«ЖОЛДАСТЫҚ» – ДОСТЫҚТЫҢ ҰЙЫТҚЫСЫ
Астрахан облыстық «Жолдастық» қазақ қауымдастығының құрметті төрағасы, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы Никита Ысқақовтың айтуынша, ұйымның құрылуы қандастарымыздың тілін, ділін, дінін сақтап қалуға зор мүмкіндік туғызды. «Бүгінде Астрахан облысының бірнеше ауданында қазақ қауымдастығының филиалдары нәтижелі жұмыс істеуде. Түрлі ансамбль, би үйірмелері, күйші, әншілеріміз аймақтық сайыстарда топ жаруы көп нәрсені аңғартса керек» дейді ол.
Володарлық өнерпаздар Құрманғазы мен Дина күйлерін, түрлі халықтардың ән—билерін орындады. Ал, Құрманғазы ауданының «Жиделі» фольклорлық ұлт — аспаптар ансамблі орындаған күйлерді тыңдаған володарлықтар қол соғып, қошеметтеп өнерпаздарымызды сахнадан жібермеді.
Мерекелік шара аяқталғаннан кейін Құрманғазы ауданының делегациясын Володар ауданының әкімі Батыршын Меңдиев «Русский стиль» жауапкершілігі шектеулі қоғамның жылыжайына алып барды. Ұзындығы 180, ені 12 метр болатын жылыжайда мыңдаған көшет гүл жаруға жақындап қалыпты. Жылыжай қытайлықтардың технологиясы бойынша жұмыс жасайды екен. Кешен көмірмен немесе ағашпен жылытылады. Мұнда қызан, қияр, тәтті бұрыш және басқа да көкөніс түрлері өсіріледі.
«Батаев» шаруа—фермер қожалығына барған кезімізде де жаңашыл володарлықтардың іс—әрекеттерін көріп, таңырқап қалдық. Мұнда бекіре тұқымдас балықтар көп өсірілуде.
«Жолдастық» қауымдастығы – берік достығымыздың куәсі. Ол орыс пен қазақ халқы арасындағы ынтымақтастықты одан әрі арттыруға қызмет етіп келеді.
Руфина ТЕМІРҒАЛИЕВА,
Ганюшкин – Астрахан – Володар – Ганюшкин.