Жұма күні Атыраудағы әлеуметтік мекемелерде «Ашық есік» күні өтеді
Аtr.kz/24 сәуір, 2019 жыл. Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың тапсырмасына сәйкес тұрғындармен кездесу 26 сәуір күні 17:00-де өңірдің барлық әлеуметтік мекемелерінде ұйымдастырылады, деп хабарлайды Атырау облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Облыс басшысының бастамасымен өтетін науқанға бюджет қаржысынан қаржыландырылатын облыс орталығындағы барлық әлеуметтік мекемелер, ауылдық, аудандық және қалалық әкімдіктер қатысады.
— Тұрғындармен кездесуді балабақшалар, мектептер, БЖСМ, музыкалық мектептер мен өнер мектептері, жұмыспен қамту орталықтары, ауруханалар және басқа да денсаулық сақтау нысандары өткізеді. Қалалық, аудандық және ауылдық әкімдіктер, сондай-ақ, жастар ресурстық орталықтары мемлекеттік қызмет жәрмеңкесін өткізеді. «Ашық есік күнінің» негізгі мақсаты — мемлекеттік органдардың және әлеуметтік мекемелердің тұрғындармен барынша өзара байланысуы, — деп хабарлады Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, «Ашық есік күні» әр айдың соңғы жұмасында 17:00-де әлеуметтік мекемелердің акт және конференция залында өткізіледі. Ауылдық әкімдіктер ашық есік күнін өз мекемелерінде ұйымдастырады, аудандық және қалалық әкімдіктер – аудан орталығындағы мәдениет үйлерінде өткізеді. Атырау қаласы әкімдігі ашық есік күнін мемлекеттік қызмет жәрмеңкесі форматынды орталық дене шынықтыру-сауықтыру орталығында ұйымдастырады.
Еске салайық, жұртшылық пен мемлекеттік органдар арасындағы қарым-қатынастарды жақсарту үшін қала мен аудан әкімдеріне, жауапты орган өкілдеріне ай сайын әкімдіктер мен әлеуметтік мекемелердің «Ашық есік күндерін» өткізу тапсырылған болатын.
Бұл бастаманы 2017 жылдың қаңтарында Атырау облысының әкімі Жылыой ауданында өткен көшпелі жиында айтты. Сонымен қатар, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев облыс әкімдерімен кездесу барысында өңір басшыларына халықпен барынша жиі кездесулер өткізуді тапсырған болатын.
«Аtr — Ақпарат»