Жарнама
Жаңалықтар

Жылды қорытындылау: Медиахолдингтің үздіктері анықталды

         Әр жылды шығарып салар тұста өткенді ой елегінен өткізіп, жарқын жаңалықтарды, ерекше оқиғаларды еске аламыз, жылды қорытындылап, жаңа жоспарлар жайлы ойланамыз, алдымызға үлкен мақсаттар қоямыз. «Атырау-Ақпарат» ЖШС ұжымы да санаулы күндерден соң тарих парағына айналғалы тұрған Қоян жылын елеулі табыстарымен, айтулы оқиғалармен қорытындылап отыр. Бұл туралы құрамына екі облыстық және жеті аудандық газет редакцияларын, баспахана мен кітап баспасы сияқты бірнеше өндірістік буынды біріктіріп отырған медиахолдингтің жыл қорытындысына арналған салтанатты жиын сәтінде баяндалды.

Алғашқы болып сөз кезегін алған серіктестіктің бас директоры Нұрболат Елеусінов өтулі жыл жемістерін әңгімесіне арқау етіп, ұжымдастарын келе жатқан  жаңа ­– Ұлу жылымен құттықтап, жылы лебізін жолдады.

uzdikkk3

-Құрметті әріптестер! Өздеріңізге мәлім, 2023 жылы еншілеген жетіс­тіктеріміз аз болған жоқ. Ол үшін баршаңызға ризашылығымды білдіріп, келер жылы да еңбектеріңізге толайым табыс пен сәттілік тілегім келеді. Алдағы белес те ортақ мақсатқа жұмылған ұйымшыл ұжымымызға, қалаберді еліміз үшін молшылық пен береке, игілік пен ізгілік жылы болғай! Жаңа жыл әрқайсыңыздың  отбастарыңызға амандық, құт-береке әкелсін! Қамбамыз қазыналы болып, несібеміз артып, әрбір ісіміз жемісті болсын!

Алғыс хаттармен марапатталды

Мұнан соң марапаттау шараларына кезек берілді. Қызметкерлердің бір тобына кәсіпорын басшысының Алғыс хаты табысталды. Олардың қатарында Алмас Текешев, Ақкүн Сембаева, Мария Варочкина, Сағыныш Қайыр, Нұрсәуле Жауынбаева, Эльмира Әбілқайырова, Сәндігүл Көшекованың есімдері аталды. Бұдан кейін Алғыс хаттар кәсіподақ комитетінің төрағасы Қаршыға Көшеков пен  Бас редакторлар клубының басшысы Жанай Исламғалиұлы Амантурлиннің атынан тапсырылды. Оған Алтын Шомажанова, Айнагүл Ерболова, Амандық Абдолов, Жанат Мырзағалиева, Жаңылсын Дәулетова, Даниял Амангелдиев, Айкенде Биғаирова, Светлана Жаркова, Сәуле Сариева, Айбек Нәжімов, Гүлфара Қисина, Раушан Ашықбаева, Айнұр Әлімгереева, Ерлан Қарабауов ие болды.

Мамандығы мақтанышына айналғандар

Қалыптасқан дәстүрмен кәсіпорын бойынша жыл үздіктері болып танылған әріптестеріміздің есімдері аталды. Осылайша, аудандық «Қызылқоға» газетінің тілшісі Дулат Ғұбайдуллин «Үздік журналист – 2023», Серік Жұбаниязов «Үздік қызметкер – 2023» номинацияларын иеленді. Бұл марапаттарды иелеріне медиахолдинг бас директорының орынбасарлары Исатай Балмағамбетов пен Алтай Жаңбырбайұлы табыс етті.

uzdikkk

Көп ұзамай салтанатты кештің ең бір ерекше сәті де келіп жетті. «Атырау-Ақпарат» ЖШС бойынша «Жыл үздігінің» есімі аталды. Ол – медиахолдингтің аға дизайнері Назерке Ищанова. Айта кету керек, әріптесіміз біздің кәсіпорындағы ғана емес, Атырау өңіріндегі ең мықты дизайнерлердің бірі, аса дарынды суретші, мамандығының майталманы, кәсібінің кәнігі шебері. Бұдан бөлек, Назерке Болатқызы Лондонда өткен «Golden Time Talent» халықаралық иллюстрация байқауының жеңімпазы, Ресейде өткен үшінші  «Волшебница — зима» көпжанрлы халықаралық конкурсының бас жүлдегері және Испанияда өткен  жаһанның 60 елінен 150 суретші қатысқан әлемдік суретшілер сайысының Гран при иегері. Соңғысында «Бәрі бір адамның бастамасынан басталады» атты туындысымен топ жарған болатын. Міне осылай Атыраудың атын алысқа танытқан әріптесіміз 2023 жылдың қорытындысымен кәсіпорынның жыл үздігі танылып отыр. Бұл марапатты иесіне бас директор Нұрболат Мақсотұлы салтанатты жағдайда табыстап, арнайы лентаны тақты.

Мерекелік кеш соңында табалдырықтан аттағалы тұрған Жаңа жылдың нышанын байқатып, ортамызға Аяз ата  мен Қарша қыз да келді. Алдымен жиналғандарды мерекемен құттықтаған Аяз ата қасындағы Қарша қызымен екеуі  көппен бірге дөңгелене би билеп, думанға бөледі. Ұжымдастар да олардың алдында өз өнерлерін көрсетіп, кеш көрігін қыздырып, шырайын кіргізді. Бір сөзбен түйіндегенде, бұл ынтымағы жарасқан ұжымдағы әріптестердің мерейін үстем еткен, көтеріңкі көңіл-күй сыйлаған әдемі де әсерлі шара болды.   

Дәулетқали Аруев

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button