Жырым қалсын жанымның ұшқынындай…
Атырауда І облыстық Фариза оқулары өтті
Жазмыштың жазылмаған қағидаларының бірі – халықтың өз тұлғаларына деген сарқылмас сағынышы. Жұртшылық сол асылдарынан алыстаған сайын замананың желі, уақыттың көшіне ілесе отырып іздеуін тоқтатпайды. Ақиқатын айта алмағанда, бір шындығының күрмеуін шеше алмағанда тарихтың өзі елді сол бірегей перзенттеріне жиі жүгінтіп отырады.
Сондай ұлттың алдаспандарының бірі, қазақтың ғажайып ақыны Фариза Оңғарсынова болатын. Жуырда ғана поэзия патшайымының өлмес мұрасын ұлықтау мақсатында тағы бір ұлағатты шараның куәсі болдық. Атырау облыстық білім беру басқармасының әдістемелік кабинеті І облыстық Фариза оқуларын ұйымдастырған еді.
Алғаш рет өткізіліп отырған бұл шараға қала мен аудандардан үмітін үкілеген «мыңнан жүйрік, жүзден тұлпар» көптеген оқушы қатынасты. Аталмыш байқаудың Ф.Оңғарсынова атындағы орта мектеп базасында өткізілуін тарихи сәйкестік пен жақсылықтың нышаны деп қабылдадық. Атырау облыстық білім басқармасының әдістемелік кабинет жетекшісі Ғабит Қабекенов үміткерлерге сәттілік тілей отырып, осы сайыстың келешекте аймақтық, республикалық деңгейге көтерілуі үшін жұмыстанатындықтарын жеткізді.
Бұл шараға ақынның ұлы мен туыстары, облыстық әдістемелік кабинеттің жетекшілері мен облыстың ұлағатты ұстаздары құрметті қонақ ретінде қатынасты. Негізгі мақсаты даңқты ақынның өмірін, шығармаларын дәріптеу, туған жерге, елге деген сүйіспен-шілігін жеткізу, балаларға поэзияны сүюді үйрету, халықтың жүрегінен орын алған өлеңдерін мектеп оқушылары арасында насихаттау, олардың шығармашылық қабілеттерін, эстетикалық талғамдарын дамыту, ақын жырлары арқылы отансүйгіштік рухты ояту, туған елімізді, жерімізді сүюге, құрметтеуге, оның дәстүрлері мен мәдениетін қастерлеуге шақыру еді.
Дүбірлі доданың алғашқы іріктеу кезеңдері аудандар мен қала мектептері арасында өткізілген болатын. Үш кезеңнен тұратын байқау Фариза ақын өлеңдерін жаттау және мәнеріне келтіре оқу, өлеңдеріне жазылған әндерді орындау және ақынға арналған өз өлеңдерін оқу сынды үш бағамнан тұрды.
Сайыста көз бен көңіл қуантарлығы – желкілдеп өсіп келе жатқан жас ұрпақтың Фариза ақын өлеңдеріне ғашықтығы еді. Ешқандай жасандылықсыз ақынның 70-80-ге жуық өлеңін жатқа оқып, оның асқақ рухы мен терең философиясын балғын дауыстарымен өрнектеп, жүректерімен бере білген бүлдіршіндерді көргенде Фариза поэзиясының туы ешқашан жығылмайтынына сендік.
Оңғарсынова – өлеңдеріне ән көп жазылған ақындардың бірі. Жүрек қылын шертер нәзік лиризмі мен өршіл азаматтық үні әнге айналған ақын апамыздың «Айша бибі» (муз. Б.Қоқаманов), «Жайықтың толқындары» (муз. Қ.Құрманәлі) туындыларын күрделілігіне қарамай барынша шеберлікпен орындаған бүлдіршіндердің әрқайсысының өзіне тән ерекшелігі болды.
Жұмекен мен Фариза туған топырақта өсіп-жетіліп келе жатқан балдырған ақындардың поэзия патшайымына арналған жырлары келешегінен көп үміт күтуге жетеледі. Тақырыбы сан алуан балапан жырлардың ақын туған топырақты да, оның қайсар образын да қалдырмай суреттеуге тырысқандары көрініп тұрды.
Белгілі ұстаздар мен өнер адамдарынан тұратын қазылар алқасының сараптауымен «Өлең, мен сені аялап өтем» бағамы бойынша І орынды Жылыой ауданы, №10 Амангелді атындағы орта мектептің 8 сынып оқушысы Гаухар Айтбаева иеленді.
«…Не деген керемет ең!» атты Фариза Оңғарсынова сөзіне жазылған әндерді орындаушылар конкурсы бойынша І орынды Индер ауданы, М.Сиранов атындағы орта мектептің 9 сынып оқушысы Шәрбат Қайырбаева қанжығасына байлады. «Жырым қалсын жанымның ұшқынындай…» атты жас дарындар конкурсында І орынмен Исатай ауданы, Ю.Гагарин атындағы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Венера Сабихова марапатталды.
Жүлдегерлерді марапаттаған ақынның ұлы Айбар Оңғарсынов байқауды ұйымдастырушыларға алғыс сезімін білдірді.
Әлия Дәулетбаева