ЖИТС: Аурудың алдын алуға бола ма?
Atr.kz/25 қараша, 2019 жыл. Бірінші желтоқсан – бүкіләлемдік жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына қарсы күрес күні. Атаулы күнге орай облыста «Қоғамдастықтардың шешуші рөлі» ұранымен бірқатар іс-шара қолға алынды. Бұл туралы облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығында өткен баспасөз-конференциясында айтылды.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл күн халықаралық, ұлттық және жергілікті деңгейде жұқпалы иммун тапшылығы синдромына қарсы күресте әрекет етуде қауымдастықтар атқарған маңызды рөлді мойындауға мүмкіндік береді.
«Айлық шеңберінде ЖИТС-ке қарсы күрес жұмыстарын насихаттауда біздің орталықта «Ашық есік» күндері өтті. «BAIZAAR», «Атырау» сауда орталықтарында түрлі акциялар қолға алынды. Емдеу-сауықтыру мекемелерінде қызмет ететін жастар денсаулық орталықтарының қызметкерлерімен бірлесіп, университет, колледж студенттері және мектеп оқушыларының ЖИТС-ке білім деңгейін арттыру мақсатында бірқатар шаралар жоспарланды.
Сондай-ақ, колледж студенттері арасында волейболдан турнир және мектеп оқушылары арасында квест ұйымдастырылуда» деді облыстық жұқтырылған иммун тапшылығы синдромына қарсы күрес және алдын алу жөніндегі орталығының бөлім меңгерушісі Бекет Еркінұлы.
Ал, аталмыш орталықтың эпидемиология бөлімінің меңгерушісі Гүлнар Омарованың айтуынша, аймақта биыл он айда 26 адам АИТВ жұқпасымен тіркелген. Облыстағы ең алғашқы жағдай 1993 жылы пайда болды. Содан бері 329 азамат бұл жұқпаға шалдығыпты. Оның 72-сі –шетелдіктер.
«Бұл республикалық рейтинг бойынша аталмыш жұқпаның таралуы негізінде төменгі көрсеткіш болғанымен, бізге «алаңдауға негіз жоқ» деп бейжай отыруға болмайды. Әркім өз саулығы үшін күресіп, ауруды жұқтыру қаупінен алыс болғаны жөн. Сондай-ақ, аталмыш дертке қарсы үгіт-насихат жұмыстарын арттыру қажет. Әрбір азамат ЖИТС орталығына және барлық емханадан арнайы тестіден өтуге болады.
Мұнда кез келген адам анонимді түрде тегін тексеріле алады. АИТВ статусты білудің бірден-бір жолы қанды зертханалық жолмен тексеру болып табылады. Ал, жұқпаны жұқтырғандар дереу дәрігерге қаралып, уақытымен қажетті дәрі-дәрмектерді қабылдауы маңызды» дейді Гүлнар Омарова.