«Жолбарыс» жараланса да, сыр бермеді (+ФОТО)
Atr.kz/13 қараша, 2019 жыл. Оңтүстік Корея елінің Чхонджу қаласында самбодан ересектер арасындағы әлем чемпионаты өз мәресіне жетті. Төрткүл дүниенің 80-нен астам мемлекетінің өкілдері өзара мықтыны анықтасқан біріншілік белдесулері 70-тен астам мемлекетте тікелей эфирде көрсетілді.
Байрақтар біріккен осы додада жайылған боз кілемде бақтары мен баптарын бажайласқан балуандардың бірі атыраулық Серікжан Түсіпов болды. 57 келі салмақта жауынгерлік самбодан сынға түскен жерлесіміз алғашқы жекпе-жегінде мексикалық Эманол Родиригеспен шықты.
Жігерін жаныған жігітіміз жарақатына қарамай латинамерикалық қарсыласын жерге қаратты. Жартылай финалда ол Тодтохбаяр Ниамхуумен кездесіп, «жаралы жолбарысымыз» бұл жолы да сыр бермей, белдесуде қарсыласының қапысын тапты.
Ал, ақтық сында ресейлік Александр Нестеровпен күш сынасуы керек еді, алайда дәрігерлер жарақатына орай оны кілемге шығармады. Осылайша, былтыр Румынияда өткен әлемдік сында қола жүлдегер болған Серікжан саңлағымыз қанжығасына Әлем чемпионатының күміс медалін байлады.
Әлемдік деңгейде абыройымызды асқақтатқан самбошымызды атыраулық спортшылар мен тума-туыстары Атырау әуежайынан сән-салтанатпен күтіп алды.