
Жолаушылар тасымалына бақылау күшейді
Атырау қаласында 21 мен 23 шілде аралығында республикалық «Тасымалдаушы» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде. Басты мақсаты – жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолаушылар тасымалы саласындағы заң талаптарының орындалуын бақылау және жеке тұлғалар тарапынан жолаушылар мен жүкті заңсыз тасымалдау деректерін анықтау. Шара барысында полиция қызметкерлері ауданаралық, қалаішілік бағыттарда жолаушы тасымалдаумен айналысатын автобустар мен такси көліктерін тексеріп, жүргізушілерге көлік қозғалысы кезінде туындауы мүмкін қауіптердің алдын алу жолдарын түсіндірді.
Сонымен қатар, жүргізушілерге жолаушылардың өмірі мен денсаулығы үшін толық жауапкершілік жүктелетіні айтылып, рейске шығар алдында көлік құралын мұқият тексерудің маңыздылығы ескертілді.