Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Жүрегіміз ҚАЗАҚ деп соғады»

Atr.kz/3 мамыр, 2020 жыл. Дереккөздер мәліметіне сүйенсек, 130-дан астам ұлт пен ұлыс біздің елімізде тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Олар жергілікті ұлтпен бірге иық тіресе еңбек етіп, бір-бірімен дос, ағайын, тіпті құда-жекжат болып кеткен. Бұған қоса сол өзге ұлттың қай-қайсысы да, өз тілін, салтын, дәстүрін ұмытпаған. Біз осынау мерекеалды солардың бірнешеуін сөзге тарттық…

Базаргүл ШАМШЕТДИНОВА, қарақалпақ:

– Мен Өзбекстанның Нүкіс деген жерінде дүниеге келгенмін. Тоқсаныншы жылдардағы экономикалық қиындықтар кезінде сауда-саттық жасап жүргенбіз. Содан бір құрбымның: «Біз Атырау қаласына жүргелі жатырмыз. Ол жақта алушы көп. Бізбен бірге барасың ба?» — дегені. Мен үйдегі үлкендермен ақылдасып, әпкеммен бірге шығатынымды айттым. Не керек, ол кездегі Атырау қазіргімен мүлде салыстыруға келмейді. Ұзақ әңгімелеп қайтейін, тағдырым шығар, мен осындағы Жалғас атты қазақ жігітімен таныстым. Бір-бірімізді ұнатып, шаңырақ көтердік. Шүкірлік етем, бізде бәрі жақсы. Құдай қаласа, келін түсіріп, қолымызды ұзартатын шығармыз. Соған жеткізсін деймін.

Александра ЛЮБИНА, орыс:

– Ол кезде менің өрімдей жас кезім. Өзім таза орыс қызы бола тұра қазақ жігітіне ғашық болып қалдым. Ол мені ата-ана, бауырларымен таныстыру үшін үйіне алып барды. Байқаймын, жігіттің әке-шешесі мені онша ұната қоймаған сыңайлы. Шамасы орыс болғандығым үшін секілді… Бірақ, Жарылғас өз дегенінен қайтпай: «Осы қызды аламын – болды!» — деді. Бұдан кейін сөз бітті. Тойымыз болды. Қонақтар өте көп келді. Мен сол шаңыраққа сіңіп кеттім. Қазақтың салт-дәстүрін ұстандым. Қос ұлды болып, олар ержеткеннен кейін жолдасым ауырып, қайтыс болды. Қазіргі күнде қазақ қыздарына ене болып, ерім көре алмай кеткен қызыққа кенеліп отырмын…

Алена ЦОЙ, кәріс:

– Біздің ата-бабаларымыз сонау Қиыр Шығыстан қоныс аударғандар еді. Одан бері де талай жылдар өтті. Бәріміз қазақтарға бауыр басып кеттік. Осы жерде туып-өскен соң қазақтың тілі мен дәстүрін бір кісідей білеміз, ұлттық тағамдарын жасай аламыз. Оның үстіне менің бір қызым қазаққа келін болып отыр. Барған жері жақсы, өзіміз сияқты өте қарапайым адамдар. Біз бір-бірімізге құда-жекжат емес, жақын ағайын сияқтымыз. Қазақ жиендерімізді көрмесек, сағынып қаламыз. Олар бізді «нағашы» дейді!

Жедел сұхбатты жүргізген: Лиза СЕЙТІМОВА

http://atr.kz/bez-rubriki/qazaqstan-halqy-assambleяsyna-25-zhyl/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button