Жарнама
СарапTime

Жетпеген газет үшін  кім жауапты?

Бүгінде өңірлік басылымдар үшін ең өзекті мәселелердің бірі – газет таралымының күрт азаюы мен оқырманға уақытында жеткізілмеуі.

«Газетке жазыламыз, ақысын толық төлейміз, бірақ уақытылы келмейді» деген шағымдарды оқырмандар тарапынан жиі естиміз. Аптасына бір рет шығатын газет межелі күнінде қолына тимесе, оның мазмұны өзектілігін жоғалтады. Мұндай жағдай әуелі оқырманның сенімінен айырылуына себеп болады.

Талқайраң ауылының тұрғыны Марал Әбілғазиеваның айтуынша, ол облыстық «Атырау» қоғамдық-саяси газетіне жазылғанымен, соңғы бір жыл көлемінде газет ауылға жетпеген. Қазірде қаладағы ұлының жұмыс орнына жазылып, сол арқылы оқуға мәжбүр екенін айтып отыр.

– Бұрындары газетке ауылдан жазылатын едік. Бірақ курьерлер газетті Талқайраңға жеткізудің орнына, Томарлы ауылындағы пошта бөлімшесіне ғана әкеліп, әрі қарай тасымалдауға немқұрайлы қарады. Кейде өзіміз барып әкетіп жүрдік. Оны қадағалап, бақылап жатқан пошта қызметі байқалмады. Кім болса да өз ісіне жауапты болуы тиіс қой. Біз де әрдайым барып ала алмаймыз, кейде уақытымыз болмай қалады. Сөйтіп, газеттің мазмұны кешігіп, ескіріп кетеді, — дейді ол.

Газетке жазылу – оқырманның ақпаратқа деген сұранысы мен сенімінің көрінісі. Ал жазылған басылым дер кезінде жеткізілмесе, оқырманға деген құрметсіздік саналады. Ауыл тұрғынының сөзі жеке мәселе емес, бұл – шалғай ауылдарға ақпараттың дер кезінде жетпеуі сынды үлкен түйткілдің бір көрінісі.

Облыстық басылым апта сайын бейсенбі күні уақытылы басылып шығады. Ал, оны тарату «Қазпошта» мекемесімен жасалған келісім-шарт негізінде жүзеге асады. Алайда негізгі мәселе – жазылушыға уақытында жеткізілмеуі. Бұл – шешуді қажет ететін басты түйткілдердің бірі.

Мерзімді басылымды жеткізумен айналысатын «Қазпошта» АҚ облыстық филиалы бұл бағыттағы қиындықтардың себебін бұған дейін курьерлердің жетіспеушілігі, жалақының төмендігі және жұмыс жүктемесінің ауырлығымен түсіндіріп келген еді. Алайда жуырда филиал директорының орынбасары Гүлсім Баязитова бұл мәселеге қатысты нақты мәліметтермен бөлісті.

Оның айтуынша, қазір өңірде филиалда кадр тапшылығы жоқ. Облыс бойынша 200-ден астам курьер жұмыс істейді. Қаладағы курьерлер «Қазпошта» филиалымен тікелей келісім-шарт негізінде жұмыс істесе, аудандық деңгейдегі қызметкерлер жергілікті мансап орталықтары арқылы келісім-шартқа отырады. Барлық курьер атқарылған жұмыс көлеміне қарай еңбекақы алады. Мәселен, бір газет үшін 12 теңге төленеді. Бір күнде кейбір курьер 15 газет таратса, енді бірі 5 газет жеткізеді. Сол себепті тек газетпен шектелу табыс әкелмейді. Курьерлер қосымша табысты хаттар мен шұғыл жеткізілімдер арқылы табады. Көпшілігі бірнеше көшені қатар қамтып, жұмыс көлемін арттырып отыр.

– Соңғы жылдары газетке жазылушылар саны азайып барады. Қазір басылымдарға негізінен зейнеткерлер мен мекеме қызметкерлері ғана жазылады. Жаңа тұрғын үй кешендерінде пошта жәшіктері орнатылмаған, ал оларды орнату үшін пәтер иелерінің кооперативі арнайы шешім қабылдауы тиіс. Өйткені, кеңес заманынан қалған үйлерде пошта жәшіктері әлі де сақталған. Оған қоса, кейбір тұрғындар есігін ашпайды, домофонға жауап бермейді, тіпті көршілер де бұрынғыдай көмектесуге құлықсыз. Курьерлер кейде мекенжайға барып тұрса да, пәтерге кіре алмай кері қайтуға мәжбүр болады. Кейбір клиенттер курьерге алдын ала хабарласып, үйде болмайтынын ескертіп жатады. Курьерлердің еңбегі ескерусіз қалмайды. Кәсіподақ тарапынан қызметкерлер ақшалай болмағанымен, алғыс хаттар мен сыйлықтармен ұлығыланып отырады. Алайда, қаржылай қолдау әзірге қарастырылмаған, — дейді Гүлсім Жоламанқызы.

«Атырау-Ақпарат» ЖШС стратегиялық даму және ұйымдастыру бөлімінің бас маманы Жаңылсын Дәулетованың айтуынша, баспаханадан түнде басылып шыққан соң газет «ГАЗель» көлігі арқылы «Қазпоштаға» жеткізіледі.

– Осы сәттен бастап әрі қарайғы тарату «Қазпоштаның» міндетіне жатады. Алайда, «Қазпоштаның» тарату қызметі өте нашар. Бұл мәселені біз жыл сайын көтеріп келеміз. «Қазпошта» қызметкерлерімен бірлесіп жиналыстар өткізіп жүрміз, оған өзіміз де қатысамыз. Оқырмандардан газет кешігіп жететіні туралы шағымдар көп түседі. Тіпті, бізге тікелей хабарласып жататындар да бар. Олардың өтініші бойынша «Қазпоштаға» ақпарат беріп, нақты мекенжайларын, телефон нөмірлерін ұсынып, өзара байланыс орнатуға көмектесіп отырамыз. Мақсат – оқырман мен пошта қызметкері арасында кері байланыс орнату. Кейде оқырман үш-төрт ай бойы ала алмаған газеттерін жинақтап, бірден апарып береміз. Тіпті, үйлеріне жеткізіп те жатамыз, — дейді Жаңылсын Қаттарқызы.

Әр елде газет таратудың өзіндік тиімді тәсілдері қалыптасқан. Мысалы, Жапонияда пошта арқылы газет тарататын жекеменшік құрылымдар бар, олар нақты уақытты сақтай отырып, сапалы қызмет көрсетеді. Бұл ұйымдар мемлекет тарапынан арнайы лицензиямен реттеліп отырады. Германияда болса, басылымдардың басым бөлігі электронды түрде таратылады, алайда зейнеткерлер үшін аптасына бір рет қағаз нұсқасын курьер арқылы жеткізу жүйесі сақталған. Ал Францияда «тарату күні» ұйымдастырылып, мерзімді басылымдар ірі супермаркеттер мен мектептерде тегін үлестіріледі. Бұл – оқырман назарын арттыру мен жарнама тартудың тиімді жолы. Осы тәсілдер әр елдің ақпарат тарату жүйесін жетілдіруге және халыққа қолжетімді етуге бағытталған.

Алмас ҚАБДОЛ

* Сіз не дейсіз?

Төлеген ЖАҢАБАЙ,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің Құрметті профессоры, Қазақстанның Құрметті жазушысы:

Газет – қоғамның айнасы, оқырман – оның жүрегі

– Жылдың басында газетке жазылу науқанын алдын ала ойластырып, жүйелі түрде ұйымдастыру қажет. Бұл – бұрыннан келе жатқан, алайда үнемі кейінге қалып, кенже тартып жүрген мәселе. Қазір бұрынғыдай күшпен жаздыру жоқ, бұл дұрыс. Дегенмен, халықты ақпараттандыру, еске салу жұмыстары жеткіліксіз жүргізіліп отыр.

Әсіресе жергілікті жерде – ауылдық округтер мен әкімдіктер деңгейінде бұл жұмыс тиісті деңгейде қолға алынбай отыр. Мысалы, «Атырау» газетінің биылғы бірінші жартыжылдықтағы жазылым көрсеткіші бастапқыда бес мыңнан асса, қазір үш мыңның маңайына дейін күрт төмендеп кеткен. Бұл – жұрттың жазылғысы келмегенінен емес, көбінесе ұмытып кетуінен, дер кезінде ескертілмеуінен.

Осы орайда жергілікті әкімдіктер, ауылдық округтер және белсенді азаматтардың ролі өте маңызды. Олар халыққа газетке жазылу жөнінде ақпарат беріп, қажетті түсіндіру жұмыстарын жүргізуі тиіс. Бұл міндет тек «Атырау-Ақпарат» ЖШС ғана емес, жергілікті атқарушы органдарға да тікелей байланысты. Әрбір ауыл, әр мекеме өзінің аумағындағы тұрғындармен жұмыс істеуі керек. Қалада да мекеме-ұйымдар мен тұрғындар арасында үгіт-насихат шаралары жүргізілуі қажет.

Газетке жазылу мәселесі халықтың ниетінің жоқтығынан емес, жүйелі еске салудың болмауынан туындап отыр. Сондықтан бұл үдерісті алдын ала бастау, нақты жоспар түзу, мерзімінде ескерту – маңызды қадамдар. Өзіміздің басылымдарда да жазылу науқанына қатысты хабарландырулар дер кезінде жарияланып тұруы керек. Қазіргідей тек соңына таман емес, жазылу мерзімі басталған бетте нақты, мазмұнды түрде берілгені жөн.

Газетке жазылуды ынталандырудың қосымша жолдарын да қарастыру керек. Мысалы, былтыр лотерея, байқау сияқты шаралар ұйымдастырылып, жақсы нәтиже бергені есімізде. Осындай бастамаларды биыл да жалғастыру қажет. Бұл – халықты қызықтыру мен тартудың тиімді жолдарының бірі.

Сонымен қатар, газет мазмұнына да ерекше мән беру керек. Соңғы уақытта моральдық, тәрбиелік бағыттағы мақалалар, әңгімелер, фельетондар мен сын материалдар сиреп кетті. Бұл – оқырман назарын аудартатын, қызығушылығын арттыратын негізгі дүниелер. Сондықтан газетте осындай өткір, өзекті материалдардың жиі жарияланып тұруы маңызды. Бұл да өз кезегінде оқырман санын көбейтуге ықпал етеді.

Қорыта айтқанда, газетке жазылу – тек редакцияның ғана емес, бүкіл қоғамның, жергілікті билік пен белсенді азаматтардың ортақ міндеті. Жазылымды арттыру үшін жүйелі жұмыс, жан-жақты қолдау және сапалы мазмұн қажет.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button