«Жыл үздігі – 2017» жеңімпаздары марапатталды (ФОТО)

ANU 9352 Жаңалықтар

Жастар – қашан да қоғамның қозғаушы күші. Бүгінгі таңда егемен еліміздің әр саласында табысты қызмет етіп жүрген жастар жетерлік. Атырау қаласы әкімдігі соңғы үш жыл қатарынан әр сала бойынша озық еңбек үлгісін көрсетіп жүргендерді құрметтеу дәстүрін өткізіп келеді.

ANU_9352

Қала жастары арасында өткізілген «Жыл үздігі-2017» марапатын тапсыру салтанатында әр аталым бойынша үздік деп танылған жастарға арнайы сертификаттар табысталып, қошемет көрсетілді.

ANU_9406

Сонымен, білім беру саласының үздігі – Алтынай Түгелбаева, ғылым және ақпараттық технологиялар саласының үздігі – Ержан Нұрединов, мәдениет және өнер саласының үздігі – Мержан Қабдолов, шағын және орта кәсіпкерлік саласының үздігі болып жас кәсіпкер Әзілхан Байбатыров танылды. Салауатты өмір салтын насихаттап, спортты серік еткен Жандос Назарбеков өз саласының үздігі атанса, жас та болса білікті маман екенін дәлелдеп үлгерген балалар хирургы Елдос Зұлхашев денсаулық сақтау саласының үздігі болды. Ал, «Ембімұнайгаз» АҚ-на қарасты «Жайықмұнайгаз» басқармасының мұнай дайындау және айдау цехының жөндеушісі Дархан Жаңабаев өнеркәсіп саласы бойынша үздік деп танылды. Отанға қызметтің озық үлгісін көрсеткен Саидин Исмаилов – Отанға қызмет саласы үздігі аталымы бойынша, үздік мемлекеттік қызметкер ретінде Кенжеболат Рахимов марапатталды. Ал, үздік студент аталымы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің 4 курс студенті Жұлдызай Зиноллаеваға берілді.

ANU_9269

Әркез әлеуметтік мәселелерге орай қолдау танытуға әзір тұратын «Ембімұнайгаз» компаниясының «Жастар кеңесі» мүшелерінің жақсылыққа жаны құмар. Сәбилерге арнап қайырымдылық шарасын өткізген, қатты нөсер жауыннан зардап шеккендерге қолдау білдірген де аталмыш топ өкілдері. Сол себепті «Үздік жастар комитеті» болып «Ембімұнайгаз» АҚ-ына қарасты жас мамандар кеңесі аталды.

ANU_9416

Жас мамандар арасынан үздік деп танылғандар қатарында әріптесіміз, «Атырау» газетінің бөлім меңгерушісі Нұргүл Ысмағұлова да бар. Ол – ақпарат саласының үздігі номинациясының иегері.

ANU_9195

Ал, салтанатты шараның ең басты жүлдесі жүзуден паралимпиадалық ойындар чемпионы Ержан Сәлімгереевке берілді. Жақында ғана Мексикадан оралған жас спортшы – бірнеше халықаралық жарыстардың жеңімпазы. Бір қол, бір аяғы жоғына қарамастан, өмірге деген құштарлық пен ерік-жігердің ерен үлгісін көрсете білген «Жыл үздігі» Ержан Сәлімгереев: «Осындай марапатқа ие болғаныма қуаныштымын. Әлі де жаңа белестерді бағындыруға тырыса бермекпін»,-деген тілегін білдірді.

ANU_9438

Гүлжан ӘМІРОВА

Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз