Жыл аяғына дейін әлеуметтік осал топтағы 75 отбасы баспаналы болады
Бүгін облыс әкімі Серік Шәпкенов Құрманғазы ауданының тұрғындарымен кездесті. Кездесуде Құрманғазының әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері мен алдағы даму бағыты талқыланды, — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Алдымен аймақ басшысы ауданда атқарылып жатқан істер туралы баяндама жасады. Құрманғазы ауданында тұрғындарды баспанамен қамту мәселесі өзекті.
— Мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді орындауға баса мән беріп келеді. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тұрғын үй мәселесіне аса көңіл бөліп отыр. Тұрғындардың тұрмыстық ахуалын жақсарту — басты міндетіміз. Бұл ретте өңірде бірнеше тұрғын үй сатып алу бағдарламасы жүзеге асырылып, жемісін беріп келеді. Биыл Құрманғазы ауданында әлеуметтік осал топтағы азаматтарға арналған 85 пәтер сатып алынып, 10 отбасы қоныстой тойлады (Құрманғазы 4, Жұмекен 4, Теңіз 2). Қалған 75 пәтерді жыл аяғына дейін сатып алынады. Оған қоса апатты үйлерде тұратын 32 тұрғын жаңа үйге көшіріледі,-деді С.Шәпкенов.
«Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жыл аяғына дейін Азғыр, Батырбек, Жалғызапан, Қоңыртерек, Афанасьев, Жасталап ауылдарына медициналық пункттер және Арна, Кудряшов ауылдарына фельшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға беріледі.
Жиында аудан тұрғындары Азғыр ауылдық округіне дейін жол салу мәселесін көтерді.
— Мен бұл мәселені Азғыр ауылына жұмыс сапарымен айтқан едім. Қазір құрылысқа дейінгі жұмыстар басталды, бірақ жол бойындағы топырақ құмды, асфальт төсеуге қолайсыз болғандықтан мәселені шешу уақытты талап етеді. Бұны шешу үшін ғылыми зерттеу институтының ғалымдарымен бірлесіп зерттеу жүргізіп жатырмыз. Азғыр өңірі шекара маңында орналасқандықтан, көлік инфрақұрылымы маңызды. Сондықтан барлық күш осы құрылысқа салынады,-деп атап өтті облыс әкімі.
Құрманғазылықтар тас жол салу, денсаулық сақтау, инженерлік инфрақұрылым жүргізу, тұрғын үймен қамту сынды басқа да өзекті мәселелерді көтерді.
Аймақ басшысы жиында көтерілген сауалдар заң аясында кезең-кезеңімен шешілетінін айтты. Кейін жұртшылықты жеке мәселесі бойынша қабылдап, сала мамандарымен бірге сұрақтарға жауап берді.
Облыс әкімінің Құрманғазы ауданы тұрғындарымен кездесуі аудан әкімдігінің facebook, instagram желілеріндегі ресми парақшаларында тікелей эфирде көрсетілді.