Жолшылар оқушылармен кездесті
Қазақстан нарығында жол құрылысы мамандары — құрылысшылар, механиктер, инженерлер жетіспейді. Зерттеулер көрсеткендей, аталған мамандарға деген сұраныс бүгінде 30 мың адам. Ал, ішкі нарыққа ұсынылатыны 500-дей ғана маман екен. Бұл туралы облысымыздағы мектептердің жоғары сынып оқушыларымен кездескен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Атырау облыстық филиалының өкілдері айтты.
Қазақстандағы жолдардың сапасына жиі сын айтылады. Мамандар оған бірнеше фактор әсер етеді, дейді. Жол құрылысына қажетті материалдардың тапшылығы, олардың сапасыздығы, және аталған мәселелерден бөлек еліміздің жол саласында кәсіби мамандардың жетіспеушілігі осы саладағы ең өзекті тақырыпқа айналған. Сондықтан, республикалық және жергілікті маңыздағы автокөлік жолдарындағы жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізетін орталық негізгі бағыт пен қоса жыл сайын «2000» мектеп акциясын өткізеді. Акцияның мақсаты – жас буынды жол саласына қажетті мамандықтар бойынша білім алуға шақыру.
«Жол активтері ұлттық сапа орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорының құрылғанына 3 жылдан асты. Осы уақыт аралығында орталық өкілдері республикадағы 3560 оқушының мамандық таңдауына бағыт-бағдар берді. Бұл акция Атырау облысында да жүйелі ұйымдастырылып отыр. Әлемдік пандемия кезінде де орталық өкілдері жоғары сынып оқушыларымен ZOOM платформасында кездесіп, жол саласына қажетті мамандар туралы және қандай жоғары оқу орындарында білім алуға болатындығы туралы айттық. Ал, жыл басынан бері Жылыой, Мақат, Құрманғазы аудандары мен Атырау қаласындағы 100- ден астам мектепті араладық. Атырау энергетика және құрылыс колледжінің студенттеріне арнап зертханада «Ашық есік» күнін өткіздік, дейді филиал инженері Жантас Шәріпов.
Ал, жылыойлық және мақаттық мектеп оқушыларымен кездескен жас маман Мейірхан Бекесовтың айтуынша, оқушылардың көбі жол саласына қажетті мамандықтар туралы аз біледі. Олардың дені мұнай, энергетика, медицина, заң, ІТ саласын таңдайтындықтарын айтқан.
«Қыздардың көбі мұғалім, дәрігер, дизайнер болғысы келеді. Мен оларға жол саласында бірнеше мамандықтар бойынша сұраныс жоғары екенін айтып, қызығушылықтарын ояттым. Оны кездесу кезінде қойған сауалдарынан байқадым. Жоғары сынып оқушылары жол саласындағы мамандықтарға бөлінетін мемлекеттік гранттар туралы және қандай пән таңдайтындықтарын сұрады. Қыздар да жол зертханасында еңбек етуге болатынын түсінді. Ел Президенті Қ.Тоқаев «Бәріміз білімге деген көзқарасты өзгертуіміз керек. Гуманитарлық мамандықтарға әуестену кезеңі өтті. Техникалық мамандықтарға басымдық беру керек. Инженер-өнеркәсіп иелерінің жаңа буынын өсіру керек» деген болатын. Мен осы сөзді жас буынға жеткіздім,-дейді Мейірхан Бекесов.
Филиал өкілдері жыл соңына дейін Атырау облысындағы 200-ге жуық білім ордасында кездеслер өткізуді жоспарлап отыр. Олар жол саласында тұрақты, әрі орташадан жоғары жалақы, сыйақылар төленетінін, шет елдерде білімдерін ұштап, тәжірибе жинауға мүмкіндік барын жоғары сынып оқушыларына жеткізді.
Бір қуанарлығы соңғы жылдары инженерлік, өңдеу және құрылыс саласына бөлінетін гранттар саны артқан. Мысалы, аталған мамандықтарға 2022-2023 оқу жылына 17 794 білім гранты бөлінген. Бұл жоғары көрсеткіш, дейді мамандар.