Жол жайындағы жанайқай
Облыс көлеміндегі жергілікті маңызы бар автожолдардың 49 пайызы ғана жақсы жағдайда, 51 пайызы – сапасыз күйде. Бұл туралы аймақ басшысы Нұрлан Ноғаевтың қатысуымен өткен облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңес отырысында белгілі болды.
Автожол неге тез тозады?
Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешевтің айтуынша, әсіресе, Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға аудандары елді мекендерінің тұрғындары жол азабын ерекше сезініп отыр. Жолдың тез тозуына сапасы төмен асфальт, жолдың ені мен табан қалыңдығынан ауытқулардың болуы тікелей әсер етуде. «Қазіргі міндет – «Атырау – Индер» автожолы сапасын ұзақ сақтау. Демек, осы бағыт арқылы өтетін 40 тонналық шетелдік ауыр жүк машиналары мен Индер кенішінен қиыршық тас, құм таситын жеке меншік көліктерге жолды жаз айларында пайдалануына шектеу қою тетігін қарастыру керек» деді Мұрат Өтешев.
Көктемгі, күзгі жауын-шашыннан, еріген қар суынан тұрғындардың жылма-жыл зардап шегіп отырғаны белгілі. Осы мәселенің себебін баяндамашы жол табандарының үйлер орналасқан алаңдардан 80-100 сантиметрге дейін биік болуымен түсіндірді. Аққан сулар үй қорғандарына соғып, шарбақ іші толған соң үйге енеді» деген ол проблемадан шығу үшін жол жиегіне кең көлемді астаулар қондыруды ұсынды. «Осындай астаушаларды Құрманғазы ауданының Ганюшкин, Исатайдың Аққыстау, Тұшықұдық, Х.Ерғалиев, Жанбай, Махамбеттің Ортақшыл, Ақжайық ауылішілік жолдары жанынан өткізсе, тазалыққа да көмегі тиеді» деді қоғамдық кеңес төрағасы.
Заңсыз такси көбейді
Баяндамашы жол қауіпсіздігіне де тиісті деңгейде көңіл бөлінбейтінін сынға алды. Мәселен, Атырау қаласы мен аудан орталықтарында, ауыл-селоларда жолаушылар тасымалы, яғни, заңсыз тасымал нарығының стихиялық түрі кең етек жайғаны жасырын емес. «Атыраудағы «Аламан», «Сарайшық» базарларында ғана көлік тұрағы бар. «Насиха», «Дина», «Көктем», «Мұрагер» базарларында бас жолдың бір жолағын жеке меншіктегі жеңіл және «ГАЗель» автокөліктері иемденіп, маршруттық автобустардың тұруы мен жүруіне, жүргіншілердің өтуіне кедергі келтіріп, жол апаты жағдайын туғызуда. Такси тасымалдаушылардың 80-90 пайызы – салық органдарына тіркелмегендер. Бірақ, оған бақылау жасап жатқан орган көрінбейді» деді қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешев.
Тариф – 100 доллар!
Заңсыз такси тасымалының көбеюі тарифтің аспандауына да әкелуде. «Кез келген қаланың стратегиялық аймағы оның қақпасы, яғни, әуежай мен вокзал екендігі белгілі. Сол қақпаларымызда не болып жатыр? Жолаушыларды торуылдап, мазасын алу таксилердің «кәсіби» әдеттеріне айналған. Әсіресе, шетелдіктерді «Ренессанс», «Ренко» қонақ үйлеріне жеткізу құны – 30-50, кейде тіпті 100 долларға дейін жетеді» деген баяндамашы Мұрат Өтешев әуежай дәмханаларындағы бағаның Алматы сияқты ірі мегаполистерден де асып түсетінін айтты.
Жетіспейтіні – 170 автобус
Қазір Атырау қаласы бойынша жолаушылар тасымалдайтын 170 автобус жетіспейді. Осы себептер автобустардың жылдамдықты асыруына, бағыт кестелердің бұзылуына әкелуде. Тасымалдау көліктері персоналының дөрекі мінезі, жол үстінде ұялы телефон пайдалануын айтпағанның өзінде, еңбек ардагерлері мен зейнеткерлердің, мектеп оқушыларының құқығын бұзу жағдайлары жиі тіркелуде. «Автобус салондарында «Үлкендерге орын бер», «Мүгедектер», «Ана мен сәби» орындары деген кестелер мүлде жойылған» деп қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешев сапасыз қызметтің негізгі себептерін атады.
«Біріншіден, тасымал қызметінің мердігерлерін таңдау кезінде мекеменің базалық, техникалық, қаржылық, жөндеу жүйелеріне көңіл бөлінбейді. Екіншіден, жүргізушілердің класстық біліктілігі мен тәжірибесіне нақты талап қойылмайды» деп атап өтті ол.
Апаттың өршу себебі неде?
Жол апаты оқиғаларының көбеюінің бір себебін баяндамашы автомектептер жұмысының сапасыздығымен байланыстырды. «Басқасын айтпағанда, автомектептерде жүргізу сынағын өткізетін автодром да жоқ. Сапалы жүргізуші дайындаудан бұрын, оларды түсетін пайда толғандырады» деді баяндамашы Мұрат Өтешев. Ішкі істер департаментінің тіркеу-емтихандық бөлімінің мәліметінде өткен жылы тестіге жіберілген 32 мың адамның 15 мыңы ғана жүргізуші куәлігіне ие болғаны айтылады. Осындай жағдайларды саралаған қоғамдық кеңес төрағасы жас жігіттердің жүргізуші куәлігін алған күні несиеге көлік алып, кісі тасып, талай адамның өмірін қиюға себеп болып жатқанын да айтты.
Барды күте алмай отырмыз
Жиын барысында аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жолдарды күтіп ұстау жұмысының тиісті деңгейде атқарылмауын сынға алды. «Біз қомақты қаражат бөліп жаңадан жол салып жатырмыз. Немесе күрделі жөндеу жасаймыз. Күтіп ұстау жұмыстарын жасамаса, аталған істің бәрі бос. Жол әрі кетсе, бір, екі жыл шыдайды. Үшінші жылы қар суы тамырға нәр беріп, шөп асфальтты жарып шығады. Жолды күтіп ұстау технологиясы, жауапты мамандар бола тұра жұмыстың өз деңгейінде жасалмауына не себеп?» деді әкім.
Жауап ретінде Атырау облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қайрат Нұртаев облыстық маңызы бар жолдарды күтіп ұстау жұмыстарына жыл сайын 100 миллион теңге бөлінетінін, мұның жеткіліксіздігін айтты. Маманның есебінше, жолды күту жұмыстарына жылына кемінде 500-600 миллион теңге бөлінуі қажет екен.
Бейнеселекторлық режимде өткен жиында облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қордаланған мәселелер бойынша тапсырмалар берді. Мәселен, заңсыз таксилер енді диспетчерлік бекетке шоғырландырылып, олардың қозғалысы бақыланады. Өзге де проблемалық жағдайлардың шешімі алынды.
Жолаушылар тасымалына сын көп. Неге?
Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкеновтің айтуынша, жиі сынға ұшырайтын маршруттардың барлығын да тоқтатып тастауға мүмкіндік бар. Себебі, қай-қайсында да кемшілік көп. Бірақ, Атырауда тасымалмен айналысатын толыққанды балама компаниялар жоқ. Бәсекенің болмауы сервистің ақсауына әкелуде. «Күні бүгінде Гончаров атындағы қазақ автомобиль академиясымен келіссөздер жүруде. Тиімді маршрут концепциясы жасалған соң, жағдай өзгереді» деген қала басшысына тапсырма берілді.
Облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, Астана, Алматы, Шымкент қалаларында маршрут мәселесі тәп-тәуір жолға қойылған. «Қоғамдық көлікті Атыраудың ғана тұрғыны ұйымдастыру шарт емес. Халыққа керегі – сапалы қызмет. Ірі қалалардағы компаниялардың құрылтайшыларын шақырып, қалаішілік, ауданаралық маршруттарды ұйымдастыру мәселелерін қойыңыздар. Жеті ауданның барлығына неге автобус бармайды?» деген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев қажеттілігіне қарай, осы іске бизнес секторды тартуды тапсырды.
Айтпақшы, кеңес барысында қала басшысы мектеп оқушыларының тегін жол жүруін ақылы етуді ұсынды. «Яғни, оқушы жолда елу пайыз жеңілдікпен жүретін болса, автобустардағы келеңсіз жағдайлардың алдын алар едік. Күні бүгінде Атыраудан басқа аймақтарда оқушыларды тегін тасымалдау тәжірибесі жоқ» деген қала әкімі Серік Шәпкенов әлеуметтік аз қамтылған отбасыларына көмек жолдары қарастырылатынын айтты. Бірақ, облыстық білім басқармасы бұл ұсыныспен келіспей отыр. Мәселенің қалай шешілерін алдағы күндер көрсетеді.
Сіз не дейсіз?
Самат ҒИЛЫМОВ,
Атырау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы:
Жүк көліктері бақылаусыз жүр
– Индерден карьер жөнелтіп отырған мекемелер бар. Тасымалдаушылар өлшегіш құралдарымен, компьютермен жабдықталған болуы керек. Күнделікті тиелген жүктің салмағы сол құралдармен анықталып отыруы тиіс. Сол көрсеткішке байланысты, салық төленеді. Бірақ, дәл қазіргі таңда ол жолда еш бақылау жоқ. Сондықтан, ауыр салмақты көліктер айыппұлдан оңай құтылып кетіп жатыр. Біздің инспекция тарапынан бөлінген екі көлік мәселені түбегейлі шеше алмайды. Демек, тиісті органдардың бірлескен жұмысы керек.
Мұрат ӨТЕШеВ,
облыс әкімі жанындағы қоғамдық кеңес төрағасы:
Велокөлікке көшсек – ұтылмаймыз
– Аудан орталықтарында, ауыл-селоларда велокөлікпен жүруді ұят деп санамау керек. Велосипед көлігін пайдалануды жалпылама қолданысқа енгізсе, көлік қозғалысының 30-40 пайызы оңтайланады. Болашақта тұрғын үй құрылысы жобаларына веложолдарын салуды енгізіп, оқу орындарын велосипед құралдарымен жабдықтаса, жастар мен оқушылардың қызығушылығын тудырар еді. Тіпті, велотрек кешенін салсақ та артық емес.
Баян Жанұзақова