Атырау неге соңғы орында?

Қоғамдық кеңес отырысынан Жаңалықтар

Тұрғындар бір анықтама алу үшін қанша уақытын жұмсайды? Мемлекеттік қызметтің сапасы қандай, қызметкерлерлердің арасында келушілермен дөрекі сөйлесетіндері бар ма? Осы мәселелер облыстық Қоғамдық кеңестің отырысында қаралды. Оған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатынасты.

Қоғамдық кеңес отырысынан

Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы Тоқтамыс Жұмағұловтың ай-туынша, мемлекеттік қызметтің сапасын анықтауға байланысты республикалық деңгейдегі мониторингке 9082 адам қатынасқан. Соның бір мыңы жергілікті жерден қамтылыпты. Мониторинг нәтижесінде Атырау облысы жалпы жиынтық көрсеткіш бо-йынша 14-ші орынды місе тұтқан.

– Сауалнама қорытындысы көп мәселеге көз жеткізді. Мемлекеттік қызмет көрсетуде Атырау облысы еліміз бойынша соңғы орындарда келе жатқаны байқалды. Оған өткен жылы шағымданушылар санының артуы, қызмет көрсетудегі қиындықтардың көбеюі себепші болып отыр, – деді құрылым жетекшісі.

Жер телімінің нысаналы мақсатын өзгерту, тұрғын үйге мұқтаждарды есепке алу, кезекке қою, үй беруге байланысты көрсетілетін қызметке атыраулықтардың өкпесі қара қазандай екен. Аталған департамент те жоспардан тыс тексеру кезінде осы олқылыққа көз жеткізген.  Мәселен, қалалық жер қатынастары бөлімінің атына айтылатын сын көп. Былтыр құрылым «жер телімінің нысаналы мақсатын өзгертуге шешім беру» қызметі бойынша материалдарды ұзақ мерзімге кешіктіріпті. Дәл осындай 60 дерек тіркелген. Егер құзырлы органдар уақытында араласпаса келеңсіздік жалғаса берер ме еді, кім білсін? Тұрғындардың кезекте күні бойы тұратындығы, кейбір қызметкерлер біліктілігінің төмендігі, дөрекі сөйлейтіндігі, сөзбұйдалылыққа салынатындығы туралы да бүкпесіз баяндалды. «2016 жылы департамент 53 мемлекеттік   орынға тексеру жұмысын жүргізген еді. Оның нәтижесінде 41 мыңнан астам заң бұзушылық анықталды» деді департамент басшысы Тоқтамыс Қадошұлы.

– Кемшілікті тауып қоймай, оны болашақта қалай жоямыз? Келеңсіздіктің алдын алу шарасы қандай?  Осы сауалдарға бірлесіп жауап іздеуіміз керек. Басты мақсат – халыққа көрсетілетін қызметтің сапасын арттыруға бағыт ұстауымызда, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев.

Қоғамдық мониторингтің шынайылығы кеңес отырысына келушілердің көңілінен шықты. «Болашақ» үкіметтік емес ұйымының жетекшісі Жібек Бисенова «ол қоғамның көкейіндегі проблеманы дөп басты» деп баға берді. Саралау, талдау мемлекеттік мекемелердегі байланыс орталықтары қызметінің жет-кілікті деңгейде еместігін де аңғартып отыр. Арнайы телефонның арғы жағынан жауап бергендер байланысқа шыққан адамды басқа жаққа сілтеп жіберуге құмар. Тағы бір кемшілік – тұрғындардың өз құқықтарын жетік білмеуінде. Сұрау салушылардың 10,7 пайызы ғана заңдық тұрғыда өзіне сенімді екен. Сонда қалған жұртқа үгіт-насихат шаралары жеткіліксіз болып тұр ма?

Қоғамдық кеңес отырысында олқылықтарды болдырмауға күш салынатындығы айтылды. Сонымен қатар, әлеуметтік желі, ақпарат құралдарында жарияланған жазба, мақалаларды зерделеу, одан қорытынды шығару турасында да әңгіме өрбіді.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз