ЖОЛЫҢ БОЛСЫН, ЖАС МАМАН!

Құрманғазы атындағы мәдениет сарайында облыстағы кәсіптік-техникалық білім беру ұйымдарының үздік бітірген түлектеріне арналған «Дарынды ұрпақ – ел болашағы» атты салтанатты шара өтті. 

 

Аймақта 25 техникалық және кәсіптік білім беретін колледж жұмыс жасап, сол колледждерден 4568 түлек қанат қағып, түрлі мамандық иесі атанып отыр. Оның ішінде, 300 студент – үздік диплом иегерлері.

Колледж түлектерінің қолдарына салтанатты түрде диплом ұстатып, үлкен өмірге шығарып салу шарасына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан мамандық иелерін құттықтап, ақ жол тіледі. 

– Колледждердің деңгейін көтеру, абыройын арттыру, студенттерге дұрыс білім беру, колледж ұстаздарының біліктілігін арттыру мәселелері Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың үнемі назарында келеді. «Колледждің деңгейі қалай болуы керек?» деген сауалға Мемлекет басшысы «Кәсіпқор» холдингін ашу арқылы жауап берді. Әлемдік деңгейдегі бұл холдинг елімізде төрт жерде, соның ішінде, ең алғаш рет Атырауда «АПЕК Петротехник» колледжі ашылып, қазір сәтті жұмыс жасауда. Облыстағы барлық колледж осы оқу орнынан үлгі алуы тиіс. Ол үшін, ең бастысы, материалдық-техникалық база емес, мұғалімдердің сапалы білім беруге деген ынта-ықыласы қажет. Қазір «АПЕК Петротехник» колледжі өз мамандарын сертификаттауға көшті. Басқа колледждерге де осы бағытта жұмыс жасауға болады. Экономиканың қозғаушы күші – үлкен кәсіпорындар болса, сол кәсіпорындардың қозғаушы күші – колледжді бітірген мамандар. Сондықтан, колледж студенттері білім мен тәжірибені қатар алып жүруі қажет. Колледж түлектерінің дипломы жоғары оқу орындарының бакалавриат немесе магистратура бөлімдері түлектері дипломдарынан асып түспесе, кем болмауы тиіс, – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.

Биылғы түлектердің 2294-і еңбекке орналасса, ал, 821-і жоғары оқу орындарында білім алуда жалғастыруға ниет білдіріп отыр. Облыстық білім беру басқармасы қызметкерлерінің айтуынша, колледж түлектерін жұмысқа орналастыру жұмыстары әлі де жалғасатын болады.

«Атаба», «АтырауМұнайМаш», «Альянс би коммерц», «Ренессанс» ЖШС, «Фармация» ААҚ және тағы басқа компаниялар мен балабақшалар басшылары өздері таңдаған колледж түлектерін қызметке қабылдауға келісім беріп, салтанатты түрде оларға еңбек кітапшаларын табыс етті.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз