Перзентханаға қамқорлық керек

37kamera 1 Жаңалықтар

Талай сәбидің кіндігін кескен облыстық перенеталдық орталықта төрт жедел саты болса, күні бүгін оның біреуі ғана жұмыс істеп тұр. Оның да бір-екі адамнан артық салмақты көтеруге шамасы жетпейді. Бұған біз «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының партиялық  комиссиясымен жүргізген рейд барысында көз жеткіздік. Ондағы жағдайды біле бермейтін рейдке қатысушылар да жедел саты ішінде қамалып қала жаздады.

37kamera-1

Мекеменің әйелдерді қабылдау бөлімінен бастап бақылау жүргізген партия филиалының төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбек Ожаев бастаған топ жеделсатымен бесінші қабатқа көтерілуі тиіс еді. Алайда, дәрігер Асқар Кенжеғаливтің «лифт» туралы аузына алғаны сол ақ екен, тексерушілер орта жолдан істен шыққан жедел саты ішінде тұрып қалды. Есігі дәрігердің біраз жұлқылауынан кейін ғана ашылды.

Мұндай оқыс жағдайға тап болған нұротандықтар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері мекеме басшысынан орталықтың материалдық жағдайын сұрай бастады. Облыстық перенеталдық орталықтың бас дәрігері Ұлжан Хасанова жағдайдың қиындығын атап өтті. «Кейбір медициналық қызметтерді ақылы жүргізу арқылы ғана өзімізге қаржы жинаймыз. Ол қаражатқа ең алдымен ана мен балаға қажетті медициналық құрал-жабдықтар, заманауи аппараттар аламыз. Жыл басынан бері шамамен 5842 әйел босанса, оның 10%-ы патологиялық жағдайда жеңілденгендер. Шала туылған нәрестелер де бар. Біз алдымен соларды қажетті құралдармен қамтамасыз етуге жұмыстанамыз. Бір құрылғының өзі 5-6 млн. теңгеге шығады. Нәрестелерді қарқынды емдеу және жансақтау залы орналасқан бөлімдегі жедел саты жаңартылды. Ендігі кезекте тұрған осы саты. Алайда, мұны жөндейтін немесе қаржылай қолдау көрсететін демеушілер жоқ», деді.

Аталған мәселеге, орай  Нұрлыбек Ожаев  компаниялар мен кәсіпкерлердің алдымен осы мәселеге жұмылуы қажеттігін атап өтті. «Партияға осы орталыққа қатысты көптеген арыз-шағымдар келіп түсті. Онда азаматтар перделердің жоқтығынан бастап, палаталардың әсіресе, жаз мезгілдерінде қатты ыстық болатынын, персоналдардың әйел азаматтарға дөрекі қарайтынын айтқан. Бала сату ісіне қатысты факті де бар. Аталған мәселелерге орай, орталыққа рейд жүргізуді шештік. Бақылау ісі басталмастан-ақ, жедел саты мәселесінің сын көтермейтінін білдік. Беті аулақ, бірақ, бағанағы жерде біз емес ана мен бала болса не болады? Немесе әр минуты санаулы дәрігерлер қалып қойса, ше? Бұл қауіпсіздікке қайшы келетін жағдай. Сондықтан, жедел сатыға байланысты ұсыныстарыңызды жедел қарау керек» деген ол мұндағы істен шыққан ауа алмастыру (вентеляция) жүйесінің де жаңартылуы қажеттігін атап өтті.

Рейд барысында ай-күні толып аман-есен босанған немесе ем алып жатқан аналар арыз-шағым айтпады. Тек құлсарылық жас ана «Перенеталдық орталықтағы жағдай аудандарда да жасалса, екі араға жол жүрмей, отбасымызға да біртабан жақын болар едік» деген өтінішін айтты.

Қабылдау бөлімен бастап орталықтың барлық бөлімшесін аралаған рейдке қатысушылар жағдаймен жете танысып, 750 гр. болып өмірге келген сәбилерді де адам қылып жатқан ақ халатты жандардың еңбегінің зор екендігін атап өтіп, аналар мен балаларға амандық тіледі.

Асқар КЕНЖЕҒАЛИЕВ, бас дәрігердің орынбасары:

– Ғимаратта ауа алмаспайынша, ауруға ауру жамай береміз. Қазір облысымызда мұндай жүйені жөндейтін мекеме мен өзге өңірлерден әкелетін жеткізушілер жоқ. Сондықтан, азаматтар сұранысқа ие осындай істермен айналысқандары дұрыс. Ал, адамдар осындай ахуал салдарынан арызданып жатады. 

Мәлике МӘЛІК

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз

  1. Асем Сыргабаева

    «Ана мен баланың» денсаулығы, жағдайы – ең басты мәселе. Перзентхана ешқандай материалдық дүниеге мұқтаж болмай, барлық керек-жарағымен қамтамасыз етілуі тиіс қой. Үкімет тарапынан көңіл бөлінсе екен. Осындай тексеру жұмыстары көп болған дұрыс.

  2. Санеш Тулегенова:

    Перзентхана осындай көңіл бөлініп, тексеріс жұмыстарын жүргізгені өте дұрыс. Әрине, нәтижесі болса игі ғой. Өйткені, «Ана мен сәби саулығы – ұлт саулығы»