Жылу шығыны шаш-етектен Атыраудың жайы не болмақ?

eachrnenknk Жаңалықтар

Атырау жылу-электр орталығы күтпеген жерден тығырыққа тірелді. Кәсіпорынға «көгілдір отынды» жеткізуші «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы тасымалдау тарифін биылдан бастап әр 1000 текше метрге шаққанда 4 551 теңге көлемінде белгіледі. Бұл – қосымша құн салығын есептемегендегі меже және бұрынғы төлемнен екі есе дерлік көп. Соның салдарынан жылу бағасы көтеріліп кетуі мүмкін бе? Ендеше, күрмеулі мәселенің түйіні қалай тарқатылады? Халықтың қалтасына салмақ салмайтын нендей жолы бар?

Баға басқаға да байланысты

Жалпы, коммуналдық қызметтің құны қалай қалыптасады? Монополия мекеме құзырлы орынға өтініш жолдағанда тарифті өзгерту себептерін толық көрсетеді. Яғни, тұтынушыға ұсынылатын жұмыс көлемі ғана емес, соған жұмсалатын шығын мөлшері де есептеледі. Соның ішінде, мәселен, энергетикалық қуаттарды өндіру үшін технологиялық мақсатқа жұмсалатын отын да бар. Ал, Атырау жылу-электр орталығы қазандықтарына шикізат ретінде табиғи газды пайдаланатындықтан, өз жұмысын соны жеткізушілердің қызметіне қарай реттеп отырады. Әр жылы «көгілдір отын» құны қаншалықты өзгеріп отыратындығын ескереді.

Міне, осы орайда «АтырауЖарық» акционерлік қоғамы Директорлар кеңесінің төрағасы Оразғали Қаршегеновтың Энергетика министрлігіне жолдаған хатында көрсетілгендей, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның қызмет құнын кенет көтеруі төбеден таспен ұрғандай әсер еткен.

Расында да, өзгесін сөз етпегенде, тек осы отынға жұмсалатын қаржы жоспарлы 2 млрд. 402 млн. 765,16 мың теңгеден 4 млрд. 613 млн. 917,39 мың теңгеге күрт көтеріледі екен. Демек, өсім 192 пайызды құраған. Соның салдарынан жалпы кәсіпорын бойынша коммуналдық қызмет көрсету үшін кететін шығын 7 млрд. 929 млн. 271,93 мың теңгеден 10 млрд. 140 млн. 424,17 мың теңгеге артқалы отыр. Сонда арадағы үш миллиард теңге шамасындағы қаражат қалай жабылмақ?

Обалы не керек, «Теңізшевройл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі өзі ұсынатын табиғи газ бағасын өзгерткен жоқ, былтырғы деңгейде қалды. Қазіргі қиын жағдайда коммуналдық қызмет нысанына қолдау көрсеткен инвестордың мұндай қадамы құптауға лайық. Өйткені, «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ы тасымал құнын көтеріп отырғанда, ТШО компаниясы да өнімін қымбатқа ұсынса, жығылғанға жұдырық болар еді.

Әйтсе де, соның өзінде Атырау жылу-электр орталығының қазандықтарға пайдаланатын биылғы отын шығыны 2 млрд. 211 млн. 152 мың шамасында күтілуде. Бұл – о бастағы белгіленген межеден екі есе дерлік артық көрсеткіш. Он шақты жылдан аса уақыт жүйелі жүргізілген инвестициялық бағдарлама нәтижесінде атыраулық энергетиктер бірнеше ірі жобаны межеге сәтті жеткізіп, аймақта электр және жылу энергияларына байланысты түйткілдердің түйіні тарқатылған-ды. Кәсіпорын да жемісті жұмысын жалғастырып жатқан. Бірақ, мына жағдай қалыпты қызметке кедергі келтірді. Енді нендей амал бар? Тығырықтан қайткенде шығуға болады?

Осы орайда шекті тарифке түзету енгізуге тура келеді. Атыраулық кәсіпорын өткен жылғы 28 тамызда Энергетика министрлігіне оны реттеу жөнінде ұсыныс жолдаған-ды. Бұл республика бойынша монополия мекемелердің табысты жұмыс жасауы үшін есебін жаңа жүйемен жүргізу қажеттігінен туған. Соған байланысты биылғы 19 қаңтарда шекті тариф бекітілгенше «Интергаз Орталық Азия» АҚ-ның тасымалға белгілеген бағасын тоқтата тұру да айтылды. Атыраулық энергетиктер аталмыш компанияға хатпен шығып, тасымал бағасын көтеруді сәл кейінге қалдыруды да сұраған.

Бірақ, олар биылғы 27 қаңтарда қайтарған жауабында келісім бермеген. Сондағы айтатын уәжі – Қызылорда-Жезқазған-Теміртау-НұрСұлтан арасын жалғайтын «Сарыарқа» магистральді желісін сенімді басқаруға алуына байланысты шығын көлемінің артуы. Жә, сан жылдар бойы «көгілдір отыннан» қағыс қалған еліміздің орталық тұсын қамтуға бағытталған іргелі жобаның сәтті жүзеге асқанын қолдаймыз. Соның нәтижесінде арқа беттегі мыңдаған отандасымыз табиғи газбен қамтамасыз етілді. Бірақ, бұл шығынды біреудің, яғни атыраулықтардың есебімен жабу жарасымда ма?

Ілгергі жылдары Парламенттің бірер депутаты республиканың батысында, соның ішінде Атырау облысында табиғи газ бағасы өзге өңірмен салыстырғанда тым төмен екенін айтып, бірдейлендіру мәселесін де қозғаған. Сонда әдейі мақала жазып, мұнайлы мекеннің өзіндік ерекшелігін баяндағанбыз. Расында да, еліміздің басқа аймақтарына қарағанда бізде азық-түлікке де, күнделікті тұтынатын тауарға да қатысты қымбатшылық басым, қызметкерлердің жалақысында айырмашылық үлкен.

Мәселен, мұнайшының немесе шетелдік компания қызметкерінің айлығын мұғалім мен дәрігердің табысымен теңгеруге бола ма? Әйтпесе, негізінен мұнай-газ өндіретіндіктен өңдеу саласы кешеңдеу қалғаны жасырын ба? Көп нәрсе жоғары құнымен тыстан тасымалданады. Ал, табиғи газ бағасы салыстырмалы түрде арзандау болса, ол іргеден алынып жатыр. Аты әлемге әйгілі Теңіз кенішінің өнімін пайдаланып отырмыз. Егер ТШО компаниясы оны дүниежүзілік нарықтағы бағадан азды-көпті арзан ұсынса, онда әлеуметтік жауапкершілікті дұрыс ұққаны. Ендеше, басқаларының соны теріс түсініп, тасымал құнын көтеру жөн емес.

Міне, халық «Интергаз Орталық Азия» акционерлік қоғамының басшылығына солай дер еді. Осы орайда облыс тұрғындарының жағдайын жақсарту үшін «Атырау-Жарық» АҚ-ы, оның бір өндірістік буыны – жергілікті жылу-электр кәсіпорны басшылығының тығырықтан шығу үшін жан-жаққа хат жолдауы – қарапайым тұтынушылардың тұрмысы түзу болуын көздегендік. Себебі, бұлардан басқа Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетіне, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына өтініш жіберіліп, «көгілдір отынды» тасымалдау құнын көтермеу сұралған.

Мұның бәрі кәсіпорынның қалыпты қызметін қалыптастыру ғана емес, қарапайым халықтың қалтасына қол салмау үшін де жасалған-ды. Күллі аймақты электр және жылу энергияларымен қамтамасыз етіп отырған өндіріс ошағы да ойсырап қалмауы қажет, тұтынушы да қиналмауы керек. Тарифтің қалай жасақталатынын жете білмейтін бәзбіреулер бәріне кінәлі жергілікті монополистер екенін айтып, кейде орынсыз айып артып жатады. Міне, көріп отырсыз, құрметті оқырман, баға белгілеу басқаға да байланысты. Тосын жәй барлығын таразыға тартуды қажет етеді. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін тың шешім қабылдауға тура келеді.

Бірінші кезекте – халықтың қамы

Қалыптасқан жағдай қолданыстағы тарифке өзгеріс жасау қажеттігіне соқтырды. Оқырманға түсінікті болуы үшін оның қалай жасақталғанын шолып өтелікші. Бүгінде Атырау жылу-электр орталығынан өндірілетін әр гигакалория жылу энергиясының орташа тарифі 7 516,95 теңге (ҚҚС-сыз). Облыстық табиғи монополияларды реттеу департаменті өткен жылғы 2 қарашада осылай бекіткен. Содан халыққа ұсынылып отырған баға 4 832, 88 теңге.

Байқап отырғаныңыздай, жылуды өндіруге кететін шығыннан екі есе дерлік аз. Сонда қарапайым жұрт жылуды орташа тарифтен едәуір төмен бағамен алуда. А л , а р а д а ғ ы а й ы рм а н е м е н өтеледі? Кәсіпорынның бұл шығыны қалай ақталады? Міне, осы орайда тұтынушылардың басқа тобына салмақ салынады. Мәселен, кәсіпкерлерге арналған тариф әр гигакалориясына 14 209,89 теңге. Ақырында, бюджеттік мекемелерге бекітілген тариф 16 078,17 теңге болатын (ҚҚС-сыз). Енді табиғи газ қымбаттаған сәтте осы тарифті аз-кем көтеру керектігі туындады.

Монополия мекеме сонда да қатардағы тұтынушыға салмақ салмай, бизнес нысандары мен бюджеттік мекемелерге арналған бағаны өзгертуді ұсынған. Оның да екі варианты болатын. Біріншісінде, кәсіпкерлік құрылымдары мен бюджеттік мекемелерге өсім 6,46 пайыз көлемінде көрсетілген. Екіншісінде, соңғыларының тарифін ғана қазіргі 16 078,17 теңгеден 19 243,68 теңгеге көтеру көзделген (ҚҚС-сыз). Соңғы варианттың тиімділігі – қазіргі пандемия кезінде бизнес нысандарын қолдау.

Расында да, олар біраз шығынға батып отыр. Қызмет көрсету аясы тарылды, сауда-саттық шектелді. Енді коммуналдық төлемді көтерсе, оны мүлдем төлей алмау қаупі де жоқ емес. Оның сыртында осы шығынды жабу мақсатында ертең өндірген өнімі мен көрсетер қызметін халыққа қымбатқа ұсынса, ол да қарапайым жұртшылықтың қалтасына салмақ салады. Онсыз да қазір түрлі себептермен азық-түлік пен тауар бағасы көтеріліп келеді.

Міне, осыны ойлаған энергетиктер кәсіпкерлік құрылымдарға арналған тарифті де қозғамағанды жөн көрген. Жалпы, Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитеті облыстық департаментінің бұйрығына орай «Атырау жылу-электр орталығы» АҚ-ы бойынша 2021-2025 жылдарға арналған жылу тарифі белгіленген. Қолымыздағы кестеге қарағанда, оны осы аралықта сатылап көтеру көрсетілген.

Алайда, атыраулық энергетиктер биыл тариф мөлшерін жалпы жеке тұлғалар үшін былтырғы деңгейде сақтауды шешіпті. Түсінікті жәй. Әлемді кеулеген қатерлі дерт адамдардың саулығы ғана емес, тұрмысына да теріс әсер етті. Шектеулер салдарынан кәсіпорындар қызметі қысқарды. Отбасыларына түсер табыс кеміді. Қазір де кейбір өндіріс ошақтары толық қуатында жұмыс жасай алмай отыр. Міне, бірінші кезекте халықтың қамын ойлаған жергілікті энергетикалық кешен жетекшілері осы жылы тұрғын үйлерге арналған жылу бағасын өзгеріссіз қалдырды.

Облыс әкімінің адамгершілігі

Әбден тығырыққа тірелген сәтте энергетиктерге облыс әкімінен араша сұрауға тура келді. «Атырау жылу-электр орталығы» акционерлік қоғамының пре зиденті Мақсот Әленов биылғы 19 қаңтарда жергілікті атқарушы билікке жазған хатында «Интергаз Орталық Азия» тарапынан тасымал құнын күрт көтеру өздерінің экономикалық тұрақтылығына үлкен нұқсан келтіретіндігін ашық айтады. Жоспарланған тарифтік табыс та алынбайды, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруда да қиындық туады. Отындық газдың қымбаттауы кәсіпорында кезекті жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін қажетті қосалқы материалдар алу мүмкіндігін шектейді.

Сайып келгенде, өндіріс ошағы борышқа белшесінен батып, тұтас өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қатер төнер еді. Жергілікті энергетика саласында тосын қалыптасқан жағдайды облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов дұрыс түсініп, сын сағатта адамгершілік танытты. Ішкі мүмкіндіктерді таразыға тартып, оңсолын саралаған ол жылу энергиясы үшін бюджеттік мекемелер тарифін өсіргенді жөн көрді. Атқарушы билік барлық қиындықты өз мойнына алды. Монополия мекемелердің құрдымға кетуіне жол бермеді. Ал айда, жылу энергиясын өндірушілердің шаш-етектен шығыны осымен өтелді ме?

Әрине, жоқ. Жаңа тариф ақпаннан бастап күшіне енеді десек, «көгілдір отын» тасымалына байланысты қаңтардағы шығынды жылу-электр орталығы өзі көтермекші. Бұл ретте электр энергиясын өндіруге қатысты да қосымша шығындарға баруға тура келеді. О баста осы жылға белгіленген тариф газ жеткізушілердің тосын ұсынысына дейін есептелген-ді.

Енді кәсіпорынның электр және жылу энергияларын шығаруға арналған шығыны биыл 2,2 млрд. теңгені құрағалы тұр. Өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етіп отырған өндіріс ошағы әр жылы жүйелі жұмыс жасауы, инвестициялық бағдарламаларды жүзеге асыруы үшін толымды табыс табуы тиіс. Әйтпесе, жыл санап тозып жатқан ескі жабдықтарды ауыстыратын немесе жаңа желілерді тартуға қажетті қомақты қаражат қайдан алынады?

Көнекөз қалалықтар жақсы біледі, өткен ғасырдың орта шенінде, тіпті одан да беріде шаһар аспаны бу тұрбаларынан тарайтын қара түтіннен арылмайтын. Бұл – жылу қазандықтарына сұйық отын жағудың салдары. Кейін «көгілдір отын» құбыры тартылған соң мұндай көріністен құтылған-ды. Қоршаған ортаға да зиян келтірілмей, экологиялық талаптар да сақтала бастаған. Оның үстіне, кәсіпорын әр жылы осы бағытқа бірнеше миллион теңге жұмсап отыр. Тек, қазір айтып отырғанымыздай, табиғи газдың өзіндік құны немесе тасымал бағасы күрт көтерілмесе екен.

Жалпы, кейбір деректерге қарағанда, республикада электр жабдықтарының 72, жылу қондырғыларының 68 пайызы ескірген. «Темір де тозады» дегендей, үнемі жаңғыртып отырмаса, олар да жарамсыздыққа ұшырайды. Мұндай ахуал Атырауда да жоқ емес. Тек соңғы он шақты жыл шамасында түрақты жүзеге асырылған инвестициялық бағдарламалар нәтижесінде ғана энергетика саласында күрделі жобалар мәреге сәтті жеткізілді. Ендеше, бұл кешеннің қызметі тежелсе, таз қалпына қайта түсеріміз ақиқат. Әріге бармай-ақ бұдан бірнеше жыл бұрын көшелердегі жылу құбырларынан атқылаған бу ауаға жайылып жататын еді ғой.

Жұрт «көшені жылытып жатыр» деп күлетін. Тағы да инвестициялық жоба нәтижесінде тұрбалардың сырты ерекше жабындымен оралды. Тіпті мұндай жаңалықты атыраулық энергетиктер елімізде алғашқылардың бірі болып қолданысқа енгізді. Соның бәріне, әрине, қомақты қаражат жұмсалды. Есесіне орталықта өндірілген жылу тұрғын үйлерге шығынсыз жеткізілді. Ал, оның әр пәтерге таралуы – өз алдына бөлек әңгіме. Бұл сол нысандардың иелері мен соларды қамтушы кооперативтерге қатысты мәселе.

P.S.

Сонымен, асқынып кете жаздаған мәселе жергілікті атқарушы биліктің араласуымен аз-кем шешілді. Бірақ, жоғарыда айтқанымыздай, энергетиктер бәрібір қыруар шығынға батқалы тұр. Әрине, бұл – қызмет сапасына нұқсан келеді деген сөз емес. Қақаған қыстың ортасында республиканың кейбір өңірінде құбыр жарылып, жұрт жылусыз қалып жатса, мұнайлы мекенде мұндай оралымсыздық орын алған жоқ. Жылу беру науқанына жан-жақты дайындалған атыраулық энергетиктер әдеттегідей абырой биігінен көрініп отыр. Тек мұндағы қалыптасқан қиындыққа тұтынушылар да түсіністік танытқаны жөн. Көпжылдық тәжірибе көрсеткеніндей, Атырауға нағыз қыс ақпанда жетеді. Ендеше, содан аман өтелік, құрметті оқырман!

Меңдібай СҮМЕСІНОВ, журналист

Атырау жылу-электр орталығынан өндірілетін әр гигакалория жылу энергиясының құны – 7 516,95 теңге Халыққа ұсынылып отырған баға – 4 832 88 теңге Кәсіпкерлерге арналған тариф әр гигакалориясына 14 209,89 теңге Ақырында, бюджеттік мекемелерге бекітілген тариф – 16 078,17 теңге болатын Кейбір деректерге қарағанда, республикада электр жабдықтарының – 72, жылу қондырғыларының – 68 пайызы ескірген

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз