
Жыл басынан бері облыста 4 мыңнан астам адам банкроттық рәсімге өтініш тапсырған
Жыл басынан бері Атырау облысында 4135 азамат соттан тыс банкроттыққа өтінім берді. Олардың ішінде 702 адамның сұранысы мақұлданып, борыштан құтылу рәсімі басталды, – деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
300 өтініш қаралу үстінде. Ал 3 мың адамның өтініші заң талаптарына сәйкес келмегендіктен қараусыз қалдырылды. Жыл басынан бері 71 жеке тұлға соттан тыс банкрот деп танылған.
Банкроттық рәсімге өтініш беру үшін берешек сомасы 1600 айлық есептік көрсеткіштен (шамамен 6,3 млн теңге) аспауы тиіс. Сондай-ақ қарыздың өтелмегеніне кемінде 12 ай өтуі немесе борышкердің тұрақты табысының болмауы маңызды шарттардың бірі саналады.
– Банкрот деп танылғандардың басым бөлігі – жұмыссыздық, тұрақты табыстың болмауы және несие жүктемесінің артуы сияқты қаржылық қиындықтарға тап болғандар. Ал өтініші талаптарға сай келмеген азаматтар үш айдан кейін қайта тапсыра алады, – деді Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің Дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының бас маманы Шұға Джаншаева.
Айта кетейік, банкрот деп танылған жеке тұлғалар алдағы бес жыл ішінде банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие ала алмайды. Сонымен қатар олардың қаржылық жағдайы үш жыл бойы бақылауда болмақ.