Журналист Сүйеу Халықовтың өмір баспалдағы туралы ой

Абыройлы алты асу Жаңалықтар

Абыройлы алты асу

– Клара апай, біз ауданда алғашқылардың бірі болып қой өсіруші комсомол-жастар бригадасын ұйымдастыруға шешім қабылдадық, – деген Нұрғаным Бақтиярованың сөзін Сүйеу Халықов та қостай жөнелді:

– Екі сыныптан екі бригада құрылмақ. Шаруашылық басшылары «барлық жағдайды жасаймыз, екі жылдан соң жоғары оқу орнына түсуге жолдама береміз» деп отыр.

– Бригада атауын да  ойластырып қойдық. Біздің сыныптастар «Жас дәурен–74», ал, «Б» сыныбын бітіретіндер «Жайық толқыны–74» болып аталады, – деді  әңгімеге араласқан Сәния Сырымбаева.

– Жаңа өмірдегі алғашқы қадамдарыңды еңбектен бастаймыз деп ұйғарған екенсіңдер, қадамдарыңа сәттілік тілеймін. Бәрің бірдей қара қойдың соңынан еріп кетпей, жоғары білім алып, саналы азамат болуды да осы бастан ойларсыңдар. Туған ауылға инженерлер, дәрігерлер, мұғалімдер, ауыл шаруашылығына қажетті кадрлар жетіспейді емес пе?  Сол жағын да ескере жүріңдер…

Сынып жетекшісі Клара Тоқымбаеваның бұл айтқан пікірі көпшілікті біраз ойға жетелегендей еді…

Қолында шопан құрығы…

1974 жылдың 25 мамыры. Елтайдағы Ленин атындағы орта мектепті бітіруші жастардың біразы соңғы қоңырау салтанатында өздерінің шопандыққа бару жөніндегі шешімін жұртқа жария етті. Жастық жалын мен жасымас жігерді, қайтпас қайсарлықты, романтикаға толы албырт арманды арқалаған сыныптастарым сынақтарын ойдағыдай тапсырды.

Шіліңгір шілденің ыстығына қарамастан бәрі ала қырды бетке алды.  Жастары он сегізге әлі толмаған Сүйеу, Құрмет, Қуаныш, Қайсар, Саташ, Қайырғали, Нұрғаным, Сәния, Гүлшат,  Ұлдай, Ұлмекен сынды қыз-жігіттердің бұл қадамын құптағандар да, қырын қарағандар да болды. Жайлау төрінде отар-отар қой өргізген жас шопандардың еңбегі жанды.

Сабақты жақсы оқып, мектептің қоғамдық өміріне араласқан, спорттық жарыстарға белсене қатысып, жүлде алып жүретін Сүйеу досымыз 1975 жылдың жазында жас шопандардың Алматыда өткен Бүкілодақтық форумына делегат болып қатысты. Сол жылдың күзінде қолына әскери комиссариаттың шақыртуын алып, Отан алдындағы борышын өтеуге аттанды. Әскерден ауылға оралған ол еңбек жолын кеңшар жұмысшысы болып жалғастырды.

Алматыда жолыққан ару

…Тамыз айы. Алматының рауандап ерте атқан таңымен таласа тұрған Сүйеу досымен бірге ҚазМУ-ды бетке алды. Мақсаты – филология факультетіне оқуға түсу. Сырттай бөлімге тапсырды. Жолы болды.  Әке-шешеден ертерек айырылып, апа-жездесінің тәрбиесінде өскен Сүйеу Алматыда жұмысқа орналасып, оқуын бітіруді мақсат етті.

Сөйтіп, №6 автобус паркіне жөндеуші болып жұмысқа орналасты. Әскерде көлік жүргізгені де кәдеге асты. Ол №98 автобуспен алматылықтарға қоғамдық көлік  қызметін көрсетті. Сырттай оқуына ерекше зейін қойды. Әуезовтың ұлы шәкірті атанған академик-жазушы, кафедра меңгерушісі Зейнолла Қабдоловтың, белгілі ғалымдар Тұрсынбек Кәкішевтің, Ханғали Сүйінішәлиевтің, Рымғали Нұрғалиевтың, Сұлтанғали Садырбаевтың оқыған лекцияларын санасына тоқыды.

Сенбі-жексенбіде Пушкин атындағы республикалық кітапханадан табылатын Сәкең әдебиет тарихы мен теориясына қатысты кітаптарды көп оқыды. Дипломды сәтті қорғап, Жамбылдың Жайлаукөл өңірінің бойжеткені – Бекзадасын ертіп, туған ауылына оралды. Әуелден әдебиетке құмар, өзі де өлең, әңгіме жазатын Сүйеудің 1984 жылы аудандық «Дендер» газеті редакциясында  тілшілік тіршілігі басталды.

Жылнамаға айналған жылдар

Міне, содан бері өлке тарихы, оның жақсылары мен жайсаңдары туралы, экономикасы, әлеуметтік өсіп-өркендеуі мен даму шежіресінен сыр ақтарып, аудан жылнамасын хаттап келеді. Тілші, аға тілші, жауапты хатшы, редактордың орынбасары, үш жылдай облыстың бас газеті – «Атыраудың» Индер ауданындағы меншікті тілшісі, 2004-2011 жылдары «Дендер» газетінің бас редакторы қызметтерін абыроймен атқарды.

Сүйеудің ұшқыр қаламынан туып, баспасөз беттерінде жарияланған «Төбе басындағы төрт үй», «Жоғалған ақша, қираған балабақша», «Алтынқазанның құпиясын кім ашады?», «Шахтаның ащы шындығы», «Отты жерде ошағанға орын жоқ», «Қауқарсыз ана, қиналған бала», тағы басқа мақалалары оқырмандардың жүрегінен жол тауып, лайықты бағасын алды. Сүйеу шырылдап жүріп шындықты жазады, қоғамның көлеңкелі тұстарын қаламымен түйреп, сынайды. Сонысымен оның абыройы асқақ, беделі   биік, әріптестері мен жолдас-достары арасында сыйлы, ағайынға  қадірлі.

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі Сүйеу Халықовтың  баспасөз саласындағы еңбегі лайықты бағаланып келеді. Елбасы атынан Алғыс алды. Өңіріне «Астанаға – 10 жыл», «Мәслихатқа – 20 жыл» мерекелік медальдарын тақты. Облыс әкімі тағайындаған Тауман Амандосов атындағы сыйлыққа ие болды.  Бұдан басқа мақтау-марапаттаулары да  жетерлік.

 Балалары – бақыты 

Кәсіби қызметіне адал, мамандығын мақтаныш етіп, ынтымақ-бірлігі жарасқан жанұяның ұйытқысы бола  білген Сүйеу  мен Бекзада ұлықты ұл мен қылықты қыз өсірді. Бәрі де еліміздің өркендеуіне үлестерін қосып келеді. Тұңғыштары Аңсаған Тараздың гидромелиоративтік университетін бітіріп, экономист мамандығын алды. Ержан есімді күйеу бала екеуінен Дильназ, Руслан атты жиендері бар. Әсел де Тараздан жоғары білім алды. Сол жақтан сыңарын  тапты. Шынары – жоғары білімді заңгер. Индербордағы халыққа қызмет көрсету орталығында жұмыс істейді. Гүлнәзира – жерге орналастырушы маман.

Өткен жылы отау көтерген Абылайбек – Тәуелсіздіктің құрдасы. Салтанат келін екеуі Тауық жылының алғашқы күнінде ата-аналарына үлкен сыйлық жасады. Айсара есімді тұңғыш немере дүние есігін ашып, досымызды үлкен қуанышқа кенелткені бар.

Үлкен-кішіге сыйлы, достыққа  адал, жайсаң мінезімен жатты жақын қылып, төңірегін жарасымды әзіл-қалжыңымен баурап жүретін әріптесіміз Сәкең өмірінің  абыройлы асуы – 60 жасқа  толып отыр. Ендеше, талтүсіңнің шаңырағыңа төгер шуағы мол болсын, қадірлі әріптес!

Бақытжан Жұмат

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз