Жарнама
Жаңалықтар

ЖЫЛУ БАҒАСЫН КӨТЕРУДІ ҰСЫНДЫ

«АЙҚЫН ТАРИФ» АЙҚЫНДЫЛЫҚТЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

Оны аталған департамент басшысының міндетін атқарушы Әлсейіт Сабыров кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Алғашқы сөзді партия филиалы жанынан құрылған қоғамдық кеңестің мүшесі, облыстық мәслихаттың депутаты Бекет Кенжеғұлов алды. Ол «Нұр Отанның» сайлауалды тұғырнамасында 12 жобаның қаралып, бірнеше бағытты қамтитындығын, соның ішінде осы жылу беру мәселесінің де барын тілге тиек етті. Бұл тұрғыда бүкіл еліміз бойынша «Айқын тариф» жобасының қолға алынып, онда қолданыстағы тарифтерге қандай өзгертулер енгізілген жағдайда да алдымен тұтынушының құқығына нұқсан келтірілмеуі, айқын болуы тиістілігін алға тартты. Бүгінгі қоғамдық тыңдауға ұсынылып, талқыланғалы отырған мәселеде де осыны ескеру қажеттігін қаперледі.
Келесі сөз кезегін еншілеген «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Нұраддин Шамшатов өз баяндамасында мұндай қажеттіліктің неден туындап отырғандығына тоқталды. Кәсіпорын басшысының мәлімдеуінше, қазіргі уақытта акционерлік қоғамның балансында барлығы 212 шақырымнан астам жылу жүйелері болса, соның 40 шақырымы магистральды, 22,1 шақырымы таратушы және 150,2 шақырымы кварталды желілері болып бөлінеді. Бұдан бөлек, магистральды желілерді қамтитын екі насосты станса, 40 орталық жылу беру бекеті жұмыс жасайды. Сол сияқты, мүлікті сенімді басқару жөніндегі келісім-шарт негізінде, Атырау қалалық қаржы бөлімімен төрт шақырым бөліп-тарату, 24 шақырым кварталды желі және бес орталық жылу беру бекеті 20 жыл мерзімге сенімді басқаруға берілген. Тұтастай алғанда, күні бүгінде кәсіпорынның жылу жүйелеріне қосылған нысандардың саны 1119 бірлікті құрап отыр.

ТОЗҒАН ЖАБДЫҚПЕН АЛЫСҚА БАРМАЙСЫҢ

2013 жылы «Қазақэнергосараптама» АҚ-ның жүргізген сараптамалық қорытындысына сәйкес, негізгі қорлардың тозу көрсеткіші ғимараттар мен имараттар бойынша 88, жылу жүйелерінде 78, ыссы сумен жабдықтау жылуалмастырғыштарында 46,1, насостар да 67 және электроқозғалтқыштарында 48 пайызға теңгерілген. Келтірілген деректерден негізгі қорлардың шектен тыс қанағаттанғысыз жағдайға жеткендігі, сол себепті де оларды ретке келтіріп, алмастыру, жөндеу жұмыстарының қарқынын қазіргіден екі есеге, тіпті одан да жоғары көтеру керектігі байқалады. Нақтылай айтқанда, соңғы отыз жылда апатты жағдайдағы желілерді жаңарту деңгейі олардың тозу көрсеткішінен көп кейін қалған. Соның салдарынан жылу энергиясының орынсыз ысырабы мен шығын көлемінің шамадан тыс көбеюіне жол берілген.

ҚАРЖЫЛЫҚ ҚИЫНДЫҚТАН ТУҒАН ҚАЖЕТТІЛІК

Осылайша, акционерлік қоғам 2011 жылды 86,8 млн.теңге, 2012 жылды 24,2 млн.теңге және 2013 жылды 318,8 млн.теңге зиянмен аяқтаған. Тек кейінгі екі жылдағы кәсіпорынның қаржылай шығындары 581,6 млн. теңгеге немесе 51 пайызға жеткен. Орташа есеппен алғанда, жыл сайынғы зиянның өсімі 291 млн.теңгені немесе 23 пайызды құрағандығы белгілі болды. Соның ішінде, күрделі жөндеу жұмыстарының нақты шығындары соңғы екі жылда 125 млн.теңгеге немесе 32 пайызға ұлғайған. Мұның сыртында, жоспарланған жұмыстарды орындауға қажетті тауарлардың (материалдардың) сатып алу бағасының немесе құнының жылдан-жылға шарықтап өсуі де кәсіпорынның қаржылық ахуалының күрделене түсуіне елеулі әсер еткендігін айтуымыз керек. Сонымен қатар, жылу жүйелерін жаңғырту мен реконструкциялау жұмыстарының жүргізілуімен байланысты аммортизациялық аударылымдардың көлемі де 24,5 пайызға артқан. Осы арада атқарылған жұмыстың тиімділігіне кепілдік беретін көрсеткіштің бірі- өндірілген жылу энергиясын тасымалдап, бөліп-таратуда оның орынсыз ысырабын азайту болып табылатындығын да атаусыз қалдырудың жөні жоқ. Бұл бағытта аз-кем ілгерілеушіліктің бары баяндалды. Атап айтқанда, 2011 жылмен салыстырғанда 2012 жылы оның көлемі 66,8 мың гекокалорияға (Гкал) немесе 22,7 пайызға қысқарған. Ал, 2013 жылы акционерлік қоғамға қарасты жылу желілеріндегі ысыраптың шамасы нормативті мәнге дейін төмендеген. Дегенмен, мұның өзі де кәсіпорынның экономикасын толықтай сауықтыруға мүмкіндік бермеді. Осыларды негізге ала отырып, «Атырау жылу жүйелері» АҚ әкімшілігі жоғарыда айтылғандай, аймақтық табиғи монополияларды реттеу департаментіне өтінімін жолдаған. Облыс орталығын толықтай жылумен қамтамасыз ету үшін негізгі өндірістік қорлардың бүлінуі мен апаттылықтың өрістеуін болдырмау мүмкіндіктерін арттыратындығын атап көрсеткен. Өтінімде 2014 жылғы қазан айынан бастап 1 Гкал жылу энергиясы үшін алынатын ақы мөлшерін (тарифті) 3563 теңге көлемінде белгілеу ұсынылған. Соған сай 2015-2017 жылдарға жасақталынған инвестициялық бағдарлама жобасында үш жылда жалпы сомасы 1 млрд. 533 млн. 800 мың теңге қаражаттың жұмсалынатындығы атап көрсетілген.

ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ БАҒДАРЛАМАДАН КҮТЕРІМІЗ ҚАНДАЙ?

Инвестициялық бағдарлама шеңберінде ең алдымен моральдық-материальдық тұрғыдан тозығы жеткен магистральды жылу жүйелері мен жабдықтарды жаңасымен алмастыру, келесі кезекте құбырларды жылыорамдау мен оларды жөндеудің озық әдістері мен технологияларын қолданып желілердегі жылу энергиясының ысырабы төмендетіледі. Жөндеу жүмыстарын жүргізу барысында еңбек өнімділігін көтеріп, сапалылылығын қамтамасыз ету үшін жетілдірілген арнаулы механизмдер сатып алынады. Жылу энергиясымен қамту қызметінің көлемі ұлғайтылып, жылу қуатының тұтынылуына бақылау жақсартылады. Қолдағы бар активтерді жаңартып, күтіп ұстауға, энергияны үнемдеу мен тиімділігін көтеруге көбірек көңіл бөлінеді. Нәтижесінде, күрделі жөндеу шығындары 19, кәсіпорынның қажетіне жұмсалынатын электр энергиясы тоғыз, салық және басқа да бюджет төлемдері төрт, аммортизациялық аударылымдар 11, сыртқары ұйымдардың қызметтері жеті, маусымдық шығындар және пайда көлемі 13 пайызды құрайтын болады. Атқарылатын іс-шаралардың 49,5 пайызы аммортизациялық шығындардың, қалған 50,5 пайызы кәсіпорынның табатын пайдасының есебінен жабылады.
Ортаға тасталынған пікірлердің басты мәні осыған тірелді. Күн тәртібіне қойылған осынау өзекті де маңызды мәселеге қатысты нақты шешім тамыз айының аяғына таман шығарылып, жарияланатын болды.

Дәулетқали АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button