Жарнама
ЖаңалықтарЭкономика

Жолдың жыры қашан бітеді?

Басталғанына он жылдан асқан «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тас-жолы құрылысының жыры әлі күнге бітер емес. Ендеше, сағызша созылған жолды сарсылакүтіп отырған халықтың жайы кімді толғандырады?Түйіні тарқамаған мәселе жуырда жоғары билікке де жетті.

Жаңадан сайланған Мәжіліс депутаты Сәлімжан Нақпаев аталған проблеманы көтеріп, республика Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұловқа хат жолдады.Басталған іс үшін 10 жыл аз уақыт емес. Бұл жылдарықалауын тапса, жол түгілі үлкен қалада тұрғызуға болар еді. Сондықтан, депутат көтерген сауалда ұзындығы 324,5 шақырымды құрайтын «Индер-Қарабау-Миялы-Сағыз» тасжолының құрылысы бірнеше телімге бөлініп, соңғы бөліктеріне қаражаттың тым аз қаралуы құрылыстың бітуіне қолбайлау болып отырғаны туралы баяндалған.

Жол құрылысы басталған алғашқы төрт жылда ұзындығы 114 шақырымдықСағыздан Миялыға дейінгі аралық пайдалануға берілді. Бұған қуанған ел «енді төрт-бес жылда қалған бөлігі де бітіп қалар» деп дәмеленіп қалды. Сөйтсе, Миялыдан Қарабауға дейінгі 2013 жылы басталған 123 шақырымның құрылысы бітпей діңкені құртты. Ақыры, алдыңғы жылы аяқталды.

Ендігі қалғаны – Қарабаудан Индерге дейінгі бөлік. Есептеп көргенде 87 шақырым екен. Жасалатын жұмысты ақшаға шаққанда құны 24 780 млн. теңгеге бағаланды. 2019-2020 жыл-дары республикалық бюджеттен 3 546 136 мың теңге, облыстық бюд-жеттен бөлінген 354 614 мың теңгеге Индер жағынан бастап 15,3 шақырым жол төселді. Осылайша, жыл сайын бөлшектеліп берілген қаражатқа аз-аздан жұмыс жасалып жатты. Ал, биылға қарастырылған 64,7 шақырымына республикалық бюджеттен бөлінген1 692 миллион теңгемен не жасауға болады?!

Ауыз толтырып айтарлық қаржы көрінсе де, қазіргі нарықтың құнына шаққанда, бұл алапат өртке қарлығаштың қанатыменсу сепкендейғана тірлік. Егер Индер-Қарабау жолын келесі жылы аяқтап пайдалануға беру жоспарланғанымен, әлі де 19 186 872 мың теңге қаражат қажет.Депутат С.Нақпаев министрге жолдаған хатында осының барлығын егжей-тегжейлі жазып, мәселені жіліктеп шағып беріпті.– Осы жолдың бойында орналасқан елді мекендердің тұрғындары жылдар бойы жолдың азабын тартып, жобаның аяқталуын асыға күтуде.«Индер-Қарабау» учаскесі құрылысының аяқталмауы ауарайының қолайсыз күндері жолаушы, азық-түлік тасыған автокөліктердің балшыққа, қарға батып далада қалуына, оларды құтқару жұмыстарының ұйымдастырылуына әкеп соғуда.

Егер осы учаске уақытында берілсе Атырау қаласымен, көрші Батыс Қазақстан облысымен байланыс орнап, тауар айналымының өсуіне, кәсіпкерліктің дамуына жол ашылар еді. Қызылқоға ауданы әкімдігінің есебі бойынша өткен жылы тауар айналымы 2 200 млн. теңгені құраса, жол салынып біткен соң бұл көрсеткіш 3 миллиардқа өспекші. Аудан халқы мал азығын, яғни жемді қазір Батыс Қазақстан облысынан далалық жолмен тасып, қиындық көруде. Сіздің осы мәселеге көңіл бөліп, облыс үшін маңызды және олардың бүгінгі таңдағы проблемаларының бірі болып отырған осы жол мәселесіне мүмкіндігінше қаражатты әр жылға тиісінше бөлдіріп, жол құрылысының жоспарланған жылында аяқталуын қамтамасыз етуге көмегіңіз керек, — делінген депутат сауалында.

Сондай-ақ, Сәлімжан Жұмашұлы облыстағы 7 ауданның ішіндегі Қызылқоға өңірінің орталықтан ең шалғай орналасқанын, аудан орталығы – Миялы ауылымен аудандағы елді мекендердің 42 пайызы тасжол атаулыдан алыс екенін атап көрсеткен.Әрине, ауыл көштен қалмасын де-сек, алдымен жол қажет. Жол салынса,ауыл халқы қалаға қалаған уақытта қатынап, ауылдың өркендеуіне де сеп болар еді. Ал, қазір жолға шығу үшін ауарайы болжамына жүгініп отырған жұртқа артық талап қоюдың өзі әбестік болар. Өзінің депутаттық сауалында мәселені халықтың жағдайымен байланыстырып айтқан Мәжіліс депутаты министрден аталған мәселе бойынша заңнамада көзделген мерзімде жазбаша жауап беруді сұрапты.

Шынында да, мұның артында қалың бұқара тұр. Сондықтан, мәселенің мән-жайы біздің де назарымызда болады.Миялыдан Атырау қаласына дейін көлік жүре алатын ең жақын ара қашықтық 370 шақырым.

Ал, Қарабау мен Миялыны қоса алғанда, Қаракөл, Мәдениет, Тасшағыл, Қоныстану, Жасқайрат, Жангелдин ауылдарында 15 570 халық тұрады екен. Жылдар бойы жол азабын тартқан тұрғындардың теміржол тасымалы түсіне де енген емес. Сондықтан, олар осы хаттан үміт күтіпотыр.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button