Жарнама
Жаңалықтар

ЖЫЛАН ЖЫЛЫНЫҢ ҮЗДІК КӘСІПКЕРЛЕРІ

Тарихында он төртінші рет өткізіліп отырған маңызды шараға аймақ басшылығымен қатар, мұнай компанияларының өкілдері де қатысты. Облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер Одағының төрайымы Әлия Бекқожиева жаңа жыл қарсаңында кәсіптерінің айы оңынан туған бизнес иелерімен бірге осындай сәтте кездескеніне разылығын жасырмады. Өтіп бара жатқан жылдың бизнесмендер үшін табысты болғанын, бірқатар жобалардың іске қосылғанын атап айтты. Әсіресе, ауыл кәсіпкерлерінің ісі дөңгеленіп, өнімдерімен облыстың азық-түлік белдеуін қамтуға сүбелі үлес қосқандарын жақсылыққа балады. Оның үстіне, жақында ғана «Алтын сапа», «Парыз» байқауларынан үш атыраулық кәсіпкердің жүлдемен оралуы шағын және орта бизнеске тың серпін бергенін атап айтты.

Жылан жылының кәсіпкерлік саласына жемісті болғанын облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев та атап өтті. Құттықтау сөзінде ол  жетістіктерге тоқталып, жағымды жаңалықтармен бөлісті.

— Облыста бизнестен бюджетке түскен кіріс көлемі ұлғайып, 431 млрд. теңге көлемінде салық төленіпті. Бұл былтырғы жылдан сегіз пайызға артық. Көрсеткіштер, негізінен, шағын және орта бизнестің еншісіне тиіп отыр. Жуырда «Інжу-маржан», «Атырау Агро өнімдері», «Шеврон МұнайГаз ИНК» ЖШС-тері бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін анықтайтын «Парыз», «Алтын сапа» байқауларының номинаттары атанды,-деген Ғұмар Ислямұлы мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаудың аз еместігін айтты. Ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге берілетін субсидия көлемінің ұлғаюы, инвестициялық жобалардың толыққанды жұмыс бастауы биылғы жылдың белестері болғанмен, келер жылдың да міндеттері мол екендігі айтылды. Облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атынан тілегін жеткізген  бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев «кәсіптеріңіз өрлей түссін» деген құттықтауын да жолдады.

Сонымен, бизнес саласында жылдың үздіктерін анықтау рәсімі басталды. «Жыл ашылымы-2013» номинациясы Ғибрат Сәрсеновке берілді. «Каспий толқыны» ЖШС иесі тоғыз жылдан бері бизнеспен айналысып келгенімен, биылдан бастап қана жауапкершілігі шектеулі серіктестікке айналыпты. Әр салада өзін сынап көрген жас кәсіпкер қысқы уақытта сұйық бетон өнімін шығаруды жүзеге асырыпты. Қарамағында отызға тарта қызметкері бар Ғибрат Сарыөзек елді мекенінен базасын да ашып үлгеріпті. «Шеврон Мұнай ИНК», «НефтеМаш», «Жігермұнайсервис» секілді компаниялармен қатар, жеке тұлғаларға да қызмет көрсетеді.

Бұдан кейін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау аймақтық филиалы төрағасы Асылбек Жакиев бизнес саласына ұдайы қолдау білдіріп келген жандарға Алғыс хаттар табыстады.

Ал, «Ауыл кәсіпкері-2013» байрағы Махамбет ауданының «Феликс» шаруа қожалығына бұйырды. Осыдан екі жыл бұрын Енисей Феликсович құрған шаруашылық бастапқыда жеке кәсіпкер ретінде тіркеліпті. Биыл қожалық көп өнім алыпты. Бұл салада айтарлықтай тәжірибесі бар «Феликс» ШҚ 1 гектардан 300 тонна картоп жинаған. Бұдан да басқа көкөністің барлық түрлерін өсірген. Маусымдық жұмыс кезінде 95 жұмысшыны еңбекпен қамтыған. 

«Үздік сауда үйі-2013» болып қала орталығындағы «Тамаша» ойын-сауық кешені танылды. Аталған ЖШС 2010 жылы тіркелген. Қызметіндегі жаңашылдық ретінде облыс орталығындағы тұңғыш отбасылық сауда-ойын сауық кешені болғанын айтуға толық негіз бар. Мұнда әйгілі халықаралық брендтер тауарларының бутиктерімен қатар, балаларға арналған ойын алаңы орналасқан. Сондай-ақ сауда орталығында ресейлік сауда және ойын-сауық компанияларымен бірлескен түрлі акциялар мен байқаулар өткізіліп тұрады. Жалпы, 150-ге тарта қызметкері бар кешенді атыраулықтар тек сауда үйі ғана емес, бос уақытты отбасымен өткізетін орын ретінде қарастырады. Аз уақыт ішінде осындай жетістікке жетуін «Тамаша» ЖШС иесі Денис Носов кәсіпкерлік құпия санағанмен, таңдаулылар қатарынан орын алғанына алғысын білдірді.

Қызмет көрсету саласынан «Пром АльпАтырау» жеке кәсіпкерлігінің бағы жанды.Вадим Тарабрин жеке кәсіпкер ретінде 2008 жылы тіркеліп, «өндірістік альпинизм» әдісімен жұмыстар атқарып келеді. Бизнесте 15 жыл тәжірибесі бар кәсіпкер өз саласы бойынша шетелдік компанияларда аккредитациядан өткен. «Аджип», «Марриот», «Шелл», «Шеврон» нысандарында қызмет етеді.

Ал, «Атырауда жасалған» номинациясын «Атыраунефтемаш» ЖШС (Александр Донсков) жеңіп алды. Бұл ЖШС еліміздегі мұнай және газ саласына бейімделген бірегей компания болып табылады. 90 жылдардың ортасында Қазақстанда «Шеврон», «Мобил», «Тексако», «Шелл», «Аджип», «АВВ», «Тоталь» және тағы да басқа ірі кәсіпорындар жұмыстарын бастады. Сөйтіп, машина құрастыру өнімдеріне сұраныс көбейді. Бұл ретте сұранысты қанағаттандыратын отандық тауарлар болмағандықтан, көбіне-көп шетелдерден әкелінді. Осы сәтте «Атыраунефтемаш» тұтынушылар арасында үлкен беделге ие болды. Осыдан он жыл бұрын зауыт бұрғылау жабдықтарын ғана шығарған болса, соңғы кездері заманауи жабдықтарды өндіруді қолға алды.

«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» номинациясынан үздік болып «Дентиум К» стоматологиялық емханасының аты аталды. Бір кездері мұнайлы өлкеге келген ерлі-зайыптылар осында тұрақтап қалады. Бүгінде олар отбасылық бизнесте табысты болып қана қоймай, әлеуметтік жауапкершілікте де өз орнын алып үлгерді. Оннан астам маман еңбек ететін емханада стоматологиялық қызметтің барлық түрі көрсетіледі. Бизнес иесі Құрал Мұратұлы өзінің ұсынысымен балалар үйінің бүлдіршіндерін тегін емдеп, жас дәрігерлердің оқудан кейін тәжірибеден өтуіне мүмкіндік жасаған. Шеберлік сабақтарына шетелден дәрігерлер шақырған. Барлық талаптарды орындап отырған кәсіби емхананың әлеуметтік жауапкершілікте де өзгелерден оқ бойы озық тұруы да сондықтан.

Марапаттау рәсімі барысында облыстық кәсіпкерлер мен жұмыс берушілер Одағының төрайымы Әлия Бекқожиева бизнес саласында жыл бойы белсенділік танытқан бірнеше кәсіпкерге Алғыс хаттар табыс етті. Олардың қатарында «Каспий свет», «RK Tel», «Батыс Альянс Строй», «Пром Аль Қазақстан», «Номад Иншуранс», «Арал» фирмасы, «NGN Service», «Темірәлі» ЖШС-тері бар.

«Кәсіпкер әйел-2013» номинациясын қала әкімі Серік Айдарбеков «Медицина» АҚ төрайымы Забира Дәулетжановаға табыстады. Шаһар басшысы жаңа жылда бизнес иелеріне толағай табыс тілей отырып, шынайы тілегін білдірді. «Медицина» АҚ – облыстағы ірі көтерме жеткізушілердің бірі, дәрі-дәрмекпен, медициналық құрылғылармен қамтуда  жемісті еңбек етіп келеді. Тұтынушылар мен әріптестері арасында құрмет пен беделге ие Забира Жағыпарқызы облыс бойынша отызға тарта дәріхана ашып, 200-ден астам қызметкерді жұмыспен қамтып отыр. Алдағы уақытта кәсіпкер әйел дәрі-дәрмек, сүт езбелерін шығаруды жоспарлауда.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев «Бұл шараға қатысып отырған бизнесмендердің барлығын осындай атаққа лайық деп есептеймін» деп бағалап,  «Кәсіпкер-2013» атағына «Арал» фирмасы ЖШС иесі Дүйсембек Ысмағұлов ие болғанын хабарлады. 

Дүйсембек Бисенұлының кәсіпкерліктегі жолы әр алуан. 2000 жылдан бері ол құрылыс материалдарын, дәрі-дәрмек жеткізуші болып, ұзақ жылдар бойы пенобетон өндірумен айналысқан.

2003 жылдан бері құрылыс саласын меңгерді. Нұрсая, Алмагүл ықшамаудандарындағы үйлер мен жолдар, Астанадағы көппәтерлік тұрғын үй, «Жаңа қала» тұрғын үй қалашығы, қаладағы бірнеше мекемелердің құрылыс-жөндеу жұмыстары, Нұрсая-2, Еркінқала-2, Сарықамыс-2 ықшамаудандарын жарықпен қамту және тағы да басқалары «Арал» фирмасының нысандары болып табылады. Компанияның халықаралық стандартқа сай сертификаты мен экологиялық менеджмент, отандық жеткізуші куәлігі бар.

Өз кезегінде Ғұмар Ислямұлы жеңімпазды анықтауда Д.Ысмағұловтың кандидатурасын облыс әкімінің бірден қолдағанын атап айтты. «Ұлтына, жасына, дініне қарамастан біз жаңа бизнес идеяларды қолдауға дайынбыз»,-деген ол келесі жылы да тың бастамаларды күтетінін жеткізді.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суреттерді түсірген

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button