Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Жүйрік ат, қыран бүркіт, ұшқыр тазы…

Atr.kz/29 қазан, 2020 жыл. Қазан түсіп, күн салқындай бастағаннан- ақ кәнігі саятшылар қыран құсын, жүйрік аты мен құмай тазысын баптауға кіріседі. «Қараша, желтоқсан мен сол бір-екі ай…» деп ұлы Абай айтқандай, қараша түсе, алғашқы қар жауып, қыс хабарын алғаннан кейін-ақ олар тыныш таппай, алдағы қансонарды күтетіні рас. Қызылқоға ауданы Сағыз селосында тұратын саят­шы Ізім Таспанов та ата-бабадан қалған көне ғұрыпты жалғастырушылардың бірі.

Әке ізімен

Ізім Уәлиұлының айтуынша, әкесі аңшылықпен өңірге атағы жайылған адам.

– Әкем марқұмның «Тұйғын» деген тазысы болыпты. «Тұйғыным» ашаршылық кезінде ағайын- туманы асырады. Қасқыр, түлкі, қарақұйрық, қоян алады, терілерін тапсырып, шай, бояу, қалампыр алатынбыз, — деп отыратын әкем.

Саятшының әңгімесін тыңдап отырғанда «Қамбар батыр» жырындағы:

«Күмістен тағып қарғысын,

Соңына ертіп тазысын,

Ау қылып Қамбар шығады.

Қасындағы құмайы

Таңынан тартып, талайын

Таутекенің жығады.

…Найзамен өзі шабақтап,

Тазысы жетіп тамақтап,

Қасап сойған ешкідей

Қан сасытып қырады.

…Алпыс үйлі Арғынның

Тоқсан үйлі Тобырдың

Ашыққанын тойғызды» деген жолдар еріксіз есімізге түсті. «Қарақасқа атты Қамбар батыр» сынды ағайынды аңшылықпен асыраған адамдар өңірімізде де бар екен-ау…

«Әке көрген – оқ жонар, ана көрген – тон пішер» дегендей, кейіпкеріміз бала күнінен тазы баптап, аң қағуға құмар болыпты.

Құмай тазы

Қазақы иттердің ішінен құмай тазы дараланып тұратыны шын. Құмай – жүйрік деген мағынада. Тазы ит неге құмай аталды? Құмай – аспанда ұшып жүрген қыран құстың бір түрі. Қыран құмайлар, ана бүркіттер, тағы да басқа ірі құстардың балапандары жұмыртқадан шыққан соң, өзінің әлі жететін хайуандарын өлтірместен тырнағымен іліп әкеліп, ұяға тастайды. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген сөз содан шыққан. Олар жердегі қасқырдың бөлтірігін, иттің күшігін де ұясына тасыған. Құмай құстың балапандарымен жығысып жүріп, бірлі- жарым күшік аман қалған. Қанаттанғасын құмай ұшып кетеді. Ит ұяда қалады. Ағаштың, шыңның ұшар басына салынған ұядан түсуге мүмкіндік жоқ. Қыңсылағасын оны аңшылар естіп: «Пәлен жердегі құмайдың ұясында күшіктің дауысы шығады. Құмай құс күшік тауыпты. Құмайдың жұмыртқасынан болса, ол ит алғыр, қыран болады» деп ұядағы күшікті үйге әкеліп, асыраған. Бұл туралы Қасымхан Бегмановтың «Этнографпен әңгіме» кітабында кеңінен баяндалған. Этнограф Жағда Бабалықұлының көзі тірісінде жазылып алынған сұхбатта тазылардың өте тықыр, жарғақ құлақ, салық төс, тар мықынды, бұлшық сан­ды, ауызды, сақ, өте жылдам келетіні айтылады. Одан қашқан аң құтыла алмайтын көрінеді. Жүні тықыр болғандықтан, тоңғақ келеді, сондықтан, арнайы үйшікте ұстайды екен.

– Егер сыртқа жататын болса, оның астына киіз төселіп, үстіне де жылы киіз жабылуы керек. Жылы жатпаса, жүні қалыңдап, екі аяғы маймақ болып қалады, — дейді саятшы Ізім Таспанов.

Тазы жылы жатуға тиісті. Қыстың аязды күндері аңға шыққан құмай тазылар ат үстіндегі иесінің ал­дына секіріп шығып, қаптал тонның етегінің астына кіріп алып, тұмсығын сыртқа шығарып қарап жатады да, түлкі, қарсақ, қоян көріне қалса, етектің астынан қарғып шығып, аңды қуа жөнеледі екен. Аңшы аңды қанжығасына байлап, атқа мінгенде, тазы қайтадан иесінің алдына қарғып шығып, тон астына кіреді. Аңды көп қағатын тазысын аңшы да еркелетіп, бетінен қақпайды.

– Абайсызда ұрса қалса, баладай өкпелеп, көпке дейін иесіне жоламай қоятыны да бар, — дейді саятшы.

Баптау тәсілдері

Ізім Таспановтың айтуына қарағанда, тазыға күшік күнінен жақсы тәрбие керек. Көрінген тамақты жемеу үшін құса беріп, құстырып алады. Құса сөзі қазақта екі мағынада айтылады. Біріншісі қайғы жұтқан адамды «құса болды» деп жатады. Екіншісі, тазы баптауға байланысты. Қариялар сақал-мұртын қырып, сары майға шылап «құса» әзірлейді. Тазы итке таңда ашқарында жұтқызады. Сары майға шыланған құса асқазанды тырнап, лоқсытады. Сөйтіп, асқа беттемей қояды. Тазы иттің көп тамақ жемейтіні содан.

– «Шикі ет жеген тазы малға шабады, сондықтан, піскен ет берген абзал. Ыстық тамақ ішкен тазының иіс сезгіштік қасиеті кемиді. Жұмсақ тамақ берген жөн. Тауықтың сүйегін бермеу керек, сүйек иттің тісін қайтарады, яғни, тіс қажалады екен. Сондай- ақ, мұздақта аңға шықпайды. Тазының тырнағы кетеді. Көкпек өскен жермен жүгіртпейді, табанын алып тастайды, — дейді саятшы Ізім Уәлиұлы.

Тазыны аңға қосқанда сақ болу керек. Жарқабаққа қарай жүгіртпеген дұрыс, екпінімен ұшып кететінін айтады кәнігі аңшы. Таңертең ертемен құмдағы қосаяққа қосып үйреткен абзал. Әдейілеп, аңдып жатып алмаса, тазы киікті ала алмайтын көрінеді. «Тағы бір айтарым, тазыны тек қар бар жерде аңға қосады» деді ол қайталап.

Аңға салу

Тазыны аңға салу үшін жаздай күтім жасап баптай­ды, күйлендіреді. Әйтпесе, жілігі үзіліп қалады екен.

– Қасқырға қосу қиын. Біріншіден, біздің өңірде қар жоқ. Екіншіден, қайратты, жілікті атқа міну керек. Біздің жеріміз жазық дала болғандықтан, түлкі, қарсақ, қоян алуға ыңғайлы. Ол үшін де әккілік керек. Мәселен, құмның қояны бұғып қалып, тазыны басынан асырып жібереді. «Жүйрік тазы шал­май алады» деген сөз тегін айтылмаған. Алты-тоғыз айлығында аңға салады. «Түлкіге салып, тауы қайтып қалған тазының тұмсығына түлкінің өтін құйса, қайта түседі» деп отыратын әкем. Ал, қасқырға салу үшін күшік күнінен қасқырдың терісінен жасалған итаяқтан тамақтандыру керек. Сонда қасқырдың иісіне үйренеді, қасқырдан қорықпайды, батыл болады, — деп әңгіме тиегін ағытты с аятшы.

Бүгінде Ізім Таспановтың екі тазысы бар. Шашақ құлақ арлан тазыны «Тұйғын», орыстың барзай тұқымдас тазысын «Құмай» деп атағанын айтты ол. Тазы баптайтын Есет деген жігіттен алыпты.

«Немеремнен үміт күтемін»

– Өз балаларым кезінде тазыны аңға көп қосты. Қазір қолымдағы немеремді үйретіп жүрмін. Тазы тазалықты жақсы көреді. Сондықтан, күн ыстық кез­де дәріханаларда сатылатын итке арналған сусабын­мен шомылдырамыз. Мұнда да сақ болған дұрыс. Құлағына су кетсе, естімей қалады. Немерем кішкене өсіңкіресе, ат жалын тартып мінетін уақытқа жеткен­де жүйрікке мінгізіп, аң аулатып, мылтық атқызып үйреткім келеді. Тазыға сақ болу керек, әйтпесе, аңсырап кетіп қалуы мүмкін. Өзім жаяу, мотоциклмен аулаймын аңды. Немереме жорға алып берсем деп отырмын. Жігіттің жорға мінгені жарасымды. Бала күнімнен мың асық жинап едім, немерелерімді асық ойнауға да үйретіп жүрмін, — дейді ағынан жарыла аңқылдаған аңшы Ізім.

Атырау облысында тазы жүгірту орталығы салынса деген арманын айтты ол. Таза қанды тазыны айыру үшін тазының қанын тексеретін зертхана ашылса деген ойын да жасырмады.

P.S.

Жүйрік ат, ұшқыр тазы, қыран бүркітімен аңға шығу – сонау ата-бабаларымыздың асыл дәстүрі. Бүгінде ол ұмытылып та барады. Кейде аңға жолсызда жүретін машинамен, мотоциклмен де шығады. Алайда, біздің кейіпкеріміздің ойынша нағыз аңшы ғана жылқыны баптап, тазыны ерте біледі. Саятшылық тәнді ғана емес, жанды да сергітеді. Дүниенің у-шуынан жырақтатып, емін-еркін, иен далада өзімен-өзі бір жасап қалатыны да жасырын емес. Олай болса, ата салтын ардақтап жүрген саятшыға сәттілік тілейік.

Гүлзада НИЕТҚАЛИЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button