Жылу беру маусымына дайынбыз ба?
Атырау облысы бойынша 2023-2024 жылдарға жылу беру маусымының қорытындылары, орын алған кемшіліктерді жою бағытында атқарылған жұмыстар және 2024-2025 жылғы жылу беру маусымына дайындық шаралары облыстық қоғамдық кеңес отырысында талқыға түсті.
Атырау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Жантас Оспанның айтуынша, жоспарға сәйкес жылу беру маусымына 407 білім беру нысандары толық, 154 денсаулық сақтау нысандары 100%-ға, 1794 көп қабатты тұрғын үйлердің 1741 үй дайындалуда. Жылу беру маусымы дайындығына 7,0 млрд. теңге бөлініп, жұмыстар жүргізілуде.
— Жөндеуден өткізілетін 27,5 шақырым жылу желілерінің, бүгінгі күнде оның 25,9 шақырымы, сонымен бірге, 6,4 шақырым су және кәріз желілері толықтай жөндеуден өткізілді.
«Атырау Жарық» АҚ 742 шақырым электр желілеріне, 14 подстанса, 76 дана трансформаторлық подстанса, тарату стансасы, қосалқы трансформаторлық стансалар, жоғары вольттік 50 дана трансформаторды жөндеу жұмыстарын толық жүргізді.
«Атырау ЖылуЭлектрОрталығы» стансасының 4 жылуагрегатқа (№1, №3, №4, №13) және 2 турбоагрегатқа (№10, №12) күрделі жөндеу жұмыстары жоспарланып, №1, №3, №4 жылуагрегаттың және №10 турбоагрегаттың жұмысы толықтай аяқталды.
№13 жылуагрегат бойынша жөндеу жұмыстары 94%-ға, №12 турбоагрегат жөндеу жұмыстары 42% орындалды. «АтырауЖылуЭлектрОрталығы» АҚ-ның мазут қоры 3,3 мың тоннаны құрайды. Қосымша 2 мың тонна мазут қорына келісім-шартқа отырылды, — дейді Жантас Оспан.
Білгеніміздей, «Қаладағы тұрғын үйлерге коммуналдық қызмет көрсету» ЖШС-нің 13 жылу бекеттеріне қажетті құрылғыларды сатып алуға 866,4 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі күнде 12 жылу бекеттерінде жұмыстары аяқталды. Сарыөзектегі бір жылу бекеттеріне аяқтау шаралары жүргізілуде.
Сонымен қатар, Құлсары қаласындағы орналасқан орталық жылу қазандығын жөндеу жұмыстарына (қажетті құрал жабдықтарды сатып алуға) Жылыой аудандық бюджетінен 270 млн. теңге бөлініп, жұмыстары жүргізілуде. «ЭнергоГазСтройАвтоматика» ЖШС-і жеңімпаз мердігер мекемесімен 239,540 млн.теңгеге келісім шарт жасалды. Келісім шарт бойынша мұржаларды тазалау, қаптау, 7 дана насос, басқару шкафтары ауыстырылды.
Өзекті мәселенің бірі Атырау қаласындағы кәріздік насостық стансалар (84 КНС). Олар 1945-1990 жылдар аралығында салынғандықтан авариялық жағдайда, шұғыл жөндеуді талап етеді. Бірінші кезекті жаңғыртуды талап ететін 45 КНС-тің жобалау жұмыстары жүргізілуде. Биыл 9 кәріздік насостық стансаның қайта жаңғырту жұмысы жүргізілуде. Жыл соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан бөлек, облыс аумағында 601,2 шақырым жылу желілерінің 70 пайызы (426,7 шақырымы) «АтырауЖылуЖелілері» АҚ-на тиесілі. Тозу деңгейін түсіру мақсатында 1 жобаның сараптама қорытындысы алынды. Бюджеттік кредит арқылы жүзеге асыру бюджеттік өтінім ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне ұсынылған.
Облыс тұтынушыларын тұрақты электрмен жабдықтау бағытында 5 жылдық іс-шаралар жоспарына сәйкес бірінші кезекте қала ішіндегі ауыстыруға жататын 32 шақырым электр желілеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Жыл соңына дейін Теміржол желісінде орналасқан ЭЧ-4 мекемесіне қарасты 150 шақырым болатын Атырау қаласы, Томан, Ақкөл, Мақат поселкесіндегі жұмыстары аяқталады.
Сонымен қатар, Құрманғазы, Исатай, Махамбет аудандарындағы 16 су тазалау имараттарын қайта жаңғырту жұмыстар жүргізілуде. Ал, қалада тозығы жеткен 60 шақырым су желісін күрделі жөндеуден өткізу маңыздылығына қарай учаскелер 3 кезеңге жоспарланған болатын.
Бүгінгі күнде 1 кезең — 10 учаскедегі 32,7 шақырымды жөндеу үшін жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып, жұмыстар басталды. 2,3 кезең бойынша жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленуде.
Атырау қаласының 31 учаскесінде жалпы ұзындығы 33,4 шақырым санация әдісімен кәріз желілерін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аяқталуы мерзімі 2025 жыл.
Бүгінгі таңда, облыс бойынша газбен қамтылмаған 16 елді мекен бар. Биыл, Қызылқоға ауданының 6 ауылында газ желісінің құрылысы аяқталып, іске қосу жұмыстары жүргізілуде.
Айдарбек АҚАРЫС
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ