ЖОМАРТ КӘСІПКЕРДІҢ СЫЙЫ
Atr.kz/16 қазан, 2019 жыл. Күздің біраздан бергі бұлыңғыр тартып тұрған шағы бұл күні жайма-шуақ кейіпке еніп, көңіл көкжиегін кеңейткендей.
Аспан әлемі шайдай ашық. Күн нұры жерге мейірін төге түскен. Миялы ауылының солтүстік шығысындағы жаңадан пайда болған оқтай түзу көшенің теріскей бетіндегі шеткі сыртында «Қызылқоға ауданына – 75» айқарма жазуы алыстан мен мұндалап тұрған сарғыш үйдің алды жасанып, жайнап кеткен. Ауданның мерейтойымен орайластырыла тұрғызылған құрылыс екендігі осыдан-ақ белгілі тәрізді. Оның қоңыр түсті шарбағына ілінген «Қоныс той құтты болсын!» деп басталатын, едәуір жерден көзге шалынатын құттықтау лебіздің өзінен-ақ мұнда шат-шадыман шара өткізілетіні көзге сап ете түсті.
Жұтынып тұрған жаңа мекен-жайдың алдында ауыл адамдарымен қатар, алыс, жақын өңірлерден келіп, қуанышқа ортақтасушы қонақтардың да төбелері аз көрінбеді. «Нұрлы дала» агрофирмасы» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Сарманов жиналғандарға бүгінгі ерекше бір басқосудың жай-жапсарын жария етті. – Ақпан айында елімізді дүр сілкіндірген оқыс оқиға орын алды, — деп бастады сөзін кәсіпкер.
– Дұрыс жабдықталмаған үйде бес сәби от құшағына оранды. Сол кезде көптеген ауқатты азаматтар аз қамтылған отбасыларға көмек беруді қолға алған еді. Мен де осы ауданда туып, өскен азамат ретінде бұған түсіністікпен қарап, Қызылқоға ауданының әкіміне қамқорлық аясындағы ойымды айтып, Миялы ауылынан бұл тұрғыда көмек аса қажет отбасы үшін бір тұрғын үй салуға жер бөлуді сұраған едім. Нәтижесінде өз қаражатыммен алдарыңыздағы мекен-жайды салып бітірдім. Әкімдікпен ақылдаса келе бұл пәтерді бұрынғы үйі апатты жағдайдағы ауыл қариясы Қарымсақ Қайырбаевтың отбасына беру ұйғарылды, — деді де қолындағы пәтердің кілтін жоғары көтеріп, сөзінің соңын былай сабақтады.
– Менің мақсатым – ауылдағы кәсіпкерлік саланың көшбасшыларының бірі ретінде өзгелерге үлгі-өнеге көрсету. Тек өзіме бола берсін деген ойдан арылып, белгілі бір мөлшерде ауылдастарға да көңіл бөлуді естен шығармау керек дегенді ұғындыру.
Қызылқоға ауданының әкімі Арман Баженов пәтер иесіне құтты болсын айтқаннан кейін назарын кәсіпкер Мұрат Сатыбалдыұлына бұрып:
– Баспанасы жоқ адамға қайырымдылық қолыңызды созып, өз қаражатыңызға тұрғын үй салып беруіңіз — сіздің мәрттігіңіз. Сізге аудан халқының атынан көп рахмет айтамын, — десе, Тайсойған әскери сынақ алаңын (полигонды) Ресей қарамағынан ауданның игілігі үшін кері қайтаруға зор үлес қосқан Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов ортаға:
– Мұраттың бұл бастамасы – жан-жақты қолдарлық жақсы бастама. Осы ізгілікті шаруаны өзге кәсіпкерлер де жалғастырып кетсе орынды болар еді, — деген ұсыныс тастады.
Көпшілік енді дәстүрлі рәсімнің ең негізгі бөлігін көріп, тамашалауға ойысты. Қазақстан бизнесінің көшбасында жүрген қызылқоғалық азамат, «Қазақстан коммерция» акционерлік компаниясының президенті Жауғашты Нәбиев жасы үлкен ел ардақтысы ретінде:
– Қоныс құтты болсын! Қарымсақ Қайырбайұлы, үйіңіздің төрі қуанышқа толсын! Ішінен балалардың күлкісі арылмасын! Қызығын көріңіздер! — деп ақ батасын бергеннен соң ілешала пәтер баспалдағымен жоғары көтерілгенде қазақтың ұлттық қызыл камзолын киген екі қыз есік алдынан алқызыл лента керді.
Лента қию құрметіне Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Мереке Құлкенов пен Ақтөбе облысының және Қызылқоға ауданының құрметті азаматы, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжан ие болды. Қарымсақ қария бастаған отбасы, жақын-жуықтар, қонақтар жаңа баспананың төрт бөлмесін аралап кәсіпкерге де, құрылысты салушыларға да шынайы ризашылықтарын білдірісті. Жан-жақтан шашу жауып, келушілерге сары бауырсақ пен шұбат ұсынылды. Осы сәтті ұтырлы пайдаланған Қарымсақовтардың құдағайы, аудандық баспахананың бұрынғы қызметкері, зейнеткер Ерсайын Қайырова:
– Баспананың тауқыметін көптен бері тартудай-ақ тартқандардың бірі Қарымсақ құдамның отбасы еді. Атам заманда шикі тастан тұрғызылған, іргесі сөгіліп, төбесі жартылай құлап, апатты жағдайдағы жапырайған үйде «шықпа жаным, шықпа» деп отырғанда, мына мың болғыр азамат, аудандағы жомарт кәсіпкер, «Нұрлы дала» агрофирмасы» шаруа қожалығының төрағасы Мұрат Сарманов сайлы баспана тарту етіп отыр. Бағың өрлесін, айналайын! — деп ізгі ықыласын білдіре бастағанда оған отбасы мүшелері де қосылып:
– Бала-шағаңның қызығын көр, Мұрат!
– Әрқашан жолың даңғыл болсын!
– Бақытты болғайсың! — деген алғысын жамырай жаудырысты.
Шарапатты шарадан риза көңілмен сыртқа шығып бара жатқанымызда есік алдына қос көгершін қалықтай келіп қонды. Артынан тағы бірнешеуі ұшып келеді. Біз мұны жақсылыққа жорып аттандық.