«ЖҮЗІМ» СІЗГЕ ҚАРАП ТҰР
Atr.kz/25 тамыз, 2020 жыл. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу – бүгінде тәртіп сақшыларына артылған міндеттің бастысы. Осы орайда Атырау қалалық полиция басқармасына қарасты Жедел басқару орталығының жұмысы қандай деңгейде атқарылуда? Біз осы сауалға жауап іздеп, аталған жұмыс орнына арнайы бардық.
Полицияның сенімді «көмекшісі»
Орталықтағы қатаң тәртіп алғашқы сәттен-ақ байқалды. Кезекші бөліміндегілер бекітілген талап-міндетке сәйкес, құжаттарымыз бен сөмкемізді мұқият тексерістен өткізді. Одан соң Жедел басқару орталығының қызметімен тереңірек танысуға мүмкіндік алдық. Қоғамдық орындарда құқықтық тәртіп орнатып, құқықбұзушылықпен күре-су жұмыстарын ширатып отырған аталған орталықтың ашылғанына биыл он үш жыл толыпты. Ал, Жедел басқару орталығын қалалық полицияның жүрегі деуге болады. Өйткені, мұндағы қызмет ауысыммен тәулік бойы үздіксіз жүргізіледі. «102» пультіне шалынған қоңыраулардың барлығы жүз пайыз осы орталыққа түсіп, тіркеледі.
– Адамдар түрлі шағымдар, сұрақтар бойынша жүгініп, қылмыстар мен құқықбұзушылықтар туралы хабарлайды. Әрбір қоңыраудың шағымы бойынша операторлар цифрлы форматтағы құрылғыда карточка ашып, тіркейді. Күш құрылымдары мен басқару тобының аға инспекторлары карточканы өңдейді. Бұл сала мамандарына жолданып, олар оқиға орнына жедел барады. Негізінен оқиға орнына жету уақыты – бес-жеті минут. Қысты күндері ауа райының қолайсыздығына байланысты кідіріс болмаса, полицейлер басқа кезде көрсетілген уақыттан кешікпейді. Кешіккен жағдайда жедел басқару орталығындағы құрылғыларда қызыл түсті дабыл жанады. Бұл электронды карта арқылы әрбір жасақ бақыланып отырады, — деді Жедел басқару орталығының басшысы, подполковник Алтынбек Қайырлиев.
Оқиға орнына жеткен сала қызметкерлері заттай айғақтар жинап, куәгерлерді сұрастыру жұмыстарын жүргізеді. Бүгінгі тәжірибе көрсетіп отырғандай, дер кезінде шалынған қоңырау қылмыстың «ізін суытпай» ашуға көмектеседі. Камералар арқылы оқиға болған жердегі жағдай да толық бақыланады. Күдіктілерге қатысты ақпараттар келіп түссе, олардың қаланың қай бағытына кеткені қадағаланады.
Жеті айда – 96 қылмыс
– Мәселен, биыл жеті айда бейнебақылау камераларының көмегімен 96 қылмыс ашылды. Былтыр осы кезеңдегі бұл көрсеткіш 46 болды. Сондай-ақ, биыл жыл басынан бері 7 988 әртүрлі әкімшілік-құқықбұзушылық қылмыс анықталды. Оның ішінде қоғамдық орындарда шылым шегу, көлікте сақтандыру белдігін тақпау, автокөлік терезелерін қараңғылау, Жайық жағасында белгіленбеген уақытта велосипед теуіп, итті серуенге шығару секілді заң бұзушылықтар бар. Сондай-ақ, ата-аналарының қарауынсыз жүрген жасөспірімдер де кездеседі, — деді аталған орталықтың басшысы.
Көлік жүргізушілері қырағы камераларды алдап, жасырын түрде өз ойларын жүзеге асырғысы келеді. Мәселен, көктем айларында шетелдік көліктің маркасына сай келмейтін жалған мемлекеттік нөмірді орнатқан автокөліктер кездесті. Жүргізушілердің бұл айла-әрекеттері бейнебақылау камераларының назарына ілінді. Арнайы құрылғылар құқықбұзушылықтарды авто-матты түрде түсіріп алады. Мұндай жағдайда экранда қызыл белгі жанады. Аталған құрылғылар автоматты түрде бұрылады.
Сондай-ақ, оны жедел басқару орталығындағы операторлар да арнайы қозғалтып отыра алады. Кейбір көшелерде бір бағытты ғана түсіретін камералар орнатылған. Алайда, оның үстінде көп қызметті атқаратын қырағы камера тағы бар.
«Сыйға» тартылған гироскутер…
Камералардың түнгі уақытта да айналадағы жағдайды бақылайтын мүмкіндігі бар. Көпшілік арасында «құрылғы түнде түсіре алмайды» деген түсінік қалыптасқан. Сондықтан, ұрлық әрекеттерін осы уақытта оп-оңай жүзеге асырамыз деп ойлайды екен. Полицейлер «бұл – қате» деген пікірде. Бұдан басқа, камералар көлік ішін де анық көрсете алады. Қызметтің осы ерекшелігінің арқасында талай рет таксиде ұмыт қалған дүниелер табылып, иесіне қайтарылыпты.
– Қазір таксиге отырып, оның ішінде заттарын ұмытып кету фактілері жиі кездеседі. Бірде жас жігіт гироскутерін такси көлігіне салып, оны алуды ұмытып кеткен. Екі күннен кейін бізге шағымданып, іздеп келді. Алайда, ол көліктің маркасын ажыратқанымен, нөмірін білмейтін болып шықты. Оның айтуы бойынша, таксиге отырған жерінен бастап анықтау үшін камералардың көмегіне жүгіндік. Іздестіру нәтижесінде такси иесін анықтап, шағымданушымен бірге оның үйіне бардық. Гироскутерді үйдің ауласында жұбайы зырғыта теуіп жүр. Оның айтуынша, гироскутерді таксиші әйеліне сыйлыққа ұсыныпты. Алайда, құрылғының иесіне қайтарылуы қажеттігін айтқанымызда, әйелі аң-таң болып қалды. Таксиші болса жұбайына «жағдайды кейін түсіндіремін» деп әлек. Сөйтіп, әйелі болса «сыйлыққа» алған скутер үшін байбалам салған жағдай да кездесті, — деді Алтынбек Қайырлиев.
Оның айтуынша, таксиде өзгенің ұмыт қалдырған заттарын өзіне меншіктегісі келетіндер алғашында оны «көрмедім, алмадым» деп түрлі дәлел айтады. Алайда, камераның жазбаларын көрсеткенде біреудің заты өзгеге олжа болмайтынын түсініп, еріксіз қайтарып беруге мәжбүр болады. Бұл ретте ішінде оқу ақысына төлейтін 75 мың теңгесі бар студенттің әмиянын ауласындағы жүріп жатқан үйдің құрылысындағы тастардың арасына жасырып қойған қала тұрғыны да өз қателігін мойындады.
Камера қырағылығынан қашу мүмкін емес
Осылайша, бейнебақылау құрылғыларының көмегімен талай қылмыстың беті ашылды. Бүгінде жедел басқару орталығында барлығы 123 қызметкер бар. Оның ішінде күш құралдары мен басқару тобында үш аға инспектор және он кезекші бейнебақылау инспекторы жұмыс жасайды. Қалғандары – қала аумағында жүретін арнайы жасақтар. Атырау қаласының аумағында 759 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бүгінде олардың барлығы толық жұмыс жасап тұр. Қоғамдық тәртіпті сақтау, қылмыстарды болдырмау, көшедегі жол кептелістерінің алдын алуда бұл құрылғылардың маңызы зор. Қауіпті індетке байланысты бекітілген санитарлық талаптардың сақталуын қадағалауда да осы бейнебақылау камералары пайдаланылуда.
– Санитарлық ережеге бағынбай, сағат 21.00-де жұмысын тоқтатпаған дүкендер де қырағы камералардың көзіне түсуде. Бетперде тақпай, арақашықтықты сақтамай, бір жерге топтасқандар да бақылауда болады. Мұндай жағдайлар камераға түскеннен кейін сол жерге жақын маңда жүрген инспекторларға радиоқабылдағыш арқылы хабарланады. Осылайша, тәртіпті сақтамағандар өздерінің қалайша сала мамандарына кезігіп қалғандарын аңғармай қалады. Өйткені, бүгінгі бейнебақылау камералары сонша алыс қашықтықты өз бақылауында ұстап отыр, — деді Алтынбек Қинашұлы.
Аузы күйгендер үрлеп ішеді
Қоғамдық тәртіпті сан мәрте бұзып, бұл әрекеті үшін бірнеше рет айыппұл төлегендер бүгінде камералардың көзіне түспеуге ұмтылады.
«Бірде Авангард ықшамауданының соңғы аялдамасындағы таксиші жігіттің бірі далаға шығып шылым шекті де, қалдығын жерге лақтырмады. Оны қалтасындағы сіріңке қорабының ішіне салды да, камераға жақындап келіп осы әрекетін қайталап көрсетті. Бұл жайды жедел басқару орталығында бақылап отырып, осылайша тұрғындардың тәртіпті сақтауына бой үйретіп жатқанына сүйсіндік» деді Алтынбек Қайырлиев.
Осылайша, қауіпсіздікті қадағалауда Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығы бейнекамераларының рөлі зор. Бүгінде қала аумағы үлкейіп, жаңадан мөлтекаудандардың бой көтеруіне байланысты осы құрылғылардың санын арттыру қажеттілігі тууда. Облыстық полиция департаментінің бастығы, полиция полковнигі Қамза Үмбетқалиевтің айтуынша, тәртіп сақшыларының мұндай сенімді «көмекшілері» – бейнекамералар облыс орталығындағы көшелер мен оның қиылыстарында, адамдар жиналып, демалатын алаңдарда және көп қабатты үйлердің аулаларында орналастырылған.
– Оларды қадағалап отырған Жедел басқару орталығы қызметкерлерінің еңбегі зор. Бұл құрылғылардың көмегімен көшеде, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдіктерді ішу немесе масаң күйінде жүру, шылым қалдығын, қоқыстарды тастап кеткен, жасыл желектерді бүлдірген жағдайлар жедел анықталады. Сондай-ақ, карантин режиміне қатысты шектеулерді орындамау секілді басқа да заңбұзушылықтар бар, — деді Қамза Үмбетқалиев. Облыстың бас полицейі биыл жеті айда тіркелген деректерден мысал келтірді.
«Атырау қалалық полициясына арызданған 1946 жылы туған азаматша белгісіз адамның М.Әуезов көшесіндегі үйлердің бірінің алдында мойнындағы алқасын тартып алып кеткені туралы хабарлаған. Жедел іздестіру шаралары барысында, сол маңайда орналасқан бейнекамералардың көмегімен, күдікті азамат арызданушының айтқан белгілері бойынша анықталып, ұсталды. Одан айғақ зат тәркіленді. Қазір Қылмыстық кодекстің «Тонау» бабымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде» деді сұхбаттасушымыз.
Сонымен қатар, жол қозғалысы ережелерін бұзғандар да бейнекамералардың назарынан тыс қалмайды. Жыл басынан бері осындай 6 415 дерек анықталып, құқықбұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Осылайша, қаладағы бейнекамералар қоғамдағы қауіпсіздікті сақтаудың аса қажет нысанына айналды. Құзырлы орган өкілдерінің талдау жұмыстарының нәтижелері де қаладағы бейнекамералар орналасқан аумақтарда құқық бұзушылықтардың аз тіркеліп жатқанын айғақтайды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА