«Жылыой коса» аумағынан екі браконьер ұсталды (ВИДЕО)
Атырау облыстық ішкі істер департаменті балық қорына қылмыстық қол сұғушылыққа қарсы күрес бөлімінің қызметкерлері «Бекіре 2017» акциясы аясында кезекті заң бұзушыларды анықтады. Жылыой ауданының Каспий теңізіне таяу тұсындағы «Жылыой коса» аумағын тікұшақпен әуеден шолу кезінде полиция күдікті екі азаматты көзі шалған.
Тексеру барысында браконьерлерден ұзындығы бес шақырымнан аса бекіре тұқымдас балықтарды аулауға арналған ау торлары мен 1600 дана қармақ анықталды. Браконьерлердің жасырын жатағын шолу кезінде әрқайсысының сыйымдылығы 200 гр. болатын отыз дана бекіре балығының уылдырығына арналған темір қалбырлар табылған.
Бұдан бөлек, балық қорына заңсыз қол сұғушы азаматтардан 4 бекіре балығы және маркасы «Ямаха 200» ілмелі моторымен жабдықталған «Амур», маркасы «Ямаха 15» ілмелі моторымен жабдықталған «Крылатка» қайықтары тәркіленді.
Қазіргі кезде күдікті азаматтар – 1971 және 1978 жылы туылған Атырау қаласының тұрғындарына қатысты Қылмыстық Кодекстің 335-інші бабының 3-інші бөлімі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталған.
Айта кетейік, «Бекіре 2017» республикалық акциясы аясында соңғы екі айда Атырауда 15 қылмыстық құқық бұзушылық анықталды. Сондай-ақ, қоршаған ортаға залал келтіру дәйектері бойынша 77 әкімшілік құқық бұзушылық тіркеліп, кінәлі азаматтар сот шешімімен айыппұлдар өтеген. Акция барысында салмағы 2 тоннадан аса балық тәркіленген. Оның 131 келісі бекіре тұқымдас балықтар. Сонымен қатар, браконьерлер меншігіндегі 5 суда жүзу құралы анықталып отыр.
«Бекіре 2017» акциясы ағымдағы жылдың 31 қазанына дейін жалғасады.
Айқара Ғұмар
Видео Атырау облыстық ІІД-нің жедел түсірілімінен алынған