бастап та кетті. Сол жүздесулерде айтылар ұсыныс-пікірлер газет бетінде жарияланады.

Исатай Құндызбайұлы содан соң бір топ белсенді қаламгерге «Атырау» газетінің Құрметті авторы» куәлігін табыс етті. Бұл жолы оған ғалымдар Қадыр Жүсіп пен Қосыбек Ырзағалиев және белгілі өлкетанушы, жазушы Өмірзақ Қажымғалиев ие болды.

%d1%82%d0%b0%d0%bf%d1%81%d1%8b%d1%80%d1%83

Филология ғылымдарының докторы Қадыр Жүсіп – газетпен ол «Социалистік құрылыс» атауымен шығып жүрген кезден таныс. «Коммунистік еңбек» кезінде белсенді тілшісі болған. «Атырау» шағында да қарым-қатынасын үзбей жүр. Бағалы мақалаларымен, құнды пікірлерімен дараланады.

Ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы Қосыбек Ырзағалиев – белсенді автор ретінде «Атырау» газеті ұйымдастырған байқаудың қос мәрте жеңімпазы. Оның қаламынан туған сараптама материалдарды,әсіресе, агроөнеркәсіп кешені мамандары қызыға оқиды.

Құрманғазылық өлкетанушы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі Өмірзақ Қажымғалиев – аудандар арасындағы тұрақты да тұлғалы авторлардың бірі. Оның халқымыздың, соның ішінде туған өлкеміздің арғы-бергі тарихынан қозғаған мазмұнды мақалалары оқырмандардың оң бағасын алды.

Міне, осы үш тарлан редакция алқасының шешімімен алғашқылардың қатарында «Атырау» газетінің Құрметті авторы» атағын иеленді.

Сонымен қатар, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бас редакторы Нәсіп Шалабаева да бір топ оқырманына «Құрметті автор» куәлігін тапсырды. Оған белгілі өлкетанушы Вячеслав Константинович Афанасьев, дәрігер Маржан Жабасова және Ғабдол Сланов атындағы кітапхана директоры Гүлжанай Қалиева ие болды.

7

 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы Саламат ІДІРІСОВ:

%d1%81%d0%b0%d0%bb%d0%b0%d0%bc%d0%b0%d1%82-%d0%b4-%d1%80-%d1%81%d0%be%d0%b2

«Сайтты кім алдымен иеленсе, сол басымдық алады»

Сала маманының пікірі осындай. Оның ойынша, жедел ақпарат тарату технологиясы қарқынды дамыған қазіргі кезде сайт қызметін жан-жақты тиімді пайдалану керек. Мәселен, кейбір апталық басылымдар бар. Олар газет бетінде жаңалықтарды жариялап болғанша, жұртшылық құлақтанып та үлгереді. Демек, деректер ескіріп қалады.

Ал, сайтты шапшаң иеленген адам басымдық алады. Өзгелері соған сілтеме жасауға мәжбүр болады. Демек, дер уақытында көрініп қалу қажет. Сонымен қатар, суреттерді көбірек салған жөн. Дизайнды жақсарту керек. Оның әдемілігі көп нәрсеге байланысты. Оқырманның көзін тартады. Ең бастысы – сайттың тез ашылуын қадағалау. Егер бір жерінде кемшілігі болса, келесіде оны пайдаланушылар қатары кеміп кетеді.

 

Атырау бизнес және құқық колледжінің директоры, геолого-минералогия ғылымдарының кандидаты, облыстық мәслихат депутаты Нұрлы ӘЙТИЕВА:

%d0%bd__%d1%80%d0%bb%d1%8b-__%d0%b9%d1%82%d0%b8%d0%b5%d0%b2%d0%b0

«Интернет бәрібір толық мәлімет бермейді»

– Облыстық газеттерді, – дейді ол, – кішкене кезімнен әке-шешеммен бірге таласып оқитынмын. Бертін келе бұл менің өмірлік ұстанымыма айналды. Рас, өкінішке орай, бүгінде жастар күнделікті баспасөзді қарамайды. Әйтсе де, ешқандай интернет баспа құралдарын алмастыра алмайды. Мәселен, газет беттерінде аймақтың айтулы азаматтары туралы тамаша очерктер жарияланады. Олардың өмірінің сан қыры ашылады. Ал, интернетті қанша ақтарсаң да мұндай мәлімет табылмайды. Демек, жедел ақпарат дәуірінде де газет-журналдардың рөлі еш төмендемейді. Өз тарапымнан айтарым – бизнес тақырыбына әлі де көбірек жазу керектігі. Әсіресе, өз ісін кішкене кәсіптен бастап, бүгінде үлкен жетістіктерге жеткендер жөнінде айту қажет. Олардың өнегесі өзгелерге үлгі болады.

 

Саламат Мұқашев атындағы политехникалық колледжінің директоры, Атырау қалалық мәслихатының депутаты Бақыт ШЕРКЕШБАЕВА:

%d0%b1%d0%b0__%d1%8b%d1%82-%d1%88%d0%b5%d1%80%d0%ba%d0%b5%d1%88%d0%b1%d0%b0%d0%b5%d0%b2%d0%b0

«Журналистер арасында достарым көп»

– Жалпы, – деді ол, – мұндай шараларға бірінші рет қатысып тұрмын. Бірақ, журналистермен жақсы байланыстамын, олардың арасында достарым көп. Менің ойымша, тілшілер мен депутаттардың қызметі ұқсас. Екеуі де халықпен етене араласады, солардың ортасында жүреді. Халықтың мұң-мұқтажын атқарушы билікке жеткізеді. Біз білім беру мекемесіне басшылық жасаған соң жастар тәрбиесіне көбірек маңыз береміз. Демек, газет бетінен де осы тақырыптағы материалдарды жиі оқығымыз келеді. тіпті арнайы айдар ашса да жарасымды.

 

Еңбек ардагері, тоғызқұмалақ спортынан танымал жаттықтырушы Жақсылық АҚПАЛОВ:

%d0%b6%d0%b0__%d1%81%d1%8b%d0%bb%d1%8b__-%d0%b0__%d0%bf%d0%b0%d0%bb%d0%be%d0%b2

«Батыс өңіріндегі ең жақсы басылым»

Тоғызқұмалақ спортынан талай жасты тәрбиелеп, дүбірлі додаларда чемпион атандырған жаттықтырушы түрлі жарыстарға қатысып, республиканы аралап жүргенде осындай ой түйіндепті. Әрине, разымыз. Әйтсе де, қарапайым оқырман тарапынан жоғары баға алу редакция журналистерін жаңа жетістіктерге жетелеп қана қоймайды, оларға тың міндеттер де жүктейді. Оның үстіне, Жақсылық Ақпалов жастар арасында қылмыс көбейіп кеткенін, демек, осы тақырыпта өзекті материалдардың көбірек жазылу керектігін айтты. Әсіресе, мектептегі тәрбиеге мән беру қажет. Жоғары сыныпта оқитын қыздар арасында жүктілік пен ерте тұрмысқа шығу фактілері көп. Ендеше, қоғам назарын соған аударған абзал.

Міне, «Атырау-Ақпарат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі ұйымдастырған «Жазылушы күні» осылай өтті. Оған қатысқандар журналистермен тікелей араласу мүмкіндігіне ие болып, екіжақты тиімді қарым-қатынас орнатты.

 Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Суреттерді түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған